Жаңалықтар

Ұлттық өнерге негізделген ансамбль

«Астана сазы» ансамблінің жетістігі мен жоспары
Ұлттық өнерге негізделген ансамбль
10.04.2020 20:11 9863

Халықтың рухани, мәдени әлемі оның дәстүрлі өнерінен көрініс табады. Сонау ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз қай уақытта болмасын қымбат әрі қастерлі. Cоның ішінде дәстүрлі ән мен күй қашанда ұлы дала елінің мақтанышы болып қала бермек. Осы орайда ұлттық өнерді биік ұстап, бүгінгі жұрттың талғамына сай туындылар жасап келе жатқан «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Топтың көркемдік жетекшісі, композитор Бауыржан Ақтаев ансамбльдің мақсат-міндеті мен болашақтағы жоспарлары турасында айтып берді.

-min (1).jpg

(Суретте: "Астана сазы" этно-фольклорлық ансамблінің музыканттары )

Негізінде ұлттық өнер – өміршең қазына. Оның тамыры тереңде жатыр. Бүгінде осы бай мәдени мұраны сақтап, қазақ халқының төл дәстүрін терең меңгеріп қана қоймай, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрген өнер ұжымдары жоқ емес. Солардың бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан 2018 жылы құрылған «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі.

4cbcd6c0-c875-4c91-a107-3934fba3dbc6.jpg

(Суретте: "Астана сазы" этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан Ақтаев)

Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шығармашылық ұжымның өзіндік жетістіктері де бар. Бүгінде ансамбль құрамында 14 музыкант қызмет етеді. Олар: шертер, прима қобыз, жетіген, баян, домбыра, сазсырнай, сыбызғы және де қылқобыз сияқты қазақтың көне халық аспаптарын жетік меңгерген. Шығармашылық ұжымының көркемдік жетекшісі – композитор Бауыржан Ақтаев.

Ансамбльдің «Астана сазы» деп аталуының өзі тереңде жатыр. Елордамыз Нұр-Сұлтан деп аталмастан бұрын Астана болғаны баршамызға белгілі. Сол себепті ансамбліміз жас қаламызбен бірге көркейіп, өркендесін деген мақсатта осы атау берілген еді, – деді ұжым жетекшісі.

Бауыржан Ақтаев бала күнінен өнерге жақын болған жан. Ол 3-сыныптан бастап скрипка ойнауды үйреніп, 9 жыл музыкалық мектепте оқыған. Содан кейін Дина Нұрпиейісова атындағы халықтық музыка Академиясының Атырау музыка колледжінде домбыра мамандығы бойынша білім алған. Одан кейін оқуын Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жалғастырған. Жоғары музыкалық білім алып жүріп, Салтанат Құдайбергенова, Айгүл Үлкенбаева, Карима Сахарбаева, Қаршыға Ахмедияров секілді талантты профессорлардан сабақ алған Бауыржан бүгінде ұлттық өнерімізге өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген жандардың бірі.

folk_4.jpg

(Суретте: "Астана сазы" этно-фольклорлық ансамблінің музыканттары)

Бүгінде шығармашылығымның негізгі бөлігі «SARMAD» этно-фольклорлық ансамбліне арналған. Және композициялық, дирижерлық бағытта да аздап бейресми тұрғыда консерватория қабырғасында жүрген кезде сабақтар алғаным бар.

Композитор Бауыржан Ақтаев қазақ өнерін әлемдік деңгейде биікке көтеріп жүрген жас әнші Димаш Құдайбергеновтың «I'm a singer» конкурсына төртінші турдан бастап, соңына дейін музыкалық шығармаларын жазған.

Әлемдік деңгейде өткен музыкалық конкурс болғандықтан, ол жерде талап өте жоғары болды. Шығармашылық туындыларды үлкен симфониялық оркестр орындады. Конкурс барысында біздің елде оркестрге лайықтап жазатын композитор іздестіріп, Димаштың анасы мен әкесі маған хабарласқан болатын. Мен өз келісімімді бердім. Конкурстың төртінші турынан бастап, аяқталғанша шәкіртім Әйгерім Нәбиева екеуіміз сол елдің симфониялық оркестріне лайықтап музыкалық шығармалар жаздық. Содан кейін Атырау қаласынан елордамызға шақырту алған болатынмын.

