Жаңалықтар

Литва Түркістан облысында әлемдік стандартқа сай клиника ашуды қарастырмақ

Литва Түркістан облысында әлемдік стандартқа сай клиника ашуды қарастырмақ
Фото: gov.kz 09.12.2023 22:35 677

Түркістан облысы әкімінің бірініші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас және Литва Республикасының Қазақстандағы құрметті Консулы Кадырбеков Мамадиярмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іскерлік кездесу барысында 4 бағыт бойынша ұсыныстар айтылып, берер мүмкіндіктері мен нәтижелері кеңінен сараланды.

Атап айтсақ, еңбек көші-қоны, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, білім және медицина салаларын жетілдіру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Зұлпыхар Жолдасов литвалық өкілдердің ұсыныстарына қызығушылық танытқанын, аталған салалар бойынша тығыз байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.

Бізді сіздердің ұсыныстарыңыз қызықтырды. Түркістан облысының халқы – еңбекқор. Дегенмен, бізде білікті мамандар жеткіліксіз екені жасырын емес. Қарапайым дәнекерлеушіден бастап, хирургке дейін мықты мамандар базасын дайындау керек. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатардағы өңір. Сұранысы жоғары экологиялық таза өнім дайындауға да мүмкіндіктер мол. Айтылған ұсыныстарды жіті қарап, бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Литвалық тарап ЖОО мен колледж студенттерін Литва Республикасына білімін арттыруға жіберуді, жастарға білім алу үшін барлық жағдай жасалғандығын жеткізді.

Сонымен қатар жоғары білікті мамандар дайындау бойынша айлық, жылдық оқыту курстарын ұйымдастыруға дайындығын айтты.

Бұдан бөлек, әлемнің үздік ондығына кіретін білікті профессорлар мейірбикеден бастап хирургқа дейінгі медициналық персоналды дайындауға, тәжірибеден өткізуге мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті.

Түркістан облысында әлемдік стандартқа сай бірлесе клиника ашуды қарастыруды сұрады. Бұдан бөлек, Литвада үздік пилоттарды үйретуге қауқарлы компаниялар бар екенін жеткізді.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу, консервілеу, мал және құс еті өнімдерін дайындау бойынша ұсыныс білдіріп, нәтижесінде өнімдер 100% экспортталатынын айтты.

Айта кетейік, Қазақстан мен Литва арасындағы қатынастар тұрақты, үдемелі сипатқа ие және сындарлы, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

2017 жылдан бастап Литва Қазақстанның Еуропалық Одақ елдеріндегі ең ірі сауда серіктестерінің ондығына және әлемдегі ең ірі отыз серіктеске кіреді. Литваның статистика департаментінің мәліметі бойынша, Қазақстан Литваның 15-ші ірі сауда серіктесі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға