Жартылай фабрикаттар, снектер, фастфуд және жоғары деңгейде өңделген басқа да өнімдерді тұтынуды күрт азайту депрессия мен мазасыздық белгілерінің бәсеңдеуіне ықпал етуі мүмкін. АҚШ ғалымдары тамақтану рационын өзгертуге негізделген клиникалық эксперименттен кейін осындай қорытындыға келді.
Калифорния университетінің Сан-Францискодағы ғалымдары жүргізген төрт апталық зерттеуге 18 бен 80 жас аралығындағы, «үлкен депрессиялық бұзылыс» диагнозы қойылған еріктілер қатысқан.
Зерттеуге қатысушылар орта есеппен 13 жыл бойы депрессия белгілерімен өмір сүрген. Олардың рационында жоғары деңгейде өңделген тағамдардың үлесі көп болған.
Сонымен қатар қатысушылардың бірқатарында дене салмағы индексінің жоғары болуы, холестерин деңгейінің көтерілуі, артериялық гипертония және диабет секілді метаболикалық мәселелер кездескен. Эксперимент нәтижелері JAMA Psychiatry ғылыми журналында жарияланды.
Ғалымдар тәжірибені қалай жүргізді?
Зерттеудің нәтижесіне басқа факторлардың ықпалын барынша азайту үшін қатысушыларға эксперимент кезінде қабылдап жүрген дәрі-дәрмектерінің мөлшерін өзгертуге, жаңа психотерапевтке баруға, физикалық белсенділігі мен ұйқы режимін айтарлықтай өзгертуге рұқсат берілмеген.
Эксперимент кезінде қатысушылар белгілі бір кезеңде әдеттегі рационын сақтаған. Ал келесі кезеңде зерттеушілердің бақылауымен жоғары деңгейде өңделген өнімдерді тұтынуды 85 пайыздан астамға қысқартқан.
Рационнан негізінен дайын және тез әзірленетін тағамдар, снектер, фастфуд және құрамында түрлі қоспалары көп өнімдер азайтылған. Олардың орнына өңделу деңгейі төмен азық-түлікке басымдық берілген.
Нәтижесінде тамақтану тәртібін өзгерткен кезеңде қатысушылардың эмоционалдық жағдайында айтарлықтай оң өзгеріс байқалған.
Депрессия белгілері айтарлықтай азайған
Ғалымдар қатысушылардың психологиялық жағдайын бірнеше клиникалық шкала бойынша бағалаған.
Депрессияның ауырлығын анықтауға арналған Монтгомери-Асберг шкаласы бойынша орташа көрсеткіш 21,6 балдан 8,05 балға дейін төмендеген.
Ал адамның депрессия белгілерін бағалауға арналған PHQ-9 сауалнамасы бойынша көрсеткіш 12,8-ден 5,53 балға дейін азайған.
Мазасыздық деңгейінде де өзгеріс байқалған. GAD-7 шкаласы бойынша орташа көрсеткіш 9,35 балдан 4,63 балға дейін төмендеген.
Зерттеушілердің пікірінше, нәтижелер рациондағы жоғары деңгейде өңделген өнімдердің үлесін азайту психикалық жағдайға оң ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.
Дегенмен бұл фастфуд немесе жартылай фабрикаттар депрессияның жалғыз әрі тікелей себебі дегенді білдірмейді. Депрессия – биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және қоршаған орта факторлары қатар әсер ететін күрделі жағдай. Зерттеу тамақтанудың осы факторлардың бірі болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Ішек пен мидың арасында қандай байланыс бар?
Зерттеу авторлары доктор Ньяша Чагведера мен профессор Эндрю Кристал байқалған өзгерістерді ішек пен ми арасындағы күрделі байланыспен түсіндіреді.
Ғалымдардың болжамынша, жоғары деңгейде өңделген өнімдерді шамадан тыс тұтыну ішектің қорғаныш тосқауылына кері әсер етуі мүмкін.
Мұндай тағамдардың құрамында консерванттар, эмульгаторлар, жасанды бояғыштар, қант және басқа да қоспалар жиі кездеседі. Зерттеушілер олардың кейбірі ішектің шырышты қабатына әсер етіп, ағзадағы төмен деңгейлі созылмалы қабыну процестерімен байланысты болуы мүмкін екенін алға тартады.
Ал ішек пен орталық жүйке жүйесі бір-бірімен жүйке, иммундық және гормондық механизмдер арқылы байланысады. Ғылымда бұл құбылыс «ішек–ми осі» деп аталады.
Сондықтан ішек микробиомындағы өзгерістер, қабыну процестері және зат алмасудың бұзылуы адамның эмоционалдық жағдайымен де байланысты болуы мүмкін. Дегенмен бұл механизмдердің нақты қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.
Неліктен жоғары деңгейде өңделген тағамдарға назар аударылып отыр?
Соңғы жылдары ғалымдар ультраөңделген тағамдардың адам денсаулығына ықпалын белсенді зерттеп келеді. Мұндай өнімдерге өндірістік жолмен бірнеше кезеңнен өткен, құрамында үй жағдайында тағам дайындағанда сирек қолданылатын қоспалары бар азық-түлік жатады.
Олардың қатарына кейбір дайын тағамдар, тәтті және тұзды снектер, фастфуд, өңделген ет өнімдері, тәтті сусындар және ұзақ сақталатын бірқатар өнім түрлері кіруі мүмкін.
Мұндай тағамдар көбіне калориясы жоғары болғанымен, талшық, дәрумендер мен басқа да пайдалы қоректік заттарға салыстырмалы түрде кедей болуы ықтимал. Сондай-ақ олардың құрамында тұз, қант және қаныққан май мөлшері жоғары болуы мүмкін.
Бұған дейінгі зерттеулерде жоғары деңгейде өңделген тағамдарды шамадан тыс тұтыну семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары, зат алмасудың бұзылуы және басқа да денсаулық мәселелерінің жоғары қаупімен байланысты қарастырылған. Енді ғалымдар мұндай рационның психикалық денсаулықпен ықтимал байланысына да көбірек назар аудара бастады.
Зерттеу жалғасады
Ғалымдар алғашқы нәтижелерді перспективалы деп бағалағанымен, нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтеді. Эксперименттің ұзақтығы қысқа болған және зерттеуге қатысушылардың барлығында депрессиямен қатар метаболикалық мәселелер болған.
Сондықтан алынған нәтижелерді депрессиясы бар барлық адамға бірдей қолдануға болмайды.
Зерттеушілер 2028 жылы қатысушылар саны көбірек болатын зерттеудің екінші кезеңін өткізуді жоспарлап отыр. Ол рациондағы өзгерістердің психикалық жағдайға қаншалықты тұрақты әсер ететінін және мұндай нәтижелердің басқа адамдарда да қайталанатынын анықтауға көмектеспек.
Әзірге зерттеу дұрыс тамақтануды депрессияны емдеудің жеке әдісі ретінде емес, дәрігер тағайындаған негізгі емге ықпал етуі мүмкін қосымша фактор ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді. Психикалық денсаулыққа қатысты емді немесе дәрі-дәрмек мөлшерін өз бетінше өзгертуге болмайды.