«Мәдени бойкоттың да мәдениеті болуы керек»: қоғамдық қысымның шегі қандай?

«Мәдени бойкоттың да мәдениеті болуы керек»: қоғамдық қысымның шегі қандай?
Фото: AI көмегімен жасалды

Бүгін әлеуметтік желідегі бір ғана видео, сәтсіз жарнама немесе орынсыз сөз ірі брендтің беделіне нұқсан келтіріп, танымал тұлғаны кешірім сұрауға мәжбүрлей алады. Соңғы жылдары Қазақстанда да мұндай құбылыс жиіледі. Әлемде «cancel culture» деп аталатын бұл үрдіс қазақ қоғамында көбіне «мәдени бойкот», «қоғамдық қысым» немесе «әлеуметтік желідегі жоққа шығару мәдениеті» түрінде танылған.

Cancel culture деген не?

Бұл құбылыс алғашында тұрмыстық даулардан басталса, бүгінде мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, мемлекеттік рәміздер мен әйел құқығы сияқты тақырыптарға қатысты қоғамдық реакцияның маңызды құралына айналды.

Cancel culture – қоғамға жат немесе моральдық тұрғыдан қабылданбайтын әрекет жасаған адамды немесе ұйымды көпшілік болып қолдаудан бас тарту. Бұл әлеуметтік желідегі сыннан бастап, өнімін сатып алмауға, концертіне бармауға, серіктестіктерді тоқтатуға дейін жалғасуы мүмкін.

Батыста бұл құбылыс Голливуд жұлдыздары мен ірі корпорацияларға әсер етсе, Қазақстанда оның негізгі қозғаушы күші – Threads, Instagram, TikTok және Facebook қолданушылары.

Медиасауат тренері, PR маман Салтанат Әскербекқызының пікірінше, Қазақстандағы cancel culture-ды әлемдік тәжірибемен салыстырғанда елдің әлеуметтік және мәдени ерекшеліктерін ескеру қажет.

Салыстыруға келгенде мен мына принципті ұстанамын. Мысалы Қазақстанды Оңтүстік Кореямен немесе Америкамен салыстырғанда, олардың экономикасын да, халықтың сауаттылық деңгейін де ескеру керек. Мемлекетті барлық көрсеткіші бойынша салыстырған жөн. Бізді үнемі Еуропамен салыстырады. Бірақ Еуропаның әр елінің өз экономикасы бар. Оңтүстік Кореяның да менталитеті мен экономикасы өзгеше. Иә, бізде этика тұрғысынан қоғамдық бас тарту құрылымдық жағынан бір жүйеге келтірілмеген шығар. Мысалы, әлемде экология немесе жан-жануарларды қорғаумен айналысатын арнайы топтар кең таралған. Ал бізде белгілі бір саланың өкілдерінің басын қосып, оларды үйлестіру жетіспейтін сияқты. Қоғамдағы келеңсіздіктерді заң аясында, сауатты түрде сынайтын ұйымдасқан топтар жоқ. Бұл да азаматтық белсенділікке жатады, – дейді Салтанат Әскербекқызы.

Оның айтуынша, менталдық тұрғыдан алғанда, еліміздің төрт аймағында төрт түрлі менталитет қалыптасқан. Мысалы, алматылықтар COVID-19 пандемиясы кезінде бірлесіп, белсенді топ құрып, бюджетсіз-ақ көптеген мәселені шешкен.

Осындай өздігінен ұйымдасып, қоғамдық іске атсалысатын еріктілер тобы көбейгені жөн. Сондай-ақ сын айтып, қателікті көрсету дұрыс болғанымен, мұның бәрі заң аясында әрі мәдени түрде жүзеге асырылуы тиіс. Қазақстанда cancel culture-ды жүйелі жолға қою үшін қоғамда мәдениет, сауат және құқықтық сауаттылық жоғары болуы қажет, – дейді медиасауат тренері.

Қазақстандағы алғашқы ірі мәдени бойкоттар

Қазақстандағы алғашқы ірі cancel culture мысалдарының бірі – Chocofamily компаниясының негізін қалаушы Рамиль Мұхоряповтың қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдемесі болды.

Әлеуметтік желілерде #CancelChoco хэштегі таралып, қолданушылар Chocofood, Chocolife және Aviata қызметтерінен бас тартуға шақырды. Қоғамдық қысымнан кейін кәсіпкер кешірім сұрап, компания қазақ тіліндегі сервистерін күшейтуге уәде берді.

2023 жылы Pinta мейрамханасында қазақша ән орындауға қатысты дау шыққаннан кейін әлеуметтік желілерде бойкот жариялау туралы үндеулер көбейді.

Бұл оқиға мемлекеттік тіл мәселесінің бизнес үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Көпшілік компанияның ұстанымын ұлттық құндылықтарға құрметсіздік ретінде қабылдады.

2025 жылы Magnum дүкеніндегі қазақ тілінде қызмет көрсетуге байланысты жағдай қоғамдағы ең үлкен бойкоттардың біріне айналды.

Курьердің жұмыстан шығарылуы қоғамда үлкен резонанс туғызып, #БойкотMagnum акциясы басталды. Мыңдаған адам дүкеннен сауда жасамауға шақырып, компания ресми түсініктеме беруге мәжбүр болды. Бұл жағдай Қазақстанда тұтынушылардың қоғамдық қысымы нақты бизнес шешімдеріне әсер ете алатынын көрсетті.

