Күзде қандай пальто сатып аламыз – стилист кеңесі

Күзде қандай пальто сатып аламыз – стилист кеңесі
Фото: El.kz коллажы

Күзгі гардеробты жаңартуды жоспарлаған қыз-келіншектер үшін стилист Назерке Емилдің айтары бар. Әсіресе, сырт киім таңдауда трендке, алдағы 5-6 жылда кәдеге жаратуға боларын ойлаған дұрыс. Стилистің айтуынша, биыл классикалық үлгілермен қатар ретро, әскери, ерекше силуэттер мен батыл принттер сәнге еніп отыр. Оған қоса пальто таңдауда белгілі бір фасонмен шектелудің қажеті жоқ. 

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Үлкен жағалы пальто

Биыл негізгі трендтің бірі – жүннен жасалған алынбалы-салынбалы жағасы не жеңі бар пальто. Бұл үлгі 1919-1920 жылдардағы сәннің лебін сездіріп,  ретро эстетиканы заманауи гардеробқа алып келеді.

Мұнда басты назар жүнге ауады. Жағадағы жүн қаншалықты көлемді болса, соншалықты әдемі көрінеді, – дейді стилист Назерке Емил.

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Пальто-кокон: оверсайздың жаңа баламасы

Оверсайздың орнын біртіндеп сопақ силуэтті пальто, яғни пальто-кокон басып келе жатыр. Ерекшелігі – пальтоның иығы мен жеңі түсіңкі келіп, бел тұсының жинақы болуы. 

Мұндай үлгінің қалыптасуына Balenciagaсы сән үйінің силуэттері әсер еткен. Дизайнерлердің көйлек пен  сырт киімдегі сопақ пішінге жасаған экспериметтері бүгінде жаппай сәнге еніп отыр. Пальтоның иық пен жеңі түсіңкі келеді, ал белі жинақы болады. Мас-маркетте иық пен жеңдегі овальды ұстап тұру үшін киімнің төменгі бөлігін де көлемді етіп пішеді. Өйткені мұндай силуэтке әлі көз үйренген жоқ, – дейді стилист.

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Жануар принті трендтен түспейді

Пальтодағы animal print те маусымның маңызды трендтерінің бірі. Мысалы, классикаға айналған леопард принтіне биыл көпшілікке ұнаған зебра принтті қосылды. Сонымен қатар ала (далматин), жылан терісі трендке еніп жатыр.

Бұл принттерді пальтоның әртүрлі фасонында қолдануға болады: тік жағалы, классикалық немесе еркін силуэтті модельдер трендке сай келеді. 

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Military coat 

 Көктемде әскери эстетикадағы жакеттер танымал болса, күзде бұған Military coat қосылды. Мұндай пальто әскери форманы еске түсіреді.

Оның басты ерекшелігі  – қатарынан тігілген ілгек-түймелер, тік силуэт, көтеріңкі иық, ал кейбір үлгілерде погондар да болады. Мұндай құрылымды пішін кейде ертегідегі ханзадалардың киімін елестетеді.

Бұл стиль Dior коллекцияларында да жиі кездеседі. Стилистің айтуынша, биыл  BTS тобының мүшесі Чимин де концерттік образдарында әскери стильдегі пальтоға акцент жасайды. 

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Кейп, пончо және жамылғысы бар пальто

Кейп, пончо, жамылғы өткен жылы да сәнде болған еді. Биыл бұл бағыт сәл өзгеріп, жамылғының өзі пальтомен бірге тігілген үлгілерге ауысып отыр.  Яғни, сыртынан шарф тағып, қосымша аксессуар іздеудің қажеті жоқ – жамылғысы бар пальтоның өзін таңдауға болады. 

Бұл тренд те ХХ ғасырдың романтикалық эстетикасымен байланысты. Сондықтан биыл сәннен 1910-1920 жылдардағы әйелдер киімінің элементтерін жиі көруге болады, – дейді стилист Назерке Емил.

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Пальтоның түсі мен фактурасына назар аударыңыз

Биыл пальто таңдағанда оның фактурасына да ерекше мән берген жөн. Былғарыдан жасалған және түрлі түсті модельдер сәнге еніп отыр. 

Қара мен қоңыр сияқты үйреншікті түстермен қатар күлгін, көк, аспан көгі, теңіз түсті көк, camel реңктері де өзекті. Ал материалдар арасында твид, жакард, трикотаж, жылтыр маталар, бисермен безендірілген және қауырсын элементтері бар пальтоларды кездестіруге болады. 

фото: Айзат Жолдасова/ Al
фото: Айзат Жолдасова/ Al

Классикалық пальто-жакет – ұзақ уақытқа арналған таңдау

Ал гардеробын бірнеше маусымға жететін әмбебап затпен толықтырғысы келетіндер үшін классикалық пальто-жакет жақсы нұсқа болмақ. 

Ол сопақ немесе тік жағалы, фактурасы айқын материалдан тігілген болуы мүмкін. Стилистің пікірінше, бұл – бір маусымдық тренд емес, алдағы бірнеше жыл бойы құнын жоғалтпайтын модель. 

фото: LOOKVIS
фото: LOOKVIS

Бастысы – трендті өзіңізге бейімдеу

Назерке Емилдің айтуынша, биыл қыз-келіншектердің таңдауы айтарлықтай кеңейді. Сондықтан сәнде тұрған бір ғана пальтоның соңынан ер міндетті емес. 

Бастысы – дұрыс таңдау жасау. пальтоны бет әлпетіңізге, бойыңызға, мүсініңізге және күнделікті тұрмыс-тіршілігіңізге қарай таңдаған жөн, – дейді стилист. 

Яғни, биыл сәннің басты ерекшелігі – таңдау еркіндігі. Бет әлпетіне, бой ұзындығына, мүсініне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты таңдау жасау керек. 

Оқи отырыңыз