Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты: Білім – жазда да білім

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен сұхбат
Мәжіліс депутаты: Білім – жазда да білім
Фото: aikyn.kz 27.07.2022 10:10 4098

«Оқу – инемен құдық қазғандай». Білім беру де, білім беру ісіне қатысты мәселемен шұғылдану да күрделі жұмыс. Осы орайда оқу мен ғылым саласындағы мәселелермен жете таныс тұлға, білім берудің барлық сатыларынан өткен тәжірибелі маман, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменоваға бірқатар өзекті сауал қойған едік...

– Жұлдыз Досбергенқызы, былтырғы жазда да еліміздің біраз мектептерін аралап қайтқан едіңіз. Биыл да мектептердің жай-күйімен танысу жоспарда бар ма? Жалпы мектептердің жағдайынан хабардар болған сол олардағы мәселені шешудің жолын қалай қарастырасыз?

– Бүгінгі таңда елімізде шамамен 7500-ден аса орта білім беру мектептері бар. Оның 6 мыңға жуығы ауылдық жерлерде орналасқан мектептер. Осы 6 мың мектептің 2 мыңнан астамы шағын жинақты орта білім беру мекемелері. Мектептердің мәселелерін шешу деген кезде дәл қазіргі таңда мен үшін ең маңыздысы және басым бағыттағы мәселе бұл ауылдық мектептердің жағдайы, жай-күйі, білім сапасын көтеруге бағытталған мазмұндық және әдістемелік жұмыстар, ауылдық мектептерді сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету, күрделі жөндеуден өткізу және олардың материалды-техникалық заманауи жабдықталуы.

Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, ағымдағы жөндеуден өткізу, заманауи жабдықталуы, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету сұрақтарына қатысты сауалдар жолдануда, ол сауалдарды мемлекеттік орталық органдармен жергілікті атқарушы билік органдарымен жүйелі шешуді қолға алып жатырмыз. Мысал келтірейік, Түркістан облысында 951 орта білім беру мекемесі бар, оның басым бөлігі (900) ауыл мектептері, осы Түркістан облысында ауыл мектептерінің 120-сы күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан облысың әкімдігі, Оқу-ағарту министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын сапалы жүзеге асыру аясында бұл мәселені жүйелі шешуіміз қажет. Ауылдың мектебі заманауи жабдықталмайынша білім беру ортасы болмайды, сәйкесінше робототехника, нанотехнология, STEM ғылыми-математикалық-өнер инновациялық бағыттардағы пәндердің интеграциялануын балаларымыз меңгермейді. Бұл еңбек нарығында ауыл мектептері түлектерінің бәсекелестік қабілетін төмендетеді. Сол себепті, ауыл мектептерін күрделі жөндеуден өткізу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау – ауыл мектептерінің түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға зор мүмкіндік береді.

Бұдан өзге AMANAT партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық Кеңестің төрағасы ретінде AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында биыл 2022 жылы 200 мектептерді салу есебінен үш ауысымды, апатты мектептер проблемасын шешу мәселесі бар. Түркістан облысында 13 мектептің салынуы кешігіп жатыр, Павлодар облысында Павлодар қаласында дарынды балаларға арналған мектептің құрылысы басталмаған, сонымен қатар Шығыс Қазақстанда осындай құрылысы кешіккен мектептеріміздің мәселесіне қатысты мектептердің құрылысына байланысты аталған өңірлерге қоғамдық кеңес аясында көшпелі отырыстар өткізу өзекті деп ойлаймын. Тамыз айының 19-ында Алматы қаласында қазақстандық ата-аналардың республикалық одағымен бірлесіп, ғалымдар, педагогтар AMANAT партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық Кеңестің көшпелі отырысын жоспарлап отырмыз. Тақырыбы – білім беру саласындағы тәрбие жұмысының мазмұны, балаларымыздың моральдық келбетін қалыптастыру, дамыту және адамгершілік құндылықтарын арттыру.

