«Лайк үшін айтқан шығар»: жекеменшік мектептерде Қазақстан тарихы оқытыла ма?

«Лайк үшін айтқан шығар»: жекеменшік мектептерде Қазақстан тарихы оқытыла ма?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов 16 жастағы ұлы, блогер Ибрагим Шоқановтың «Қазақстан тарихын оқымаймыз» деген даулы мәлімдемесіне қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, баласымен әке ретінде сөйлескен және жасөспірім өз қателігін түсінген.

Мен ұлыммен әке ретінде сөйлестім. Ол өзінің қателігін түсініп жатыр. Оның қоғамда шу тудырған пікірін мойындаймыз. Өзімен сөйлестік. Оның пікірі дұрыс емес. Мектепте Қазақстан тарихын оқиды. Блогер болғандықтан лайк жинау үшін айтқан шығар. Өз қателігін түсінді, – дейді әкесі.

Дауға не себеп болды?

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде жүздеген мың оқырманы бар 16 жастағы тиктокер Ибрагим Шоқановтың видеосы кеңінен тарады. Онда жасөспірімге «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сұрақ қойылғанымен, нақты жауап бере алмаған.

Ол мұны:

Бізде Қазақстан тарихы оқытылмайды. Біз ағылшын мектебінде оқимыз, – деп түсіндірген.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Көп ұзамай блогер Бейбіт Әлібековтің Ибрагим Шоқановтан алған қысқа сұхбаты жарияланды. Онда жасөспірім қателігін байыппен түсіндірудің орнына:

Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Соңғы хан Кенесары. Ал қазақ тіліндегі ең ұзақ сөз: қанағаттандырылмағандықтарыңыздан, – деп әзілмен жауап берген.

Бұл жауап әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Пікір білдірушілер блогердің өз қателігінен сабақ алудың орнына, жағдайды хайпқа айналдырғанын айтты.

Жекеменшік мектептерде Қазақстан тарихы оқытыла ма?

Қазақстанда мемлекеттік те, жекеменшік те мектептер жалпы орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Сондықтан меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымында міндетті пәндер, соның ішінде «Қазақстан тарихы» оқытылады.

Бұл талап Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында бекітілген.

Оқу-ағарту министрлігі де бұған дейін елдегі барлық мектепте Қазақстан тарихы пәні міндетті түрде оқытылатынын бірнеше рет мәлімдеген.

Сарапшы не дейді?

Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы бұл мәселеде ең алдымен жасөспірімнің жас ерекшелігін ескеру қажет екенін айтады.

Әкесі баласының кінәсін мойындап тұр. Ары қарай 16 жастағы баланы кінәлау этикаға жатпайды. Кәмелетке толмаған баланы жауапқа тарта алмаймыз. Бәріміз де жас болдық. Мұндай қателікті жастардың бәрі жібереді. Ал жекеменшік мектептер Қазақстан тарихын оқытады. Ал оны кім оқытады, диплом сатып алмаған мұғалім оқыта ма, ол басқа мәселе, – дейді білім сарапшысы.

Оқи отырыңыз