Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) екінші кезеңі басталып, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жобаның бұл кезеңі елордадан Қосшы қаласына дейінгі бағытты қамтиды.
Екінші кезең аясында тірек бағандарының біріне бетон құйылып, құрылыс жұмыстарының іргесі қаланды. Сонымен қатар, Астанадағы бетон зауытында эстакадалық желіге арналған алғашқы темірбетон арқалық дайындалды.
Қосшы қаласы бағыты бойынша LRT желісінің екінші кезеңін іске асыру аясында алғашқы тірекке бетон құю жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар эстакадалық бөлікке арналған алғашқы темірбетонды құрастырмалы арқалық дайындалды. Жоба аясында 300-ден астам тірек тұрғызылып, 538 құрастырмалы және 8 монолитті арқалық орнатылады, – делінген ресми ақпаратта.
Жалпы, LRT-ның екінші кезеңі елорданың көлік инфрақұрылымын кеңейтіп, Астана мен Қосшы арасындағы қатынасты жеңілдетуге бағытталған. Сарапшылар бұл жоба қала маңындағы аумақтардың дамуына да серпін береді деп отыр.
LRT қозғалысы уақытша тоқтады
Бұған дейін Астанада LRT желісінде пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылғаны айтылған еді. Бұл шешім тестілік сынақтардың аяқталуына және жоспарлы техникалық жұмыстардың басталуына байланысты қабылданған.
LRT желісінің жылжымалы құрамы мен негізгі жүйелерін тестілік сынақтан өткізу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Қазіргі уақытта желіде жоспарлы клинингтік және регламенттік жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты 5 мамырға дейін барлық пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылады, – деп хабарлады «City Transportation Systems» ЖШС.
Айта кетейік, бұған дейін LRT желісінде пойыздар тестілік режимде қатынап келген болатын. Енді жүргізіліп жатқан тазалау және техникалық реттеу жұмыстары аяқталған соң, қозғалыс қайта жанданады деп күтілуде.