– Мектептердегі білім мәселесімен жете таныс мамандардың бірісіз ғой. Осы жазда мектептер аралағанда, ұстаздармен кезіккенде «осы мәселелерді сұраймын, анықтаймын» деген жоба-жоспарыңыз бар ма?

– Мектептерді аралаған кездегі қойылатын көп сұрақтар: мектептердегі директорлар ротациясының әділетті өтуі, мемлекеттік орталық органның қойған мақсатына нәтиже беруі, құлайын деп тұрған мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, Алматы қаласындағы «Өрлеу» Ұлттық біліктілілікті арттыру орталығының қызметкерлері менеджментке байланысы және жалақыларын көтеруге байланысты сұрақтар көтерді.

– Бүгінгі білім беру мәселесі бойынша сізге ең көп қойылатын сұрақтар мен шешілуі қиын деген мәселелер қандай?

– Білім саласында шешімі өзекті өткір сұрақтар өте көп. Ең бастысы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы. Бүгінгі таңда өңірлер арасында білім сапасының алшақтығы орын алып отыр. Осы мәселерді шешу үшін ең алдымен ауыл мектептерін материалды-техникалық жабдықтау және ауыл мектептеріне педагог кадрлармен қамтамасыз ету өзекті. Бұдан өзге балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі де өзекті. Балабақшаларды дамыту және олардың қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында іргелі атап айтқанда балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру.

– Біздің білуімізде білім беру ісіне қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдадыңыз. Депутаттың сауалына салалық министрліктердің жауабы қандай болды?

– Білім саласына қажетті өткір мәселелерді жазбаша немесе пленарлық отырыста ауызша Қазакстан Республикасы Үкіметіне, Білім және ғылым министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне депутаттық сауал жолдап отырамын. Бүгінгі таңда өзекті және жауабын күтіп отырған сауал бұл Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданған сауал, тұрмысы нашар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектептерді тәмамдаған түлектеріне әлеуметтік гранттарды 15 пайызға көбейту мәселесі айтылды. Бүгінгі таңда, Ғылым және жоғары білім министрлігі еңбек нарығын болжап, кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етудің бағдарламасын қабылдауы міндеттелді.

Балабақшалардағы қазіргі келеңсіздіктердің көпшілігіне тәрбиешілердің біліктілігінің көп жағдайдағы сын көтермейтіні себеп. Сол себепті тәрбиеші мамандар бәсекелестігін дамыту мақсатында гранттарды көбейту, шәкіртақыны көбейту, тәрбиешінің айлық жалақысын көбейту – осы мәселелерді шешуді қолға алу керек деген ойдамыз. Тек депутаттық сауал ретінде ғана емес, AMANAT партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде де сол кеңес аясында осы мәселелерді үкіметте жүйелі көтеріп, шешімін табу үшін ұсыныстар жасадық. Ол жерде мемлекеттік тапсырыстың құнын, көлемін арттыру мәселесін айттық, сонымен қатар жалпы лицензиялаудың өлшем шарттарын сұраттық. Бұдан бөлек педагогикалық ЖОО-лардағы білім беретін бағдарламалар мазмұнымен танысып, оған да жаңалықтар, жаңғыртулар енгізу қажет екенін біліп отырмыз. Оны ұсыныс ретінде енгізіп, соның орындалуын қадағалауға алдық. Депутаттық сауал ретінде көп мәселелерді көтердік. Мысалы, үкімет басшысы Әлихан Смайловқа, премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тұрған кезінде, депутаттық сауал жолдаған едім. Мектептің құрылысы, құрылысқа бөлінетін қаражаттың көлемі туралы және қаржының жалпы сипаттағы трасферт ретінде бөлінетіні, оны жергілікті атқарушы билік органы өзі шешетіні, бүгінгі таңдағы үш ауысымды апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешуде республикалық бюджеттен арнайы қаражат қарастыру қажет екені жөнінде мәселе көтеріп жүрміз, көтере де береміз. Сонымен қатар құрылысқа қаржы бөлінген кездегі қаражаттың құны құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жетпей қалатынын да назарға алып жүрміз. Жалпы әлеуметтік нысандар құрылысына басқа сипаттағы экономиканы жоспарлау қажет екенін де айтамыз. Өңірлер аясында Маңғыстау облысының білім сапасын көбейтуге байланысты депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Премьер-министр оған өзі жауап берді. Жалпы осы өңірдің білім сапасын, оқушылардың еңбек нарығындағы бәселекестігін арттыруға қатысты ауқымды жоспарын көрсетті. Оның орындалу барысын назардан тыс қалдырмаймыз.

