Күміс Сейітова: Қоғам мәдениеті адамның сөзінен көрінеді

Күміс Сейітова: Қоғам мәдениеті адамның сөзінен көрінеді
Фото: kazatu.edu.kz

Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген. Сөйлеу әдебін адам тәрбиесінің, мәдениеті мен парасатының маңызды көрсеткіштерінің бірі санаған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова күнделікті қарым-қатынастағы сөз мәдениеті туралы ой бөлісіп, қоғамдағы әдеп пен өзара құрметтің маңызына назар аударды.

Күміс Сейітованың айтуынша, адамның қандай сөз қолданатыны – оның болмысын танытатын маңызды белгі. Туған-туыспен, көршімен, дос-жаранмен немесе бейтаныс адаммен қарым-қатынас кезінде айтылған әрбір сөз адамның тәрбиесі мен мәдениетін аңғартады.

Қазақ халқы сөйлеу әдебіне әрқашан үлкен мән берген. Бұл тек сыпайы сөз айту емес. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу және кісінің көңіліне тимей, ренжітпей сөйлей білу жатыр, – дейді Күміс Сейітова.

Халқымызда сөз өнері де ерекше бағаланған. Орнымен сөйлеп, қажет кезде дұрыс сөз таба білу – үлкен өнер. Тіпті бір ауыз сөздің өзі талай даудың түйінін тарқатып, адамдарды мәмілеге келтірген жағдайлар тарихымызда аз емес.

Алайда бүгінгі қоғамда сөз мәдениетіне қатысты алаңдатарлық жайттар бар. Қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, әлеуметтік желілерде және күнделікті қарым-қатынаста дөрекі, балағат сөздердің жиі қолданылуы қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай.

Бұл ретте дөрекі сөздің мәселесі тек тіл тазалығымен шектелмейді. Оның астарында өзге адамға деген құрметсіздік жатыр. Өйткені адамның сөзі оның айналасындағыларға ғана емес, өзіне деген қарым-қатынасын да көрсетеді. Әсіресе қоғамдық ортада айтылған әрбір сөздің бала-шағаға, жасөспірімдерге әсері бар екенін ескерген жөн.

Шындығында, әр адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның бір бөлігі, – дейді Күміс Сейітова.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен әдеп мәселесіне қатысты сөздерінде азаматтардың жауапкершілігіне ерекше мән беріп келеді. Себебі мемлекет пен қоғамның мәдениеті тек заңдар мен ресми құжаттардан тұрмайды. Ол ең алдымен адамдардың күнделікті ісінен, мінез-құлқынан және бір-бірімен қарым-қатынасынан көрінеді.

Жаңа Конституцияда заңға негізделген және әділ мемлекет құру идеясы айқындалған. Алайда мұндай қағидалардың шынайы мәні олар күнделікті өмірде жүзеге асқанда байқалады. Адамға деген құрмет ресми құжаттарда ғана емес, көшеде, қоғамдық көлікте, жұмыс орнында, отбасында және қарапайым әңгіме барысында да көрініс табуы керек. Демек, қоғам мәдениетін қалыптастыру үлкен бастамалардан ғана емес, қарапайым әдеттерден басталады. Бір-бірімізге қалай сөйлейтініміз, өзгенің пікірін қалай қабылдайтынымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуіміз – бәрі қоғамның жалпы мәдениетін айқындайды. Сөз – адамның ғана емес, тұтас ұлттың да визиттік карточкасы. Сондықтан әрбір айтылған сөзге жауапкершілікпен қарау – тілге деген құрмет қана емес, қоғамға және өзімізге деген құрметтің белгісі, – деді ол.

Оқи отырыңыз