Қазіргі таңда тізерлеп отырып, сүйіктісіне гауһар тасы бар сақинамен ұсыныс жасау қалыпты көрініске айналды. Тіпті көпшілік үшін дәл осы асыл тас махаббат пен шынайы сезімнің символына айналғандай. Алайда қазақ дәстүрінде жігіттің қызға жеке сөз салып, сақина сыйлау рәсімі болмаған. Ендеше, ұсыныс сақинасына неге дәл гауһар таңдалады және оның «мәңгілік махаббаттың» символына айналуына не әсер етті? El.kz тілшісі этнограф, психолог, зергер және жастардың пікірін сұрап көрді.
Қазақта қызға қалай сөз салған?
Бүгінде үйлену туралы ұсыныс – ең алдымен екі адамның арасындағы жеке шешім. Ал дәстүрлі қазақ қоғамында неке мәселесіне екі жаспен қатар, олардың отбасы мен әулеті де араласқан.
Этнограф Ернұр Сағатбектің айтуынша, қазақ тұрмысында жігіттің қызға оңаша сөз салып, сақина сыйлағаны туралы дерек кездеспейді. Жігіт өз ниетін білдіргеннен кейін үлкендер қыздың шыққан тегі мен әулетіне мән берген. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген қағиданы ұстанып, екі жақ бір-бірінің жөн-жосығын біліп, кейін құда түскен.
Құдалықтан кейін қыздың айттырылғанын білдіретін белгінің бірі сырға болған. Құда түскен тарап қызға сырға таққан. Дегенмен этнограф бұл рәсімнің нақты қай кезеңде қалыптасқанын және неліктен дәл сырға таңдалғанын анықтау қиын екенін атап өтті.
Қазақ дәстүрінде әшекейге қазіргі түсініктегідей нақты талап қойылды деуге негіз жоқ. Әр отбасы өзінің жағдайы мен дәулетіне қарай әрекет еткен. Сондықтан оның бағасынан бұрын қандай мағына білдіретіні маңызды болған, – дейді Ернұр Сағатбек.
Ал қазір кең тараған сақинамен сөз салу дәстүрінің қазақ қоғамына нақты қашан енгені белгісіз. Этнографтың болжамынша, бұл рәсім өзге мәдениеттердің ықпалымен қалыптасуы мүмкін. Соның ішінде үйленуге ұсыныс жасағанда міндетті түрде гауһар тасты сақина сыйлау қазақтың байырғы дәстүрінде болмаған.
Тізерлеп отырып сөз салу да кейін қалыптасқан үрдістердің бірі. Бүгінде мұндай ұсыныстар жастар арасында, әсіресе әлеуметтік желіде жиі көрінгенімен, этнограф оны қазақ қоғамына толық сіңген дәстүр деп бағаламайды.
Әр ұлттың өзіндік дүниетанымы мен болмысы бар. Өзге халықтан жақсы дүниені алуға болады. Бірақ оның ұлттық болмысымызға қаншалықты сәйкес келетінін де ескерген жөн, – дейді этнограф.
Гауһар тас қалай махаббаттың символына айналды?
Гауһар тастың неке мен махаббаттың белгісіне айналуының өзіндік тарихы бар. Мұндай асыл таспен көмкерілген неке сақиналары Еуропада бірнеше ғасыр бұрын да болған. Алайда оның кеңінен танылып, үйленуге ұсыныс жасаумен тығыз байланысуына ХХ ғасырдағы жарнама индустриясы айтарлықтай әсер етті.
Бұл үдерісте De Beers компаниясының рөлі ерекше. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында соғыс пен экономикалық дағдарыстар салдарынан асыл тастарға сұраныс төмендеген кезде компания АҚШ-тағы N.W. Ayer жарнама агенттігімен жұмыс істей бастайды. Гауһар тас енді жай ғана қымбат әшекей емес, шынайы сезім мен берік некенің белгісі ретінде насихатталды.
Жарнамада үйленуге ниетті ер адамның сүйіктісіне гауһар тасты сақина сыйлауы романтикалық қадам ретінде көрсетілді. Бұл бейнені көпшілікке кеңінен танытуға Голливуд та ықпал етті. Танымал тұлғалардың сақиналары басылым беттерінен жиі көрініп, гауһар тас бірте-бірте сөз салумен байланыстырыла бастады.
1947 жылы N.W. Ayer агенттігінің копирайтері Фрэнсис Герети әйгілі «A Diamond is Forever» – «Гауһар тас – мәңгілік» ұранын ұсынды. Осылайша гауһар тастың беріктігі мәңгілік махаббаттың белгісі ретінде көрсетіле бастады.