Мәжіліс депутаты: Білім – жазда да білім
parlam.kz

– Жазда бала демалысқа кетеді. Бірақ үйге оқуға деп бірқатар тапсырмалар беріліп, қосымша үйірелер ашылып жатады ғой. Қалай ойлайсыз, бала жазда білім алуы керек пе? Мектептерде оқуды үш аптаға ұзартуға қатысты да ойыңызды білсек?

– Қоғамда талқыланып жатқан балалардың жазғы демалысының бес күнін оқу күніне ауыстыруға қатысты мәселені сұрап тұрған болсаңыз, оны Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне арналған, 2022-2023 оқу жылына арналған, осы оқу жылының ерекшеліктерін көрсететін инструктивті әдістемелік хат әзірлейді. Сол хаттың мазмұны аясында ол мәселені нақты түсіне аламыз. Бірақ менің түсінігімде қазір оқушылардың апталық оқу жүктемесін жеңілдетуіміз, оны санитарлық нормаларға сәйкестендіруіміз қажет. Оқушылардың апталық оқу жүктемесін азайтқан кезде сол сағаттар күндердің көбеюіне алып келеді. Екіншіден, «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында мұғалімдеріміздің де апталық оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеттік. Жазғы демалыстағы бес күннің оқу күніне ауысуы осы нормаларды жүзеге асырумен байланысты болуы әбден мүмкін. Дәл қазір, біз, Педагогикалық қауымдастық, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының жаңа оқу жылына қатысты әзірлеп отырған инструктивті әдістемелік хатын күтіп отырмыз. Сол хатты алғаннан кейін негізді түрде үлкен ақпарат бере аламыз.

Тағы да бір үлкен мәселеге тоқталып кеткім келеді. Жазғы демалыста тарихи жерлерді аралау, өлкетану экспедицияларын ұйымдастыру, туған жердің тарихын білу, өлкеде өсетін күллі флора, фаунамен танысу, олардың ерекшелігін ұғыну, тау, тастың тарихын, аңызын білу, өлкенің жалпы өндірістік болашағына қатысты деректермен танысу арқылы балаға қатысты тәрбие жұмысының жобаларын ұйымдастыру өзекті деп ойлаймын. Мәселенің үлкені – қазір мектептегі балаларды еңбекке баулуда бұрыннан қалыптасқан дәстүрден алшақтап бара жатырмыз. Қазір мектеп жасындағы балалар смартфонға қарайды. Техника автоматтандырылғандықтан бала еңбекке, үй шаруасына көп араласа бермейді. Бұл балаларымыздың өмірлік дағдыларды меңгеруінде қиындық тудырады.

Тағы бір өзекті тақырып – кітап оқу. Балаларымыздың кітап оқуына мән бермейміз. Жазғы демалысты, бос уақытын тиімді өткізу мәселесінде баланы кітап оқуға баулуға бағыттау да өзекті дер едім. Менің ойымша, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы, сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі жалпы мектеп жасындағы балалардың демалыс кезінде оқуы қажет деген, жас ерекшеліктерін ескеретін әлем әдебиеті мен қазақ әдебиеті шығармаларының тізімін әзірлеуі қажет. Жаз кезінде балалар ата-аналарымен бірге сол кітаптарды оқуы аса маңызды. Оқу сауаттылығы табысты өмір сүруге қажетті негізгі дағдыны сіңіреді, ал біз жазғы демалысты тиімді ұйымдастырудың формасы арқылы ол дағдыны бала кезден балаға үйретеміз.

– Әңгімелескеніңізге рақмет.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға