Жаңалықтар

Мәдениет саласының үздік 1500 қызметкері ведомствалық наградамен марапатталды

Мәдениет саласының үздік 1500 қызметкері ведомствалық наградамен марапатталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 21.05.2024 19:06 508

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған еңбек сіңірген өнер және мәдениет қайраткерлері, сала қызметкерлері мен ардагерлер қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, жоғары нәтижелері мен адал еңбектері үшін алғыс білдірді.

Министр Мемлекет басшысы саланы қарқынды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті.

Президент Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимаратын жүз жылдық мерейтойы қарсаңында толық реконструкция жасауды тапсырды.

2013 жылы елордадағы Опера және балет театры республикалық «Астана Опера» мемлекеттік театрына ауысқанда КСРО Халық әртісі атанған Күләш Байсейітованың есімі сақталып қалған жоқ. Оның есімін ұлықтау мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне әйгілі әншінің есімі беріледі. Өткен жылы Президент жарлығымен Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театры мен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілді. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жоғары мәртебені тағы үш жетекші музейге, атап айтқанда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, Орталық мемлекеттік музейі мен Ұлттық музейге берілетінін айтты. Аталған музейлер ондаған жылдар бойы өздерінің ағартушылық миссиясынан таймай, ауқымды жұмыс атқарды. Мемлекет басшысының аталған шешімдері саланың одан әрі қарқынды дамуына тың серпін береріне сенімдімін, – деп атап өтті Аида Балаева.

Биыл 8 республикалық мәдениет және өнер ұйымы өз мерейтойларын атап өтуде.

Мәселен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы, Қазақстандағы тұңғыш Абай атындағы Мемлекеттік республикалық ұлттық опера және балет театры, әлемдегі жалғыз Қ. Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, сондай-ақ Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне 90 жыл толды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы 80 жылдық мерейтойын, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты 60 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің құрылғанына биыл 10 жыл толды.

Әрине, аталған ұйымдар жеткен жетістік қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасы. Осы ұйымдарда жұмыс істейтін бірқатар мәдениет қайраткерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Аида Балаева саланың үздік 50 өкіліне «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етті.

Жалпы, кәсіби мереке құрметіне Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградалары саланың 1500 қызметкеріне табысталды.

Салтанатты шараға қатысушылар үшін «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға