Күніне 10 минут бөліп, қоршаған ортаны қалай өзгертуге болады?

Күніне 10 минут бөліп, қоршаған ортаны қалай өзгертуге болады?
Фото: AI көмегімен жасалды

Таза көше, жинақы аула мен қоқыссыз табиғат – тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Қоршаған ортаның жағдайына күнделікті әрекетіміз де тікелей әсер етеді. Көшеге қоқыс тастамау, өзіңнен кейін жинау, пластикті аз пайдалану немесе ауладағы тазалыққа небәрі 10 минут бөлу – қарапайым көрінгенімен, маңызды қадам.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы соңғы көрсеткіштер де тұрғындардың экологиялық шараларға белсенді араласып жатқанын аңғартады. El.kz тілшісі әр адам күнделікті жасай алатын қарапайым әрекеттерді жинақтады. 

«Таза Қазақстанға» 7 миллион адам қатысты

«Таза Қазақстан» бүгінде бір реттік сенбіліктен ауқымды қоғамдық бастамаға айналып келеді.

2026 жылдың 19 қыркүйегінде жарияланған дерек бойынша, жыл басынан бері елде 600-ден астам экологиялық іс-шара өтіп, оған 7 миллион адам қатысқан. Нәтижесінде 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 1,3 миллион түп ағаш егілген.

Инфографика Ел кз 
Инфографика Ел кз 

Тамыз айындағы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінде 500 экологиялық іс-шараға шамамен 6,1 миллион адам қатысқаны, олардың 741 мыңы еріктілер екені айтылған. Сол кезеңнің өзінде 117 мың гектарға жуық аумақ тазартылып, 813 мың тоннадан астам қалдық жиналған еді.

Бұл сандар тазалық мәселесінің тек мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің міндеті емес екенін көрсетеді. Қоршаған ортаға жауапкершілік әр адамның күнделікті әдетінен басталады.

10 минутта не істеуге болады?

Тазалық үшін міндетті түрде бірнеше сағат уақыт бөліп, үлкен сенбілік ұйымдастыру шарт емес.

Мысалы, үйден жұмысқа немесе оқуға шыққанда аулада жатқан бірнеше бөтелке мен қағазды жинап, қоқыс жәшігіне салуға болады. Подъезд маңын ретке келтіру, балалар алаңындағы ұсақ қоқысты жинау немесе үйдің айналасын тазалау да көп уақыт алмайды.

Бір адамның жинаған бірнеше қоқысы үлкен өзгеріс болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ мұны бір ауладағы ондаған тұрғын тұрақты әдетке айналдырса, нәтиже бірден байқалады.

Күніне 10 минутты есептеп көрсек, бір адам бір жылда тазалыққа шамамен 61 сағат уақыт бөледі.

Қоқысты сұрыптауды үйден бастауға болады

Экологиялық мәдениет көшедегі қоқысты жинаумен ғана шектелмейді. Күн сайын үйден шығатын қалдыққа да мән берген жөн.

Пластик бөтелкелер, қағаз бен картон, шыны секілді қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды басқа қоқыстан бөлек жинауға болады.

Ол үшін үйге бірден бірнеше арнайы контейнер сатып алудың қажеті жоқ. Алғашқыда пластикке немесе қағазға жеке қорап не пакет бөліп қою жеткілікті. Кейін мұндай әрекет күнделікті әдетке айналады.

Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі ел көлемінде де өзекті. Ресми мәлімет бойынша, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 30,7%-ға жеткен, ал 2026 жылы оны 40%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Бір реттік заттарды азайту

Күнделікті өмірде бірнеше минут қана пайдаланылып, кейін қоқысқа кететін заттар көп.

Дүкеннен әр барған сайын жаңа полиэтилен пакет алу, пластик бөтелкедегі суды тұрақты сатып алу немесе бір реттік ыдысты пайдалану қалдық көлемін арттырады.

Оның орнына матадан жасалған сөмке алып жүру, көп рет қолданылатын су бөтелкесін пайдалану немесе бір реттік ыдыстан мүмкіндігінше бас тартуға болады.

Бір адамның бір пластик пакеттен бас тартуы үлкен нәтиже бермеуі мүмкін. Алайда мұндай әдет мыңдаған адамның күнделікті таңдауына айналғанда әсері де ұлғаяды.

Заңсыз қоқыс орындары әлі де бар

Тазалық мәселесінің тағы бір қыры – рұқсат етілмеген қоқыс орындары.

