Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет пен өнер – ұлттық болмыстың іргетасы

21.05.2025 12:46 286

«Мәдениеті биік ел – рухы биік ел» деген сөздің мағынасы бүгінгі күні, тіпті терең сезіледі. Қазақстанда жыл сайын 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Бұл — сахна мен галереядан бастап, архив пен ауыл клубына дейінгі кең кеңістікте еңбек етіп жүрген 58 мыңнан астам мәдениет маманына көрсетілетін лайықты құрмет көрсететін күн.

Мәдениет инфрақұрылымы: ауқымы мен ахуалы

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 7 600 мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамына 3 890 кітапхана, 57 театр, 275 музей, 231 архив, 2 994 мәдениет үйлері мен клубтар, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк кіреді.

Бұл салада 58 000-нан астам маман қызмет етеді. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Сонымен қатар, 2024 жылы 255 жаңа мәдени нысан салынды, 45 нысан жөндеуден өтті, ал 2025 жылы тағы 250 нысанның құрылысы мен 51 жөндеу жұмысы жоспарланған. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәліметі.

Мәдениет саласы тек ішкі рухани тірек емес, елдің халықаралық беделінің айнасы десек қателеспейміз. Былтыр Қазақстан әлемдік аренада өзін жоғары деңгейде көрсете білді. Айталық, Венециядағы 60-шы биеннале көрмесінде тұңғыш рет Қазақстан павильоны ашылып, отандық суретшілердің туындылары ұсынылды.

Францияның Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы даланың жауһарлары» атты тарихи көрме өтті. Қытайдың Тяньцзинь қаласында «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі ұйымдастырылды. Сол сияқты, түркі елдерінде қазақ киносының күндері өтіп, «Қазақ хандығы», «Дос-Мұқасан» сияқты фильмдер көрсетілді, - жауапты ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан мәдениеті күндері Тәжікстан мен Түрікменстанда өткен. Ал елімізде Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Ресейдің Саха Республикасының мәдениет күндері ұйымдастырылған. Ашхабадта Құрманғазы мен Абайға ескерткіш орнатылса, Душанбеде және Қазанда Абай мүсіндері қойылды.

Цифрлық мәдениет және инновациялар туралы не білеміз?

Өткен жылы іске қосылған Qazaq Culture ақпараттық платформасы 8 тілде, соның ішінде БҰҰ-ның 6 ресми тілінде, қазақ және түрік тілінде жұмыс істеп тұр. Бұл бастама Қазақстанның рухани байлығын халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға бағытталған.

Тағы айта кетерлігі, Қазақстан ұлттық электронды кітапханасында 80 465 электронды құжат оқырмандарға кеңінен қолжетімді. Онда 64 тіл қамтылған. Ал биылғы сәуірде бұл кітапхананы 595 549 адам шолып шыққан. Оның 322 861-і өздеріне қажет деректерді жүктеп алса, қолданушылар саны 70 721 адамды құрайды. Қамтылған елдер – 77.

Е-архив жобасы аясында Ұлттық архив қорының 10 пайызы, яғни 2 654 404 сақтау бірлігі сандық форматқа көшірілді. Бұл тарихи құжаттарға ел азаматтарының қашықтан қол жеткізуін қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді Аида Ғалымқызы.

Елімізде 2024 жылы 9 республикалық мәдени ұйымға ұлттық деген мәртебе берілген. Бұл олардың қызметкерлерінің жалақысын 1,75 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

«Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде, өткен жылы мемлекеттік қолдау арқылы 16 ұлттық фильм түсіріліпті. Оның 7-еуі халықаралық 34 марапат иеленіп үлгерген. Отандастарымыздың 255 өкілі 17 елде халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда «E-Кино» жүйесі іске қосылып жатыр, оның көмегімен прокаттағы фильмдер туралы ашық статистика ұсынылатын болады.

Мәдени мұраны сақтау: ЮНЕСКО және ұлттық жобалар

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 25 000-нан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген, олардың 265-і республикалық болса, 12 000-нан астамы – жергілікті маңызы бар нысандар.

Бұл бағыттағы жетістіктеріміз де жоқ емес. «Беташар» дәстүрі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Енді «Ұлы Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» мен «Маңғыстау жерасты мешіттері» жобалары бойынша осы халықаралық ұйымға досье жолданды.

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Оған 15 мемлекеттен 100-ден астам ғалыматсалысты. Жақын арада Астанадағы Ұлттық музейде реставрация орталығы ашылатын болады. Бұл шаруада Италиялық сарапшылармен бірлескен жұмыс жоспарланған. Бұл ел мәдениетінің даму ауқымын айтарлықтай ілгерілете түсетінін сөзсіз, - деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Идеологиялық-тарихи және мерейтойлық шаралар

Мәдениет саласында ағымдағы жылдың тарихи мәні зор болып тұр. Мәселен, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 2 000-нан астам іс-шара жоспарланған. Бұл орайда, «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы іске қосылып, ардагерлер туралы мұрағат құжаттары, фотосуреттер, майдан хаттары жиналып, қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар 6 кітап, фотоальбом, 80 бейнеролик, 17 деректі фильм жарық көреді.

Абайдың 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы аясында да ел көлемінде мерекелік шаралар кеңінен аталып өтуде.

Мәдениет – ұлттың рухани іргетасы. Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері осы негіздің жанашыры, сақтаушысы, жаңғыртушысы деп білеміз. Олардың еңбегі – сахнадан да биік, қолөнерден де терең, нотадан да нәзік. Бұл мереке – олардың өлшеусіз еңбегіне тағзым.