Нұр-Мүбарак университетінің аға оқытушысы, психолог, PhD докторанты Шұғыла Дуанаеваның сөзінше, мұндай тәсілдің әсері адамның белгілі бір затты эмоциямен байланыстыруында жатыр.
De Beers тұтынушыға жай ғана әшекей ұсынған жоқ. Гауһар тасты «мәңгілік» ұғымымен байланыстыру арқылы оған эмоционалдық мән берді. Мұндай ой ұзақ уақыт бойы қайталана берсе, адам оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, кейін өзінің жеке құндылығы деп санауы мүмкін, – дейді психолог.
Сөйтіп, гауһар тастың бүгінгі мәртебесіне оның табиғи қасиеттерімен қатар, ондаған жыл бойы қалыптасқан мәдени бейне де әсер етті. Жарнама мен кино арқылы тараған бұл түсінік кейін әлеуметтік желілерде жалғасын тауып, гауһар тасты сақина үйленуге ұсыныс жасаумен байланысты белгілердің біріне айналды.
Гауһар тас несімен бағалы?
Алмаз – табиғатта түзілетін минерал. Оны зергерлік мақсатта арнайы қырлап, өңдегеннен кейін гауһар тас деп атайды. Алайда оның ұсыныс сақиналарында кең таралуын тек маркетингпен байланыстыруға болмайды. Бұл тастың зергерлік бұйымға қолайлы өзіндік қасиеттері де бар.
Астанадағы Мәскеу зергерлік үйінің кеңесшісі Яна Кортавенконың айтуынша, үйленуге ұсыныс жасауға сақина іздейтін жігіттердің көбі әлі де гауһар тасы бар нұсқаларға басымдық береді.
Алмаз – табиғаттағы ең қатты минералдардың бірі. Өңделіп, қырланғаннан кейін ерекше жарқырайды. Беріктігі жоғары болғандықтан, күнделікті тағуға да қолайлы. Осындай қасиеттері гауһар тасты зергерлік бұйымдарда сұранысқа ие етті, – дейді Яна Кортавенко.
Гауһар тастың бағасы тек көлеміне байланысты емес. Оның құнына төрт негізгі көрсеткіш – карат салмағы, түсі, тазалығы және қырлау сапасы әсер етеді. Ал дайын сақинаның бағасын металдың түрі мен салмағы, зергер жұмысының күрделілігі де айқындайды. Сондықтан сырттай ірі көрінетін тас міндетті түрде ең қымбат немесе сапалы бола бермейді.
«Алмаз өте сирек кездесетін тас» деген түсінікке де маман біржақты қарамауға кеңес береді.
Жалпы алмаз минералы мен зергерлік сападағы алмазды ажырата білу керек. Өндірілген шикізаттың барлығы бірдей гауһар тас жасауға жарамайды. Оның белгілі бір бөлігі ғана зергерлік талаптарға сай келеді. Сондықтан сапалық көрсеткіштері жоғары тастардың құны да қымбат болады, – дейді маман.
Бүгінде табиғи гауһар таспен қатар зертханада өсірілген түрлері де бар. Олардың негізгі айырмашылығы – пайда болу жолында. Табиғи алмаз жер қойнауындағы табиғи процестер нәтижесінде қалыптасса, зертханалық түрі арнайы технология арқылы өсіріледі.
Ал үйленуге ұсыныс жасағанда міндетті түрде гауһар тасты сақина таңдау шарт емес.
Қыздың талғамы мен қалауына қарай басқа тастарды да таңдауға болады. Қазір әртүрлі бюджетке сай әдемі әрі сапалы нұсқалар бар. Ең маңыздысы – тастың атауы немесе сақинаның бағасы емес, оның болашақ иесіне ұнауы, – дейді Яна Кортавенко.
Неге қымбат сақинаны үлкен махаббатпен байланыстырамыз?
Сақинаның бағасы мен гауһар тастың көлеміне ерекше мән беретіндер аз емес. Тіпті кейде қымбат сақина үлкен махаббаттың белгісі ретінде қабылданып жатады.
Психолог Шұғыла Дуанаева мұның бірнеше себебі бар екенін айтады. Адам өміріндегі маңызды сәттерді белгілі бір затпен байланыстырып, оны естелік ретінде сақтауға бейім. Үйленуге ұсыныс жасағанда сыйланған сақина да осындай мәнге ие болады. Ал оның қаншалықты қымбат әрі бағалы болуы керектігі туралы түсінікке жарнама мен айналадағы адамдардың пікірі де ықпал етеді.
