Жаңалықтар

«Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру негізі»

«Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру негізі»
19.06.2018 10:10 1356

2018 жылдың 19 маусымында Қарағанды облысы ҚХА, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мәжіліс залында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру негізі» тақырыбында семинар өтті.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе талқыланған келелі басқосуды облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова жүргізіп отырды.

Алдымен сөз алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек қазақ тілін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру мәселелері туралы, жаңа әліпбидің емле ережелері жөнінде жұртшылықтың жан-жақты ақпарат алуын қамтамасыз етуге байланысты қолға алынып, іске асырылып жатқан мәселелерге жан-жақты тоқталып өтті.

Сондай-ақ алқалы басқосуда Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуы үшін латын қарпіне көшудің маңыздылығы ерекше екендігіне баса назар аудара келе, латын графикасына негізделген жаңа әліпби мәселелерін кеңінен талдап, көпшілікті толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Алқалы жиынға облыстық, қалалық және аудандық басқармалар басшылары мен жауапты мамандары, облысымыздағы жоғары оқу орындарының тілші-әдебиетші ғалымдары мен оқытушылары, тіл жанашырлары мен қоғамдағы белсенді тұлғалар қатысып, талқыланып отырған маңызды мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға