Күйеу жігіттің иілуі қайдан шыққан? Этнограф көпшілік шатастыратын дәстүрді түсіндірді

Күйеу жігіттің иілуі қайдан шыққан? Этнограф көпшілік шатастыратын дәстүрді түсіндірді
Фото: AI көмегімен жасалды

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қыз ұзату тойында күйеу жігіттің қайын жұртына иіліп амандасқан видеолары жиі таралып жүр. Бірі мұны қазақтың көнеден келе жатқан әдебі десе, енді бірі «сәлемді тек келін салады» деп, ер азаматқа тән емес әрекет ретінде қабылдайды.

Алайда этнографтар бұл жерде көпшілік екі түрлі ұғымды шатастырып жүргенін айтады. Мәселе – «сәлем салу» мен «иіліп амандасудың» айырмашылығында.

«Қайын жұртына білдірген алғысы»

Этнограф Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, әлеуметтік желіде «күйеубала сәлем салды» деген тіркес қате қолданылып жүр.

Әлеуметтік желіде «күйеубала сәлем салды» деп жазып жатады. Дұрысы – күйеу жігіттің қайын жұртына иіліп амандасуы. Амандасқанда кез келген адам аздап иіледі. Күйеу баланың қайын жұртына иіліп амандасқанын дәлелдейтін фотодеректер де бар. Бірақ мұны «сәлем салу» деп атауға болмайды. Өйткені «сәлем салу» ұғымы қазақ дәстүрінде тек келінге қатысты қолданылады, – дейді Тәттігүл Қартаева.

Этнографтың сөзінше, қыз ұзату кезінде жігіттің иіліп тағзым етуінің де өзіндік мәні бар.

Қызды алып кетер сәтте жігіттің иілуі – қайын жұртына білдірген алғысы. Бұл – рақметін ишарамен жеткізу. Сондықтан оны «сәлем салды» емес, «иіліп амандасты» немесе «иіліп алғыс білдірді» деп айтқан дұрыс, – дейді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Erzhan Tolek (@erzhan_kalymbai)

«Сәлем салу» мен «амандасуды» шатастырмау керек

Маманның пікірінше, бұл мәселеде ақпарат құралдары да терминдерді дәл қолданбай жүр.

Журналистер де сөзді дұрыс қолданбайды, сұрақты да осы қате тіркеспен қояды. Негізінде, алғаш келген адам үлкендерге міндетті түрде амандасады. Бұл – қазақтың дәстүрлі этикасының бір бөлігі. Сондықтан мұндай әрекетті «күйеу жігіттің амандасуы» деп атаған жөн. Қазақтың ер азаматтары үлкендерге құрмет ретінде қолын кеудесіне қойып, басын иіп амандасқан. Себебі қайын атасы, қайын енесі, қайын жұрттың үлкендері, қара шаңырақ бар. Мұның бәрі – үлкенге көрсетілген ізет, – дейді Тәттігүл Қартаева.

Қазақы әдептің көрінісі

Демек, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жүрген әрекет – күйеу жігіттің «сәлем салуы» емес. Бұл – қазақтың дәстүрлі этикасындағы үлкенге құрмет білдірудің бір көрінісі. Яғни ер азаматтың қайын жұртына иіліп амандасуы мен келіннің сәлем салуы – мағынасы да, атқаратын қызметі де екі бөлек дәстүр. Сондықтан бұл ұғымдарды ажыратып қолдану – дәстүрдің мәнін бұрмаламаудың бір жолы.

Оқи отырыңыз