Күзде балалар жиі ауырмауы үшін не істейміз?

Күзде балалар жиі ауырмауы үшін не істейміз?
Фото: Гауһар Мұхтарованың Instagram парақшасы

Күзде балалар жиі ауырады. Көбінесе, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Мұны ата-аналардың көбі мезгіл ауысып, күн салқындағанымен байланыстырады. Десе де дәрігер бәрі иммунитетке келіп тірелетінін атап өтті. Сондықтан педиатр Гауһар Мұхтаровадан күзде ауырмаудың жолдарын сұрап көрдік. 

Дәрігердің айтуынша, күзде балалардың жиі ауру себебінің бірі – ауа райы тұрақсыздығы. Екінші себеп – кейбір вирустардың маусымдық бас көтеруі. Жергілікті иммунитет төмендеуі, бұл жағдайда шырышты қабаттың құрғауы себеп болады. Кейбір балаларда созылмалы аурулардың қозуы иммунитет төмендеуіне әсер етеді, ол кезегінде жиі ауруға себеп болады. 

Құнарлы тамақтанбау, сапасыз ұйқы, ұйқы жетіспеу, баланың жеткілікті мөлшерде су ішпеуі иммунитеттің төмендеуіне әкеліп соғады. Сонымен қатар антибиотикті өз бетінше көп қолдану салдарынан да бала ауруға жиі ұшырайтын болады. Баланың үнемі стрессте болуы, балаға себепсіз ұрсу, жазалау, үй ішіндегі ұрыс-керіс те баланың денсаулық жағдайына кері әсер етеді, – дейді дәрігер. 

Баланың иммунитетін қалай көтереміз?

Дәрігердің айтуынша, баланың иммунитетін көтеру үшін ұйқы, психика, дұрыс тамақтану, қимыл-қозғалыс маңызды. 

Нәресте дүниеге келгеннен бастап барлық жерді, еденді, қолды стерильдеп жатамыз. Бұл – дұрыс емес. Таза болса жетіп жатыр. Антисептикпен, хлормен үнемі өңдеудің қажеті жоқ, – дейді педиатр Гауһар Жұматқызы. 

Гауһар Жұматқызының айтуынша, ұйқы кезінде сағат 2-8 аралығында интерлейкин-6 синтезі болады. Интерлейкин қабыну прцесі кезінде үлкен рөл ойнайды, дирижер сияқты қызмет атқарады. Қабыну кезінде туа пайда болған иммунитеттен жүре пайда болатын иммунитетке эстафетаны жалғастырады. 

Егер адам ұйқысы үнемі дұрыс болмаса кортизол гормоны организмде көбейеді. Кортизолдың қалыпты мөлшері немесе аз ғана жоғарылауы организмге пайдалы, ал үнемі бөлінуі иммунитет реакцияларын бұзады. 

Адамның психоэмоциялық жағдайы мен иммунитет қызметі тығыз байланысты. Депрессия, мазасыздық, стресс, иммунитет жұмысына кедергі келтіреді, ауру ағымын ұзартады. Үйдегі кикілжің, балабақша, мектептегі психологиялық теріс атмосфера баланың жиі ауруына алып келеді, – дейді педиатр. 

Сондай-ақ дәрігер микрофлора біздің организмде көп жұмыс атқаратынын, ас қорытып, витаминдерді сіңіретінін атап өтті. К витамині синтезіне қатысады. Ішек қабырғасын қорғайды және тағы басқа. Ал сол микрофлора үнемі өзгеріп отырады және біз жеген тамақпен олар да қоректенеді. Қимыл қозғалыс, шынықтыру иммунитет жүйесіне оң әсер етеді. 

Ұйқыға көңіл бөлу керек. Ұйқы жетпесе – иммунитет жұмыс істемейді. Балаларға кемінде 9-10 сағат ұйқы керек. Ұйқы – ең күшті иммуномодулятор. Рационда міндетті түрде ет, балық, жұмыртқа, көкөніс. Тек тәтті мен ұн тағамдарына отырғызу – иммунитетті түсіреді, – дейді педиатр Гауһар Мұхтарова. 

Ұйқыдан бөлек, балаларды қоңыр салқын үйде жүріп-тұруға үйрету керек. 

Салқынға шынықтыруды ұсынамын. баланы жылы жерде ұстамау керек. Бөлмені желдету, таза ауа, біртіндеп салқынға үйрету – шырышты қабатты, жергілікті иммунитетті күшейтеді. Қимыл-қозғалыс. Күнделікті далада серуендеу. Қанайналым жақсарады, иммундық жауап тезірек жүреді, – дейді ол. 

Басты ереже – қол жуу

Гауһар Жұматқызының айтуынша, анемия сияқты созылмалы ауруларды емдеу керек. Темір жетіспесе де бала жиі ауырады. Себебін түземей, витамин беру пайдасыз. Күнделікті Д витаминін арнайы дозада, қосымша С витаминін  беруге болады. Немесе құрамында витамин С бар тағамдарды тұтынған жөн. 

Психологиялық жағдай да тікелей денсаулыққа әсер етеді. Күнде 15-30 минут балаңызбен сапалы уақыт өткізіңіз: бірге кітап оқыңыз, әңгімелесіңіз. Стресстің алдын алдыңыз. Балаңызға көп тапсырма бермеңіз, оның ойнауға да уақыты болсын. Мектепте немесе балабақшада жағдайды үнемі сұрап біліңіз, – деді педиатр Гауһар Мұхтарова. 

Одан бөлек дәрігер су ішуді естен шығармауды ұсынды. Газдалған сусындар, дүкеннен тәтті сусын сатып әперу мен шай бас тартуды да атап өтті. Оның айтуынша, бала суды қалауынша ішу керек. Дегенмен ұмытып кетуі мүмкін. Сондықтан жиі-жиі есіне салу керек. Кіші дәреті қоюлау, сары, қоңыр болса, ағзада су жеткіліксіз екенін білдіреді. 

Қол жуу – маңызды ереже. Мектептен, бақшадан, серуеннен келген соң қолды 20 секунд сабындап жуу керек. Ылғалды тазалықты аптасына 2-3 рет жасаңыз. Күніне рационға кем дегенде 3-5 түрлі көкөніс пен жеміс қосыңыз. Мысалы, таңғы асқа – салат, түскі асқа – сәбіз, кешке мандарин беріңіз. Пайдалы майлар рационда болсын: балық, зығыр, зәйтүн майы, грек жаңғағы, – деп атап өтті дәрігер. 

 

Оқи отырыңыз