Кейде сақинаның бағасы мен көлеміне қарап, адамның сезіміне баға беріп жатамыз. Оны өзгелердікімен салыстыру да бар. Жарнамада да үлкен әрі қымбат сақина зор махаббаттың белгісі ретінде көрсетіледі. Осындай түсініктердің әсерінен сақина таңдау адамның жеке қалауынан гөрі қоғам күткен талапқа айналуы мүмкін, – дейді Шұғыла Дуанаева.
Адамның қаншалықты жақсы көретінін сақинаның бағасымен өлшеу мүмкін емес. Дегенмен оның бағасын, гауһар тастың көлемін немесе брендін салыстыру әлдеқайда оңай. Осыдан қымбат сыйлықты үлкен сезіммен байланыстыру түсінігі қалыптасуы мүмкін. Психологтың сөзінше, сақинаның бағасы мен қарым-қатынастың беріктігі арасында тікелей байланыс жоқ.
Бұған әлеуметтік желі де әсер етіп отыр. Бұрын үйленуге ұсыныс жасау екі адамның арасында қалатын ерекше сәт болса, қазір оны фото-видеоға түсіріп, көпшілікпен бөлісу қалыпты жағдайға айналды.
Қазір өзгеге көрсетуге мән беретіндер көбейді. Адам кейде өзінің қарым-қатынасына емес, оның сырт көзге қалай көрінетініне көбірек назар аударуы мүмкін. Әлеуметтік желіден өзгенің сақинасын үнемі көрген соң, еріксіз өзін басқалармен салыстырады. Соның салдарынан екі адамның арасындағы қарым-қатынастан бұрын оның сыртқы көрінісіне мән берілуі мүмкін, – дейді психолог.
Мұндай салыстыру жақын ортада да кездеседі. Мәселен, қыз өз сақинасын құрбысының сақинасымен салыстырып, «мені жеткілікті бағаламады» деп ойлауы мүмкін. Бұл серігіне деген өкпе мен ренішке ұласуы ықтимал.
Кейде қымбат сақинаға деген ұмтылыс адамның қаржылық мүмкіндігінен де асып кетеді. Қаражаты жетпесе де, несие рәсімдеп немесе қарыз алып сақина сатып алу – соның бір көрінісі.
Мұндай жағдайда несие алу тек қаржыға байланысты шешім болмай қалады. Адамды «өзгелерден кем көрініп қалмаймын ба?» деген ой мазалауы мүмкін. Егер жұп бір-біріне немесе айналасына бірдеңе дәлелдеу үшін қаржылық тәуекелге барса, мұның салдары кейінгі отбасылық өмірге де әсер етуі ықтимал, – дейді Шұғыла Дуанаева.
«Дәл өзім армандаған сақина еді»
Ал гауһар тасты сақинаны армандаған қыздың өзі не дейді? Айжан Әденге жолдасы Фархад 2025 жылдың тамызында Астанадағы ғимараттардың бірінің шатырында ұсыныс жасаған. Бұл кезде екі жақ тойды қазан айында өткізуге келісіп қойғандықтан, Айжан енді арнайы ұсыныс болмайтын шығар деп ойлаған.
Бір күні Фархад оны досының туған күніне барамыз деп шақырып, әдемі киініп шығуын сұрайды. Алайда туған күннің орнына қаланың көрінісі ашылатын шатырға алып барып, сонда ұсыныс жасаған.
Айжан ұсыныстың ерекше болғанын қалайтынын бұрыннан айтып жүрген. Теңіз жағасы немесе әуе шарында сөз салынғанын армандаған. Жолдасы оның сақинаға қатысты талғамын да жақсы білген. Айжан сары алтыннан гөрі ақ алтынды, ал тастардың арасынан гауһар тасты ұнататын.
Бірге дүкен аралаған кездерінде ол көңілінен шыққан сақинаны да көрсеткен. Оның бағасы арзан болмағандықтан, бюджетке қарай басқа нұсқаны қарастыруға дайын екенін айтқан. Біраз уақыттан кейін Фархад әлгі сақинаның сатылып кеткенін жеткізеді. Айжанның көңілі түседі. Сөйтсе, Фархад сақинаны алдын ала өзі таңдап, сатып алған және ұсыныс жасайтын күнге дейін сүйіктісінен жасырып жүрген.
Оны алғаш көргенде қатты толқыдым. Себебі сақина мен қалаған бұйымға жай ғана ұқсас емес, дәл өзім армандаған сақина еді. Оның менің қалауымды есте сақтап, соған мән бергені ерекше әсер етті. Бұл – өмір бойы тағып жүретін естелігім, отбасылық өміріміздің символы, – дейді Айжан.
Айжан өзі үшін ұсыныс сақинасында гауһар тас болғаны маңызды екенін жасырмайды.