Егер алғашқы мысалдар мемлекеттік тілмен байланысты болса, кейінгі уақытта қоғамдық бойкот ұлттық намыс пен мәдени құндылықтарға қатысты мәселелерге де ауысты.

Жақында отандық Shoqan Suits бренді жарнамасында «Борат» кейіпкерін қолданғаннан кейін қоғамның сынына ұшырады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от @jaryq__kz

Әлеуметтік желілерде брендке бойкот жариялау туралы жазбалар мыңдаған қаралым жинады. Компания видеоны өшіріп, ресми кешірім сұрады. Кейін бұл жағдайды қазақстандық БАҚ тіпті «Қазақстандағы кезекті cancel culture кейсі» деп сипаттады.

Өткен аптада әнші Әділет Жауғашардың «Қыздың "иә" дегені жоқ...» деген жолдары бар әні де әлеуметтік желілерде үлкен дау тудырды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Show-бизнестегі ең қызықты жаңалықтар (@zhuldyzdy_news)

Қолданушылар әнді әйелге қатысты зорлық мәдениетін қалыпқа келтіреді деп бағалап, әнді платформалардан алып тастауды, орындаушыны қолдамауды талап етті. Бұл жерде экономикалық бойкоттан гөрі репутациялық қысым басым болды.

Осы аптада блогер Бота Миа Қазақстанның Мемлекеттік Туын аттың жабуы ретінде пайдаланған видеосын жариялағаннан кейін қоғамда үлкен наразылық пайда болды.

Фото: видеодан кадр
Фото: видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде блогерге бойкот жариялауға шақырған жазбалар тарады. Сонымен қатар заңгерлер Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік рәміздерді қорғау мәселесі бойынша ресми арыз жолдап, құқықтық баға беруді талап етті. Блогер кейін өз әрекетін түсіндіруге мәжбүр болды.

Қазақстанда cancel culture жұмыс істемейді деген пікірмен келіспеймін. Shoqan бренді мен Бота Миаға қатысты оқиғаларды ресми ақпарат құралдары да кеңінен жариялап, сынға алып жатыр. Қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ететін, идеологиялық қызмет атқаратын бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан бұл оқиғалар тыс қалған жоқ. Қоғам пікірінің жерде қалмауына екі фактор әсер етеді. Бірі – БАҚ өкілдері. Cancel culture-дің көрінісі ретінде Shoqan брендінің өнімдерін енді алмаймыз деген көптеген қарсылықтар болды. Екінші фактор – қоғамның азаматтық белсенділігі. Қоғамды да аудиторияларға бөліп қарастыру керек. Барлығы бірдей деп айтуға болмайды. Посткеңестік кезеңнің өкілдері жас ерекшеліктеріне байланысты аса белсенділік танытпауы мүмкін. Ал смартфон технологиясының дәуірінде туған жастар жан-жақты, еркін, – дейді Салтанат Әскербекқызы.

Қазақстандағы мәдени бойкоттың ерекшелігі – оның негізгі қозғаушы тақырыптары:

  • мемлекеттік тіл;
  • ұлттық намыс;
  • мемлекеттік рәміздер;
  • әйел құқығы;
  • мәдени сәйкестік.

Батыста cancel culture көбіне нәсілшілдік, гендерлік теңдік немесе сексуалдық қысым мәселелерімен байланысты болса, Қазақстанда ұлттық бірегейлік пен қазақ тілінің мәртебесі қоғамдық реакцияның басты себептеріне айналып отыр.

«Азия елдері кешірімді»

Медиасауат тренері, PR маман Салтанат Әскербекқызының сөзінше, қоғамдық қысымның қарқыны әлеуметтік желідегі аудиторияның ерекшелігіне де байланысты.

Әр аудитория мен әр ұрпақтың белсенділігі әртүрлі. Әлеуметтік желі бүгінде ашық пікірталас алаңына айналып, азаматтарға өз ойын еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар әр платформаның аудиториясы да өзгеше. Мәселен, Facebook-та көбіне оқитын, кәсіби сараптама жасайтын аудитория шоғырланғандықтан, онда cancel culture жиі байқалады. Ал Instagram мен TikTok аудиториясының құрамы өзгеше болса, Threads желісінде жүйелілік қалыптаспағандықтан, кейде бір адамның айыптаған пікіріне көпшілік еш зерттемей ілесіп кетуі мүмкін, – дейді PR маман.

Дегенмен сарапшы жастардың құқық бұзушылыққа бейжай қарамайтынын, ал әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, cancel culture-нің нәтижесі көп жағдайда адамдардың өз принципіне қаншалықты адал екеніне байланысты. Кейбір тұтынушылар өз ұстанымын сақтаса, енді бірі баға немесе жеке мүмкіндігіне қарай таңдау жасайды.

Shoqan брендіне қатысты жағдай да осының дәлелі. Жалпы Азия елдерінің халқы кешірімді болғандықтан, бұл фактор cancel culture-нің соңына дейін жүзеге аспауына әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, қоғам әншілер мен брендтердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын жауып тастамаса да, қоғамдық қысым арқылы олардың кешірім сұрауына ықпал етіп отыр. Мұның өзі – қоғам тарапынан берілген кері байланыстың көрінісі, – дейді Салтанат Әскербекқызы.

Оқи отырыңыз