Бүгінде Бауыржан Ақтаевтың ұлттық өнерде өзіндік жетістіктері бар. Ол «Шабыт» халықаралық фестивалінің дипломанты. Сонымен қатар М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған дәстүрлі әншілер байқауында гран-приді иеленді. Өнердегі еңбегінің жемісі ретінде «Ғасырлар сазы» халықаралық фестивалінің лауреаты және «Алаш Ұстазы» медалінің иегері де атанған.

8efbc64c-553e-4066-9a72-9d0e4e6596fd.jpg

(Суретте: Ансамбль музыканты, домбырашы Ардақ Елеусіз)

Бүгінде ол өзі жетекшілік етіп жүрген ұжымға да жоғарғы талаптар қояды. Ансамбльге келгенде арнайы кастинг өткізіп, музыканттарды орындаушылық шеберлігіне ерекше мән бере отырып, таңдап алыпты.

– «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамбліне 2019 жылы жетекші болып келдім. Музыканттарды таңдаған кезде үлкен талап қойғаным рас. Мен келместен бұрын құрылған ұжым болғандықтан, жұмысқа алынып қойған музыканттар да болды. Шынын айту керек, талаптарыма сай келмегендер де кездесті. Ең алғаш қолға алған жұмысым – құрамды нықтап алу болды,– деді композитор.

Өнер ұжымының құрамында Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған музыканттар бар. Сонымен бірге ансамбльдің басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық өнер университетінің түлектері. Композитордың айтуынша, барлығы жоғарғы білімді өнерпаздар.

49f81876-a291-45c5-9202-a73c4add001e.jpg

(Суретте: Ансамбль мүшесі, музыкант Нұрбану Журтекина)

Ұжымдағы музыканттардың бірі – Ардақ Елеусіз. Ол «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамбліне 2019 жылы келген. Домбыра аспабында ойнайды. Өнер жолындағы ұстазы – Еділ Басығараев. Өзі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Бес жасынан бастап қолына домбыра ұстаған Ардақ республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған. Болашақта ол әрі қарай ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға өз септігін тигізуді мақсат етеді.

Ал Нұрбану Журтекина ансамбльде 2 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Сазсырнай аспабында ойнайтын музыкант кішкентай күнінен музыкалық мектепте білім алған. «Астана сазы» ұжымын Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ансамбльдердің бірі деп санайтын Нұрбану шығармашылық жетекшілері Бауыржан Ақтаевтың тың идеялары мен талаптарының арқасында ансамбль үлкен жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып келеді.

Келесі пікірін білдірген – Нұркен Якияев. Ол қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнайды. Өнерге келуіне ата-анасы себепкер болыпты. Нұркен бала қиялы, арманының орындалуына септігін тигізген ұстаздарына алғысын білдіріп, өзі қызмет ететін ұжымның жетістіктерімен бөлісті.

cjfhkl.jpg

(Суретте: Ансамбль мүшесі, домбырашы Нұркен Якияев өнердегі ағаларымен)

Құрылғанына аз ғана уақыт болса да біздің ансамбль өз тыңдармандарының құрметіне тез қол жеткізді. 2018 жылы сәуір айында Италияның Пезаро қаласында өткен Дж. Россини атындағы халықаралық байқауында І орынды иелендік. Ал 2019 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған А.Жұбанов атындағы халықаралық байқауға қатысып, лауреат атандық.

Шығармашылық ұжымға арнайы жазылған әндер мен шығармаларға қатысты ансамбль жетекшісі:

–«Астана сазы» этно-фольклорлық ансамбліне арнайы жазылған халық әні «Қараторғай». Ерекшелігіне тоқталатын болсам, біз ән ретінде емес, аспаптық орындайтын шығарма ретінде сыбызғы мен сазсырнайдың жеке шығып орындауына арнадық. Өңделуі де заманауи тұрғыда жастарға ұлттық музыканы жеткізу мақсатында арнайы жазылған. Сонымен қатар халық әні «Ақсиса». Бұл әнді де өзім заманауи бағытта өңдедім. Және де репертуарымызда Қазанғап, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір және Дәулеткерей сынды халықтық сазгерлердің туындылары бар, – деді.

Сонымен бірге Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» деген авторлық шығармасы ансамбльге арнайы, лайықтап жазылыпты.

Астана сазы» ұжымы бас қалада болғандықтан біз көптеген өнер қайраткерлерімен жұмыс істейміз. Олар Света Айтбаева, Ардақ Балажанова, Құрмаш Маханов, Еділ Құсайынов т.б. Сонымен бірге музыка жазып, концерттер беріп жүрміз.