2026 жылы ғарыштық мониторинг арқылы Қазақстан аумағында 2642 заңсыз қоқыс орны анықталған. Тамыздағы мәлімет бойынша, оның 2035-і, яғни 77%-ы жойылған. Қалған аумақтарда жұмыс жалғасып жатыр.

Мұндай орындардың пайда болмауына тұрғындардың әрекеті де әсер етеді. Құрылыс қалдықтарын, ескі жиһазды немесе тұрмыстық қоқысты белгіленбеген жерге төкпеу – ең қарапайым талаптардың бірі.

Көктем мен жазда саябақтарда, өзен-көл жағасында және демалыс орындарында адам көбейеді. Демалушылар кеткеннен кейін пластик бөтелке, пакет, бір реттік ыдыс пен тамақ қалдықтарының қалып қоятын кездері бар.

Сондықтан табиғатқа шыққанда бір қарапайым қағиданы есте ұстаған жөн: алып келген затты қайта алып кету.

Егер демалыс орнында қоқыс жәшігі болмаса, қалдықтарды пакетке салып, жақын контейнерге дейін жеткізуге болады. Тіпті өз қоқысыңызбен бірге айналада жатқан бірнеше бөтелке немесе қағазды жинап кету де көп уақыт алмайды.

Ағаш отырғызу ғана емес, оны күтіп-баптау да маңызды

Көгалдандыру – «Таза Қазақстанның» негізгі бағыттарының бірі. 2026 жылдың 19 қыркүйегіндегі дерек бойынша, жыл басынан бері елде 1,3 миллион түп ағаш егілген.

Алайда ағаш отырғызумен жұмыс аяқталмайды. Көшетті суару, оның айналасындағы қоқысты тазалау, жас ағаштарды зақымдамау да маңызды.

Өз ауласына егілген бір ағашқа тұрақты күтім жасаудың өзі қоршаған ортаға қосылған шағын үлес бола алады.

«Біреу тазалайды» деген түсініктен арылу керек

Кейде жерде жатқан қоқысқа қарап, «оны коммуналдық қызметкерлер жинайды» деп өте шығамыз. Бірақ көше, саябақ, аула мен жағалау – барлығымыз пайдаланатын ортақ кеңістік.

Тазалық қызметкерлерінің міндеті болғанымен, қоқысты жерге тастамау үшін арнайы маманның қажеті жоқ.

Мәселен, Астанада 2026 жылдың басынан бері экологиялық іс-шараларға 300 мыңнан астам тұрғын және 9,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысқан. 6400-ге жуық аула аумағы ретке келтіріліп, мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қалада жыл ішінде 400-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған.

Бұл – тазалықты сақтауға тұрғындардың өздері де қатыса алатынының бір мысалы.

Мәселені көрсеңіз, хабарлауға болады

Экологиялық жауапкершілік тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Егер тұрғын заңсыз қоқыс орнын, уақытында шығарылмаған қалдықты немесе абаттандыруға қатысты мәселені байқаса, ол туралы тиісті қызметтерге хабарлай алады.

«Таза Қазақстан» аясында тұрғындардың өтініштерін қабылдау үшін TazaQazBot қызметі іске қосылған. Ресми дерекке сәйкес, бұл сервис арқылы түскен өтініштер саны 2024 жылғы 9 935-тен 2025 жылы 26 137-ге дейін артқан.

Яғни тазалыққа үлес қосу үшін міндетті түрде қолға күрек немесе қоқыс пакетін алу шарт емес. Кейде мәселені байқап, жауапты мекемеге хабарлаудың өзі жеткілікті.

Үлкен өзгеріс әрдайым үлкен әрекеттен басталмайды. Бір адам бүгін ауласын тазалайды, екіншісі пластикті бөлек жинайды, үшіншісі дүкенге матадан жасалған сөмкемен барады, ал тағы бірі табиғатта өзінен кейін қоқыс қалдырмайды.

Осындай қарапайым әрекеттер көбейген сайын қоғамның қоршаған ортаға көзқарасы да өзгереді.

«Таза Қазақстан» аясында миллиондаған адамның экологиялық шараларға қатысуы тазалық тақырыбының қоғам үшін маңызын көрсетіп отыр. Ендігі міндет – тазалықты тек сенбілік өтетін күнмен байланыстырмай, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру.

Ол үшін көп нәрсе қажет емес. Кейде өз аулаңа, көшеңе немесе табиғатқа небәрі 10 минут көңіл бөлу жеткілікті. Өйткені таза Қазақстан ең алдымен әр адамның өзінен басталады.

Оқи отырыңыз