Көпшілік дәрігерлердің өмірі аурухана мен ота бөлмесінің арасында өтеді деп ойлайды. Алайда ақ халаттың ар жағында да қарапайым адам тұр. Оның да отбасы, тұрмысы, жауапкершілігі мен көпшілік біле бермейтін қиындықтары бар. Павлодарлық флеболог-хирург Нұрхат Бауыржанұлы сондай жанның бірі.
Күндіз науқастарға ота жасап, көк тамыр ауруларын емдейтін дәрігер кешкі уақытта такси жүргізіп, жолаушы тасиды. Оның айтуынша, бұл тек қосымша табыс көзі ғана емес, адамдармен жақынырақ танысып, өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Нұрхат Бауыржанұлы медицина саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол қан тамырлары хирургиясы, флебология және лимфология бағытында жұмыс істейді. Дәрігер болу оның бала күнгі арманы болған.
Дәрігер болуды кішкентай кезімнен армандадым. Университетте оқып жүргенде хирургияға қызығушылығым артып, кейін флебология саласын таңдадым. Бұл мамандықтың ерекшелігі – адамның өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Кейде жылдар бойы аяқ ауруынан қиналып жүрген науқастардың емнен кейін жеңіл жүріп кеткенін көресің. Сол кезде еңбегіңнің нәтижесін сезінесің, – дейді ол.
Жастар арасында варикоз көбейіп барады
Нұрхат Бауыржанұлының негізгі бағыты – қан тамырлары мен лимфа жүйесі ауруларын емдеу. Оның айтуынша, соңғы жылдары варикозбен келетін жастар көбейген.
Бұрын көк тамыр аурулары көбіне егде жастағы адамдарда кездесетін. Қазір жастар арасында да жиілеп барады. Бұған отырықшы өмір салты, компьютер алдында ұзақ отыру, қозғалыстың аздығы, артық салмақ пен дұрыс тамақтанбау әсер етеді, – дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, тұқым қуалаушылық та маңызды рөл атқарады. Егер жақын туыстарында варикоз болған болса, аурудың пайда болу қаупі жоғары болады.
Аурудың алдын алу үшін көбірек қозғалып, жаяу жүру керек. Ал аяқта ауырлық сезімі, ісіну немесе көк тамырлардың үлкеюі байқалса, уақыт оздырмай дәрігерге қаралған жөн, – дейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Отадан кейін рөлге отырады
Көпшілік үшін ең қызық сұрақ – хирург неге такси жүргізеді? Нұрхат Бауыржанұлы мұны жасырмайды.
Иә, бос уақытымда такси қызметімен айналысамын. Негізінен қала ішінде жүремін. Бұл қосымша табыс көзі деуге болады. Бірақ тек ақша үшін емес. Түрлі адамдармен танысып, олардың өмірлік тәжірибесін тыңдайсың. Әр жолаушының өз тағдыры бар, – дейді дәрігер.
Ота жасап шыққаннан кейін рөлге отыру оңай емес көрінеді.
Әрине, шаршайсың. Бірақ уақытты дұрыс жоспарлауға тырысамын. Екі жұмыста да жауапкершілік бірінші орында тұрады, – дейді ол.
Жолаушылардың көбі оның дәрігер екенін білгенде таңғалады екен.
Кейбірі сенбей де жатады. Кейін әңгіме барысында дәрігер екенімді білген соң түрлі сұрақтар қояды. Денсаулығы туралы кеңес сұрайтындар да бар, – дейді хирург.
Науқастың өмірі таразыға түскенде
Дәрігер қай жерде жүрсе де дәрігер болып қала береді. Екі жыл бұрын Астана – Алматы бағытындағы рейсте жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлап кеткен.
Ұшақ ішінде бір адамның жағдайы нашарлады. Ұшақ қонғанша оның жағдайын бақылап, көмек көрсетуге тура келді. Мұндай кезде қай жерде жүргенің маңызды емес. Егер сен дәрігер болсаң, көмек көрсетуге міндеттісің, – дейді ол.
Бұл оқиға оның кәсіби жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салған.
Хирургиялық тәжірибесінде есте қалған ауыр жағдайлар аз емес. Шұғыл хирургияда жұмыс істеген жылдары мойыннан, қолдан және аяқтан пышақ жарақатын алған көптеген науқасқа ота жасаған.
Алайда ерекше есте қалған оқиғаның бірі – оқ жарақатын алған сарбаз.
Соңғы ауыр жағдайдың бірі – оқ тиген сарбаз болды. Оның денесінен оқ алуға тура келді. Мұндай отада әр секунд маңызды, – дейді дәрігер.
Осындай сәттерде хирургтың қателесуге құқығы болмайды. Бір ғана шешім адамның тағдырын өзгертуі мүмкін.
Дәрігерлердің көрінбейтін еңбегі
Нұрхат Бауыржанұлы хирург пен такси жүргізушісінің арасында ортақ нәрсе бар деп есептейді.
Көп адам бұл екі жұмыстың арасында байланыс жоқ деп ойлайды. Бірақ ұқсастығы бар. Науқас та, жолаушы да өз өмірін саған сеніп тапсырады. Бірі ота үстелінде жатады, екіншісі көлігіңе отырады. Екеуінде де адамның қауіпсіздігі үшін жауап бересің, – дейді ол.
Қоғамда дәрігерлердің жұмысы туралы түрлі пікір бар. Кей адамдар олардың табысын ғана көреді. Ал мамандықтың артындағы жауапкершілікті бәрі бірдей түсіне бермейді.
Дәрігер болу үшін ұзақ жыл оқисың. Кейін де үнемі білім алып, өзіңді дамытуға тура келеді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Өкінішке қарай, қоғам кейде осыны толық түсіне бермейді, – деді.
Дәрігердің пікірінше, қазіргі медицинаның басты мәселесінің бірі – кадр тапшылығы мен жұмыс жүктемесінің көптігі. Соған қарамастан, ол өз жұмысын жақсы көреді. Өйткені оның сөзінше, мамандықтың басты құндылығы – адамға көмектесу.
Шаршаған кездер болады. Бірақ емделіп кеткен науқасты көргенде бәрін ұмытып кетесің, – дейді Нұрхат Бауыржанұлы.
Күндіз операция жасап, кешке көлік жүргізетін дәрігердің өмірі, бір қарағанда, ерекше көрінуі мүмкін. Бірақ оның әңгімесінен бір нәрсе анық байқалады. Қандай қызмет атқарса да, ең бастысы – адамның сенімі мен амандығы.