Этно-фольклорлық ансамбль мәдени мұраны насихаттап, өнер көрсетіп әлемнің түкпір-түкпірінде болып қайтыпты. Олар Бүкіл Еуропаны аралап, алыс жақын шетелдерге де концерттерін беріп үлгеріпті.

16a10a14-2f75-424d-8783-94ac487e9ca5.jpg

– Ансамбльдің ерекшелігі – қазақтың эпостық мюзклын алғашқы рет жанды дауыста орындауы болып табылады. Оған мысал «Қыз жібек» операсы. Брусиловский операны жазған кезде қазақтың ән күйлерін пайдаланған. Кейін бізде де өзіміздің халық әндерін неге қайта пайдаланбасқа деген ой туындады. Содан Брусиловскийдің еуропалық бағытта өңделген шығармаларын қазақиландырып, дәстүрлі бағытқа қарай жақындатып жаздық. Ал «Қыз Жібектің» бұрынғы Брусиловский жазған нұсқасы классикалық академиялық бағытта жазылған туынды еді. Біз оны мюзклға лайықтап өңдедік. Бұл мюзкл алғаш тәжірибе ретінде жазылды. Тұсаукесері Францияның Париж қаласында өтті.

«Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің алғашқы шығармашылық кеші 2019 жылдың күз айында болған. Сонымен бірге Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығына, Абай атамызға арналған арнайы шығармашылық кештерде ансамбль өнер көрсеткен.

2e0b7314-ce9b-47d7-8389-615d9047d2ce.jpg

Бауыржан Ақтаев ұлттық құндылықтарға қатысты өзін толғандыратын мәселелерге:

– Ұлттық өнер – біздің жанымыз. Ол біздің ұлт ретінде ерекшелігіміз. Егер осы құндылығымыз жоғалатын болса, біздің ұлт ретінде жойылғанымыздың белгісі. Біздің қазақ екенімізді басқа ұлттан ерекшелеп отыратын мәдениетіміз бен тіліміз. Бұларды жоғалтпай, көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жалпы ұлттық музыкаға қатысты айтатын нәрсе өте көп. Негізі ұлтты сақтайтын үш фактор бар. Ол ұлттың тілі, діні және салт-дәстүрі мен мәдениеті. Солар жойылса, ұлт жойылады.

Композиторды бүгінгі ұлттық өнерімізде көптеген мәселелер алаңдатады екен.

– Мені мазалайтын мәселелердің бірі – ұлттық өнер өрталықтарының аздығы. Біз ұлттық құндылықтарымызды өнеріміз, ән-жырымыз, музыкамыз арқылы сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе аламыз. Сондықтан осы мәселелер тек айтылып қана қоймай, қарастырылса екен деймін.

folk_1.png

Этно-фольклорлық ансамбльдің алға қойған міндеті – зор, мақсаты – айқын. Бірақ, бүгінде елдегі болып жатқан карантинге байланысты ансамбль жұмысы тоқтап тұр. Бауыржан Ақтаевтың карантин уақытында ұжымның қауіпсіздігі ең бірінші орында екенін де айтты. Ақпараттық заманда әлеуметтік желі арқылы ұжыммен байланысып отырғанын да жасырмады.

Ұлттық музыканың, ұлттық өнердің жалпы сұранысқа ие болуы көбіне мемлекеттің жүргізген саясатына байланысты болады деп ойлаймын. Бірақ біз де өз тарапымыздан сапалы шығармалар ұсынуымыз қажет. Сол жағынан қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз. Халық жақсы көріп тыңдайтындай музыка жазуға тырысып, таза этно бағытта концерттер де беріп келеміз. Жақында ғана өзімнің жеке «Көшпенділер рухы» атты шығармашылық кешімді бердім. «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Бұл этно бағытта берілген бірінші үлкен концерт болатын.

«Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің алдағы кезеңдегі жоспары жаңа шығармалар жазып, бейнебаян түсіріп, жеке жинақ шығару. Және де ұжым музыканттары жаһанданған жаңа ғасырға лайықты, дәстүріміз жойылмайтын бағытта әрі қарай жұмыс істеп, халықты қуантуды көздеп отыр. «Өнерлінің өрісі ұзақ»  демекші дәстүрлі музыканы дәріптеуші өнерпаздардың мерейлерінің үстем болуын тілейміз.

(Суреттер: "Астана сазы" этно-фольклорлық ансамблінің жеке мұрағатынан алынған )

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға