Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Yildirim Holding басшысымен жаңа жобаларды талқылады

Әлихан Смайылов Yildirim Holding басшысымен жаңа жобаларды талқылады
15.06.2022 20:30 1611

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Yildirim Holding компаниялар тобының президенті және бас директоры Роберт Юксель Йылдырыммен кездесті, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Компания басшысы Премьер-Министрге компанияның Қазақстандағы қызметі мен жаңа жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді. Қазіргі уақытта Yildirim Holding Ақтөбе облысында хром кенін және концентратын өндіру бойынша табысты жұмыс істеп келеді, сондай-ақ «Қазгеология» АҚ-мен бірлесіп, шикізат базасын толықтыру аясында Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында геологиялық барлау жүргізіп жатыр. 

Р.Ю. Йылдырымның айтуынша, 2013 жылдан бастап холдинг Қазақстан экономикасына $500 млн-нан астам инвестиция салған. Кездесу барысында Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі Yildirim Holding компаниясының Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторларының үштігіне кіретінін ескере отырып, біздің елге инвестицияларды кеңейтуді құптайтынын жеткізді. Премьер-Министр холдинг бастамашылық еткен Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытын салу жобасының маңызды екенін атап өтті. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан оны импорттаудан экспорттауға көшуі тиіс.

«Бұл жоба Қазақстан-Түркия инвестициялық ынтымақтастығы тарихында серпінді болатыны сөзсіз. Мемлекет қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Осыған байланысты 2025 жылға дейін зауытты іске қосу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының белсенді кезеңі басталады деп отырмыз», - деді Әлихан Смайылов.

 Өз кезегінде Роберт Юксель Йылдырым қазақстандық әріптестеріне жобаларды жүзеге асыруда көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, Yildirim Holding-тің біздің елмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға