Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер саны күрт артты. Бүгінде бұл жұмыс жүз мыңдаған адам үшін негізгі табыс көзіне айналған. Сарапшылардың бағалауынша, елде 394 мыңға жуық адам платформалар арқылы еңбек етеді. Алайда осы ауқымды саланың бір әлсіз тұсы бар – олардың құқығы толық қорғалмаған.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай дәл осы мәселені көтеріп, премьер-министрдің атына сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі жүйеде жүргізушілер мен курьерлер тұрақсыз табыс табады, әлеуметтік кепілдіктері жоқ, ал кей жағдайда аккаунттары түсініксіз себептермен бұғатталып жатады.
Әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, соның ішінде жанармай мен көлікті жөндеуге кететін шығындарды есепке алу әдістемесін қарастыру қажет, – деді сенатор.
Не өзгеруі мүмкін?
Осы мәселелерді шешу үшін сенатор бірнеше нақты ұсыныс айтты.
Ең алдымен, платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға «тәуелсіз қызметкер» деген жаңа құқықтық мәртебе беру қажет. Бұл олардың еңбек қатынасындағы орнын нақтылап, құқықтық қорғанын күшейтеді. Сонымен бірге олардың табысын қорғау үшін сағаттық ең төменгі төлем енгізу ұсынылып отыр. Яғни жүргізуші немесе курьер тек орындалған тапсырысқа ғана емес, жұмыс уақытына қарай да табыс табуы тиіс.
Салық мәселесіне де өзгеріс енгізу қажет. Қазіргі жүйеде табыс толық көлемде есептеледі, бірақ жүргізушілердің жанармай, көлік жөндеу секілді шығындары ескерілмейді. Сенатор осы шығындарды шегеріп барып салық есептеуді ұсынды. Бұл әдіс табысты әділ есептеуге мүмкіндік береді.
Ақпараттық қателіктер салдарынан туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығару механизмін қарастыру қажет, – деді Жексенбай.
Қауіпсіздік мәселесі де маңызды. Жол үстінде жұмыс істейтіндер үшін тәуекел жоғары. Сондықтан депутат платформалармен бірлесіп, жазатайым жағдайлар мен жол-көлік оқиғаларына қатысты міндетті сақтандыру енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар алгоритмдердің шешім қабылдауына қатысты мәселе көтерілді. Қазір кей жағдайларда аккаунттар автоматты түрде бұғатталып жатады. Сенатор мұндай шешімдерді адам қайта қарап, әділ бағалай алатын жүйе енгізу қажет екенін айтты.
Тағы бір ұсыныс – техникалық қателіктерден туындайтын жалған қарыздар мен өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығару. Бұл да азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Жаңа Салық кодексі нені өзгертті?
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап бұл салада бірқатар өзгеріс күшіне енді. Енді онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін курьерлер мен такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде емес, жеке тұлға ретінде тіркеледі. Бұл норма Yandex, InDrive, Glovo, Wolt сияқты сервистермен жұмыс істейтіндердің барлығына қатысты.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, төлем мөлшерлемесі бұрынғыдай 4% деңгейінде сақталды. Алайда төлем құрылымы өзгерді: жеке табыс салығы алынып тасталып, оның орнына міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Бұл төлемдерді енді платформа операторлары аударады.