Жаңалықтар

Күйеуіне жас тоқал сыйлау неге сәнге айналып барады?

Күйеуіне жас тоқал сыйлау неге сәнге айналып барады?
Фото: Әлеуметтік желі 29.01.2024 18:20 2128

Әлеуметтік желіде күйеуінің туған күніне тоқал сыйлағыш әйелдер көбейді. Олар жиналған жұрттың көзінше ақжарма тілегін айтып, алғысын жаударып, артынша сыйлығын көрсетеді. Ал сыйлық болып орамал таққан жап-жас қыздар шыға келеді. Бұл үрдістің белең алып жатқаны соншалық, желі қолданушылары күйеулері туған күніне тоқал сыйлауды талап еткенін де жазып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен желіні шулатқан мына бір бейнежазбаға тоқталсақ. 10 жыл отасқан ерлі-зайыптының бұл әрекеті бүкіл әлемге таралды. Видеода ер адам өзіне жасалған сыйлыққа сенбей, қатты таңданады. Қораптан шыққан жас қыздың қалай келіскенін, ата-анасы бар-жоғын сұрап жатыр. Ал әйелі күйеуінің қолдауына алғыс ретінде сыйлағанын айтады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от АКТОБЕ АФИШИ | КУДА СХОДИТЬ В АКТОБЕ ? (@aktobe_afishi)

Осы видео авторларын іздеп, әйелі тоқал сыйлаған күйеуді де таптық. Оның есімі – Төлеби Ақылбек. Оған журналистік сауалымызды жолдап, көңілге қонымды жауап ала алмадық. Тек соңында кейіпкердің «Бұл әзіл болатын» деген сөзін оқыдық.

Ал күні кеше виртуалды әлемді тағы бір әйел шулатты. Ол да өзінің күйеуіне әдемі қызды «тарту» етті.

Қайрат, туған күніңмен. Саған бақыт, зор денсаулық тілеймін. Саған көптен бері өзің армандаған сыйлықты тарту еткім келеді. Күтіп ал, - дейді әйел.

Бір кезде хиджаб киген Әйгерім есімді қыз «Сұлтановтар әулетіне +1 тоқал сүйікті бәйбішісінен», - деп жазылған тортпен кіріп келеді.

Желіде таралған бұл видеолар қоғамдық резонанс тудырды. Осы орайда этнограф Досымбек Қатранның пікірін білдік.

Бұрынғы дәстүрлі ортада айтамыз ғой. Өзі 2-ші немесе 3-ші әйелді әртүрлі жағдайға қарай алады. Біріншісі – әмеңгерлік. Әмеңгерлікпен өзінің ағасы немесе інісінің әйелін екінші әйел қылып алып жатады. Кейде бірінші әйелі бала көтермеген жағдайларда алып жатады. Кейде осылай бәйбішенің өзі ұйымдастырып, туысы немесе сіңлісі боп келетін қызды алып береді. Сыйлық ретінде беріп жатыр дегенді бұрынғы кезде бұлай дабыра қылып ешкім айтпайтын. Қазіргі кезде сыйлау сән болып кетті. Даурығу деп айтуға болады. Үндемейтіндер үндемейді, жариялағысы келетіндер жариялап жатады, - дейді этнограф.

Ал Нұрлан имам ер адам екінші әйелді қай жағдайда алу керегін түсіндірді.

Ер адам екінші әйелдің жары болуы үшін, шариғаттың үкімі бойынша, бірінші әйелдің ризалышығы талап етілмейді. Талап етілмейді деген сөз айтпа деген сөз емес. Бірінші жары 100 пайыз хабардар болып, ертеңгі күні отбасында кикілжің тумайтындай болуы қажет. Қазір көп азаматтар шаңырақ аттамаған жас қызға үйленгісі келеді. Қателіктің басым көпшілігі осыда шығар. Қазақта тең-теңімен, тезек қабымен деген нақыл бар. Өйткені, жас қызға өзінің Төлегенін тапқанын дұрыс болады. Әйтпесе, үлкен-үлкен азаматтар жас қыздарды ақшамен, қаражатпен, ортасына діни сенімдерді салып, көндіріп жүрген азаматтарды білеміз. Сондықтан бұл нәрседен аулақ болуға шақырамыз. Қоғамда жесір әйел, асыраушысыз қалған адамдарды алса жақсы болады. Бірде бір азамат келіп, «Мен екінші әйел алайын» деп келді. Не үшін алатынын сұрағанымда, «Сауап үшін» дейді. «Сауап үшін болса ауруханада жатқан немесе перзент сүймеген, жақсылық көрмеген әйелдер бар» деп едім, «Ондайдың маған қажеті жоқ», - деп кетіп еді, - дейді Нұрлан имам.

Салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова тоқал алуға қатысты пікірін білдірген еді.

«Екі әйел алыпсың – бар бәлеге қалыпсың» деген сол ғой. Қазір тоқал бәрінде бар. Қалтасы қалыңдардың бәрінде бар. 3-4-тен алып алғандар көп. Бір әйелін дұрыстап бағып алса екен. Бірнәрсеге еленбей қалған кезде «Мен не тоқалдың баласы ма едім» дейді. Көрдіңіз ба? Біздің қазақтардың кейде берекесінің кетіп, бірі былай тартып, бірі олай тартып кетуі қанға сіңіп қалған сол бәйбіше-тоқалдың балаларынан шыққан дүние. Алғылары келсе, алсын. Бірақ ол жерден береке көріп отырған жоқпын, - дейді Зейнеп Ахметова.

Этнограф, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қайдауылқызы бәйбішелер күйеулеріне тоқал алып беруі тиіс деп есептейді.

Еркектің екінші тынысы ашылып, өмірінде үлкен өзгерістер пайда болады екен. Одан кейін бәйбішенің ұтатыны, ол  құрметті болып қалады. Ал екінші әйел азаматтың алдында да, бәйбішенің алдында өзін міндетті сезінеді. Екі әйелдің арасындағы сыйластық күңдестік емес, апалы-сіңілінің қарым-қатынасы сияқты болуы керек. Өйткені, екеуіне ортақ, аялайтын да, әлпештейтін де, сақтайтын да бір азамат бар. Бірі бір шаруасына жараса, екіншісі- басқасына", - дейді этнограф-ғалым.

P/S: Осылайша, "тоқал сыйлау" қоғамдағы маңызды мәселеге айналып барады. Қоғамда сан алуан пікірін айтылып, сарапқа салынып жатады. Әлеуметтік желілерде қыз-келіншектер “екінші әйел болуға дайынмын” деп хабарлама да таратады. Ал сарапшылар қазақ әйелдерінің мұндай рөлге келісуінің себебі оңай жолмен өзін қамтамасыз ету екенін айтады. Алайда бұл балалардың да, ананың да денсаулығы мен психикасына кері әсер етеді.  Ал кей жағдайларда ажырасқан немесе бала-шағасы бар жесір әйелдер жар тапқысы келеді екен. Ал сіздің ойыңыз қандай?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға