Күн күрт суытып, үсік жүреді: қыркүйекте ауа райы қандай болады

Күн күрт суытып, үсік жүреді: қыркүйекте ауа райы қандай болады
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда қыркүйекте ауа райы құбылмалы болады деп болжанып отыр. Қыркүйекте кей күндері ауа температурасы +30 градустан асып кетсе, артынша бірден салқындап, түнгі температура нөлге жуықтайды. Астана мен Алматыда топырақ бетіне үсік түсуі де ықтимал. «Қазгидромет» 2026 жылдың қыркүйегіне арналған консультативтік болжамын жариялады.

Ел бойынша температура қандай болады?

Қыркүйекте Қазақстанның көп бөлігінде орташа айлық ауа температурасы +9...+15 градус шамасында болады. Оңтүстік-батыста, сондай-ақ солтүстік-батыс пен орталықтың жекелеген аудандарында +16...+22 градус күтіледі.

Жалпы, қыркүйекте ауа температурасы климаттық норма шамасында болады. Тек Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында орташа айлық температура нормадан шамамен 1 градус жоғары болуы мүмкін.  

Солтүстік пен шығыста жауын-шашын көп болады

Қыркүйекте еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады. Ал кей өңірлерде жаңбыр әдеттегіден көбірек жаууы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ Абай облысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының қиыр солтүстігінде, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Атырау облысының солтүстік-батысында жауын-шашын молырақ түсуі мүмкін.

Ал Қызылорда мен Түркістан облыстарының басым бөлігінде жаңбыр аз жауады. Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Жамбыл облысының солтүстік-батысында және Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында да жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болады деп күтіледі.

Астанада күн күрт суытып, үсік жүруі мүмкін

Астанада қыркүйектің орташа ауа температурасы +12,2 градус болады деп болжанып отыр.

Айдың алғашқы онкүндігі ауа райының күрт өзгеруімен басталады. Алғашқы күндері күндіз ауа температурасы +27...+32 градусқа дейін көтерілсе, кейін +13...+18 градусқа дейін төмендейді. Түнде де күн айтарлықтай салқындап, температура +15...+20 градустан +1...+6 градусқа дейін түседі. Осы кезде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Кейін күн қайта жылып, түнде +5...+10, күндіз +17...+22 градус болады.

Екінші онкүндікте де күн бірде жылынып, бірде салқындайды. Алдымен түнгі температура +10...+15, күндіз +22...+27 градусқа дейін көтеріледі. Кейін қайта салқындап, түнде +1...+6, күндіз +13...+18 градус болады. Топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Онкүндіктің соңына қарай күн қайта жылынады.

Үшінші онкүндіктің басында салқын ауа райы күтіледі. Түнде температура +1...+6, күндіз +6...+11 градусқа дейін төмендейді. Кейін аздап жылып, түнде +5...+10, күндіз +11...+16 градус шамасында болады.

Қыркүйекте елордада жаңбырлы әрі желді күндер де болады. Бірінші онкүндіктің басы мен ортасында, екінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндіктің басында жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Екінші және үшінші онкүндіктердің соңында тұман түседі деп болжанған. Сондай-ақ кей күндері бұршақ жауып, дауыл тұруы ықтимал.

Алматыда қыркүйектің соңында үсік жүруі мүмкін

Алматыда қыркүйектің орташа ауа температурасы +17,5 градус болады деп болжанып отыр. Бұл климаттық нормаға (+18 градус) жақын.

Бірінші онкүндікте күн біртіндеп салқындайды. Түнде ауа температурасы +14...+19 градустан +4...+9 градусқа дейін, күндіз +26...+31 градустан +16...+21 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші онкүндікте күн қайта жылынады. Түнде +8...+13, күндіз +22...+27 градусқа дейін көтеріледі. Кейін қайта салқындап, түнде +3...+8, күндіз +15...+20 градус болады. Онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы тағы көтеріледі деп күтіледі.

Үшінші онкүндікте күн біртіндеп суытады. Түнгі температура +8...+13 градустан +1...+6 градусқа дейін, ал күндіз +20...+25 градустан +12...+17 градусқа дейін төмендейді. Осы уақытта топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.

Қыркүйекте Алматыда өткінші жаңбыр жиі жауып, кей күндері желдің екпіні секундына 15 метрге дейін күшеюі мүмкін. Бірінші және екінші онкүндікте найзағай ойнап, екінші онкүндіктің басында дауыл тұруы ықтимал. Сондай-ақ айдың екінші онкүндігінің соңында тұман түсуі мүмкін.

«Қазгидромет» мәліметінше, бір айға жасалған болжам консультативтік сипатта. Сондықтан ауа райы туралы мәліметтер жаңа деректерге қарай нақтыланып отырады.

Оқи отырыңыз