Қазақстандық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Бейжіңде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы China Open турниріндегі сенсациялық жеңілісінен кейін жағдайына қатысты пікір білдірді.
Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастап, Армения атынан өнер көрсететін әлемнің 118-ракеткасы Алина Чараевамен кездесті.
Қазақстандық теннисші алғашқы сетті 6:3 есебімен жеңіп, матчты сәтті бастаған. Алайда екінші партияда Чараева 6:4 есебімен басым түсті. Шешуші үшінші сетте де армениялық спортшы 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, 2 сағат 12 минутқа созылған кездесу 6:3, 4:6, 3:6 есебімен аяқталып, Рыбакина Бейжіңдегі турнирді алғашқы матчынан кейін аяқтады.
Кездесу барысында Елена үш эйс жасап, жеті рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ қарсыласының сегіз брейк-пойнтының үшеуін қайтара алды.
Матчтан кейін Рыбакина US Open турниріндегі жеңістен соң толыққанды демалып, қалпына келуге уақыт болмағанын айтты.
«Бүгін кортта өте қиын болды. US Open-дегі жеңістен кейін көптеген оқиға болды, дұрыс ұйықтап, қалпыма келуге іс жүзінде уақыт болмады. Алинаны құттықтаймын, ол керемет матч өткізді. Ойынның соңына қарай табанымнан аздап жайсыздық сезіндім. Сондықтан қалпыма келу үшін үзіліс жасап, алдағы апталардың кестесін қарауым керек», – деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші әзірге бір апта демалуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Қазір бір апта демаламын. Аяғым толық қалпына келіп, 2026 жылғы маусымды аяқтау үшін қалған турнирлерде ойнай аламын деп үміттенемін», – деді ол.
Ал сенсациялық жеңіске қол жеткізген Алина Чараева әлемнің бірінші ракеткасына қарсы ойында соңына дейін өз мүмкіндігіне сенгенін атап өтті.
«Шынымды айтсам, сөз табу қиын. Әлемнің бірінші ракеткасы Еленаны жеңу – мен үшін керемет тәжірибе. Эмоциямды бақылап, үздік теннисімді көрсете алғаныма қуаныштымын. Жағдайды өзгерте алатыныма бір сәт те сенуден қалған жоқпын. Егер бар мүмкіндігімді көрсетсем, күресе алатынымды білдім», – деді Чараева.
Бұл Рыбакинаның US Open-2026 турнирінен кейінгі алғашқы кездесуі еді. АҚШ-тағы «Үлкен дулыға» жарысында чемпион атанған қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің бірінші сатысына көтерілген.
Рыбакина кәсіпқой теннистегі мансабын 2016 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде ол 14 WTA титулын жеңіп алды. Оның ең ірі жетістіктерінің қатарында Уимблдон-2022, 2025 жылғы WTA қорытынды турнирі, Australian Open-2026 және US Open-2026 чемпиондықтары бар.
Қазіргі уақытта Рыбакина әлемдік рейтингте Беларусь өкілі Арина Соболенкодан 2211 ұпай алда келеді. Дегенмен маусым соңына дейін өтетін турнирлер рейтингтегі жағдайға әсер етуі мүмкін.
Бейжіңдегі WTA 1000 турнирінің жалпы жүлде қоры 9,415 миллион долларды құрайды. Жарыс жеңімпазы 1,151 миллион доллар және 1000 рейтингтік ұпай иеленеді.