Қарапайым алтын сақинаны қыз өзі де сатып ала алады. Ал сүйіктіңнен алғаш рет сыйлыққа алған гауһар тасты сақина басқа эмоция сыйлайды. Мен үшін ол ерекше естелікке айналды. Сондықтан жеке өзім ұсыныс сақинасында гауһар тас болғанын қаладым, – дейді ол.
Дегенмен оның айтуынша, мәселе белгілі брендте немесе сақинаның барынша қымбат болуында емес. Айжан үшін дизайны, қолға жарасуы және тастың әдемі көрінуі маңыздырақ болған.
Айжан үшін сақинаның бағасынан бұрын Фархадтың оның қалауын ескергені маңызды болған.
Басқа сақинамен ұсыныс жасаса да, әрине, қабылдар едім. Бірақ дәл өзім армандаған сақинаны көргендегі әсер бөлек болды. Жолдасымның менің қалауымды ескеріп, арманымды орындауға тырысқаны мен үшін құрметтің белгісі болды, – дейді Айжан.
Сондықтан Айжан жігіттерге сақина сатып алар алдында қыздың талғамын біліп алуға кеңес береді. Қандай алтынды ұнатады, қандай дизайн мен тасты қалайды – осының бәрін ескеру ұсынысты одан әрі ерекше ете түседі.
«Сезімді затпен өлшеуге болмайды»
25 жастағы Ерен Маңғазов әзірге үйленуді жоспарлап жүрген жоқ. Дегенмен болашақта сүйіктісіне сөз салар болса, сақинаны оның талғамына қарай таңдар еді. Ол үшін қыздан тікелей сұрағаннан гөрі, қарым-қатынас барысында нені ұнататынын байқап-білген дұрыс.
Қандай дизайн, қандай сақина ұнайтынын әңгіме арасында біртіндеп біліп алар едім. Кейін соған сай сақина таңдап, тосынсый жасаған дұрыс деп ойлаймын, – дейді Ерен.
Оның пікірінше, үйленуге ұсыныс жасағанда міндетті түрде гауһар тасты сақина сыйлау шарт емес. Өйткені әр адамның талғамы әртүрлі.
Біреу алтынды, енді бірі күмісті немесе басқа тасы бар әшекейді ұнатуы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде гауһар тас болуы керек деген түсінікпен келіспеймін. Бастысы – сүйіктіңнің талғамын білу, – дейді ол.
Ерен сақинаға қанша қаражат жұмсау керектігін алдын ала белгілеуді де құптамайды. Дегенмен сүйіктісі қымбат сақинаны ұнатса, мүмкіндігіне қарай оның қалауын орындауға тырысар еді.
Сақинаға міндетті түрде бір немесе екі айлық жалақы жұмсау керек деген қағидаға байланып қалмас едім. Бірақ сүйіктім ұнатқан сақина бірнеше айлық табысыммен тең болса да, мүмкіндігім жетсе, алып беруге тырысар едім. Мен үшін бағасынан бұрын оның сүйікті адамыма ұнағаны маңызды, – дейді Ерен.
Ал сақинаның көлемі мен бағасын махаббаттың көрсеткіші деп санауға ол қарсы.
Сезімді затпен өлшеуге болмайды. Сақинаның бағасы маңызды болуы мүмкін, бірақ одан да маңыздысы – оның сүйіктіңе ұнауы және сол сәттің екеуің үшін есте қалуы, – дейді Ерен.
Сақина емес, ниет маңызды
Гауһар тасты сақинаның махаббаттың белгісіне айналуына оның табиғи қасиетімен қатар, жарнама, кино және кейін әлеуметтік желі де әсер етті. Дегенмен сақинаға әр адам әртүрлі мән береді. Біреу үшін оның бағасы мен көлемі маңызды болса, енді бірі сүйіктісінің талғамын ескеріп, көңілінен шығуды жоғары қояды.
Этнограф Ернұр Сағатбек ұсыныстың қалай жасалғанынан гөрі, одан кейінгі отбасылық өмірге дайын болу маңызды екенін айтады.
«Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Әркім өз мүмкіндігіне қарай шешім қабылдағаны дұрыс. Ұсынысты ерекше өткізуге тырысқанмен, одан кейінгі жауапкершілікті де ұмытпау керек. Сақинадан да қымбат нәрсе – қадірлі махаббат, – дейді этнограф.
Сақинаның бағасы сезімнің беріктігін анықтамайды. Уақыт өте оның қанша тұрғанынан гөрі, кімнің қандай ниетпен сыйлағаны маңызды болып қалуы мүмкін. Ал «мәңгілік» деген ұғымды гауһар тастың өзінен емес, екі адамның бір-біріне деген құрметі мен жауапкершілігінен іздеген жөн.