Мамандықты немесе мансап бағытын сәтті өзгерту адамның тәжірибесі мен кәсіби біліктілігіне ғана байланысты емес.
Америкалық ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, кәсіби өзгерістерге бейімделу қабілетін де физикалық дайындық секілді біртіндеп дамытуға болады. Ол үшін адам үш негізгі дағдыны – өзін жаңа қырынан таныта білуді, белгісіздік кезеңінен өтуді және айналасындағы адамдардың қолдауына сүйенуді үйренуі керек.
Бұл тұжырымды Джордж Мейсон университеті Костелло бизнес колледжінің доценті Сара Уиттман әріптестері Бетани Кокберн және Эми Колбертпен бірге әзірлеген. Зерттеушілер бұл қабілеттерді шартты түрде «өтпелі кезең бұлшықеттері» деп атайды.
Ғалымдардың айтуынша, қазіргі еңбек нарығында бір мамандықпен өмір бойы жұмыс істеу үлгісі біртіндеп өзгеріп келеді. Адам еңбек жолында бірнеше рет кәсібін ауыстыруы, бұрынғы саласына қайта оралуы, басқа қалаға көшуі немесе бір мезгілде бірнеше кәсіби рөлді қатар алып жүруі мүмкін. Мұндай өзгерістердің әрқайсысы белгілі бір қиындық туғызғанымен, келесі бетбұрысқа бейімделуге көмектесетін тәжірибе де жинақтайды.
Өзіңізді жаңа қырынан таныта білу
Зерттеушілер бірінші дағдыны кәсіби болмысты қайта қалыптастырумен байланыстырады. Мамандық ауыстырған адам бұрынғы тәжірибесін жоққа шығармай, оны алдағы мақсатына бейімдеп, өзі туралы жаңа кәсіби түсінік қалыптастыра білуі керек.
Бұл түйіндемені жаңартумен ғана шектелмейді. Адам өзінің кәсіби бейнесін, өзін өзгелерге қалай таныстыратынын және араласатын ортасын да қайта қарауы мүмкін.
Сара Уиттманның пікірінше, кәсіби байланыстарды адамның қазіргі қызметіне ғана емес, болашақта кім болғысы келетініне қарай да қалыптастырған жөн. Жаңа орта адамның таңдаған бағытының қаншалықты дұрыс екенін бағалауға және айналасындағылардан шынайы пікір алуға мүмкіндік береді.
Белгісіздікке төтеп беру де – дағды
Екінші маңызды қабілет – бұрынғы кәсіби рөл аяқталып, жаңасы әлі толық қалыптаспаған кезеңді еңсере білу. Ғалымдар мұндай аралық күйді «лиминалдық» деп атайды.
Ол тек жұмыстан шыққанда немесе мамандық ауыстырғанда ғана кездеспейді. Басқа қалаға көшкен, оқуын жаңадан бастаған немесе ата-ана атанған адамдар да осындай өтпелі кезеңнен өтуі мүмкін.
Зерттеушілер мұндай жағдайда адамның бұрын басынан өткерген өзгерістерін еске түсіріп, сол кезде қандай қасиеттерінің көмектескенін саралауға кеңес береді. Күнделік жүргізу, ескі хаттар мен хабарламаларды оқу немесе өмірінің сол кезеңінде жанында болған адамдармен сөйлесу де пайдалы болуы мүмкін.
Мұндай талдау адамға белгісіздікпен бұрын да бетпе-бет келгенін және оны еңсере алғанын түсінуге көмектеседі.
Қолдау көрсететін орта маңызды
Үшінші дағды адамның әлеуметтік ортасына байланысты. Мансаптағы бетбұрыс кезінде тәлімгерлердің, достардың, әріптестердің және жақын адамдардың қолдауы ерекше маңызға ие.
Олар адамның мықты қырларын сырт көзбен бағалап, жаңа кәсіби бағытты қалыптастыруына көмектесе алады. Ғалымдар пікірінше, мұндай қолдау біржақты болмауы да мүмкін. Өзі күрделі өтпелі кезеңнен өткен адам кейін дәл сондай жағдайға тап болған басқа біреуге тірек бола алады. Осылайша өзара қолдауға негізделген орта қалыптасады.
Мансаптағы өзгеріске дағдарыс басталмай тұрып дайындалуға болады
Зерттеушілер бірдей жағдайға тап болған адамдардың өзгерісті әртүрлі қабылдайтынын да атап өтеді. Себебі әр адамның өмірлік тәжірибесі, өзі туралы түсінігі және әлеуметтік ортасы бөлек. Сондықтан мамандық ауыстырудың барлығына бірдей сәйкес келетін әмбебап жол жоқ.
Зерттеудің негізгі қорытындысы – мансаптық икемділікті алдын ала дамытуға болады. Ол үшін жұмыстан қысқаруды, кәсіби дағдарысты немесе мамандық ауыстыру қажеттігін күтудің қажеті жоқ. Адам әр өзгеріске бейімделген сайын, өзін жаңа қырынан танып, белгісіздікпен жұмыс істеуді және қажетті қолдауды табуды үйренеді. Ал мұндай тәжірибе келесі кәсіби бетбұрысқа дайындық бола алады.