Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді
Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды
Фото: ҚР Үкіметінің ресми сайты 17.09.2022 10:28 852
Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz.Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді.

«Тікұшақ техникасының жақын жерден су алып, өртті сөндіруін жеңілдету мақсатында орман алқаптарының жанындағы су қоймаларының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Біз тікұшақтар паркін үш есе ұлғайту үшін қосымша суқашыртқы құрылғыларды сатып аламыз, оларды өрт сөндіру үшін пайдалануға болады. Бұл Қостанай облысын қоса алғанда, барлық өңірлерге қатысты», — деді Әлихан Смайылов.


Кеңес барысында Премьер-Министр өңір әкімдігінің білім беру саласындағы кемшіліктеріне де назар аударды. Әлихан Смайылов өңірдің 7 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімінің кешіктірілгенін, соның салдарынан балалар бейімделмеген жерлерде оқуға мәжбүр екенін атап өтті.

«Бұл проблеманы шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажет. Жалпы білім беру саласына жауапкершілікпен қарау керек, өйткені балаларға оқу үшін тиісті жағдайлар жасалуы тиіс», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.


Экономикалық мәселелер бойынша Премьер-Министр облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алатын инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қостанай облысына 32 ауылдық елді мекенде 75 жобаны іске асыруға 6,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы өңірді дамытуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 115,9 млрд теңге, сондай-ақ бюджетті нақтылау аясында тағы 31,7 млрд теңге бөлінді.

«Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік қажеттіліктерге, облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған. Әкімдік аталған қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-Министр.


Әлихан Смайылов азық-түліктің жетіспеушілігі мен бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігіне де назар аударды. Оның айтуынша, әкімдік осы бағытта қолданыстағы тетіктерді пайдалануды жандандыруы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға