Жаңалықтар

Құм жұтқан қалалар: Отырар қалашығы

Фараб қаласы туралы не білеміз?
Құм жұтқан қалалар: Отырар қалашығы
Фото: Әйгерім Бегімбет 22.11.2017 15:38 36288

ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы ұсынған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындарына» енген 100 нысанның тізімінде тарихы тереңнен сыр шертетін Отырар қалашығы бар.  Өз замынында өркениеттің ордасы саналып, Батыс пен Шығысты байланыстырған Отырар туралы аз-кем мағлұмат ұсынғымыз келеді.

Қазақстан мен Орта Азияда көпшілікке кеңінен мәлім тарихи қалалардың бірі – Отырыр болып табылады. Ертедегі араб, парсы, түрік саяхатышлары мен тарихшыларының жазбаларында үнемі кездесетін бұлқаланың орнында қазіргі кезде құмыра мен қыш сынықтарына толы үлкенді-кішілі төмпешіктер жатыр. Сөйте тұра, Отырардың ата тарихымызда алатын орны бөлек. Ол халық жадынан өшкен емес. Отырар атауы және оған қатысты аса құнды маңұлматтар тарихи аңыз-әңгімелерде жиі ұшарасады. «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасында Бұқара, Самарқан, Түркістан мен Сайрам әулиелерімен қатар Отырардың атауы және оған қатысты:

«Отырарда отыз баб,

Бабтардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені – Арыстанбаб», - делінуі, оның бүткіл Орта Азия мен Қазақстан көлеміндегі ең ірі діни орталық болғанын танытса керек.

Ал 1890 жылы «Дала уалаятында» жарық көрген аңыз Отырар тарихының  өзгеше беттеріне сілтейді. Ташкенттік Рақым қожа Ғали қожа ұлы Ташкент қаласының тарихын баяндау үстінде бүткіл Орта Азия мен қазақ жеріндегі кенттердің шығуы жөнінде әңгіме ете отырып, бұл қалаларды Афрасияб салдырған дей келе, Отырардың олардың арасындағы орнын белгілей кетеді:

«...Түркістанда көп кенттер салып, әр қайсысының бас – басына былай деп ат қойған; Зәркент, Фаркент, Піскент, Шымкент, Фанакент,одан өзге кенттер. Және Түркістан жақтарына Шыңғыс хан әскерлері келмей тұрып, жоғарғы айтылған кенттер бен айбатболып өсіп, көбейіпеді... Сонда да Арыс суының бек үлкен бөлігі Отырар деген қаласы бар еді».

Отырар тарихы жөнінде және көне қаланың орнында қалып қойған көмбелер жөніндегі әңгімелер көпті қызықтырады. Осыдан болу керек Отырар төбеге де көмбе іздеушілер ат тізгінін сала бастады. Ел аузында сақталған әңгімелер мен орыс зерттеушілерінің жазбаларына қарағанда XIX - ғасырдың аяғында Отырарда «көмбе қазушының» бірі сонау «Меккеден келгенмін деген бір диуана болыпты. Оны халық Жертышқан-ишан деп атапты. Ол Отырар орнында үлкен қазба бар деген мағлұматты көне кітаптардан оқып алса керек, әуесқой «археолог» екі ай бойы қазба жүргізіпті. Іздеген мол олжасына кезікті ме, жоқпа? ол жағы бір Құдайға мәлім, күндердің бір күнінде өзінен-өзі ізім-ғайым жоқ болыпты.

Е. Орлованың «Александр Македонский» атты кітабындағы мына бір тарихи деректерге назар аударсақ: «Біздің дәуірімізге дейінгі 328 жылдың жазында қыпшақтар жайлаған кең өлкеге Александр Македонский жеткен. Тау суындай тынымсыз сарқырап, жер-жиһанды жайпап келе жатқан мың сан қол қалт тұра қалды. 28 жасар жиһанкез қолбасшының өткір көзі алысқа қадалып, сондайда бұлдырап сағым ойнап жатқан Яксарты (Сырдария) бойынша шолды. Одан әрі қарауытып Қаратау көрінеді. Меңіреу, үн-түнсіз жатқан құла дүз. Қияннан кішігірім қалашыцқтар көрінеді. Бірақ олардың күмбездері көкті шаншып, қорғандары жауды жауды тайқытып тұрған жоқ. Оның ар жағында жапан дала, жадау өлке, құба жон.

Осынау кең даланың төсін жайлаған көшпелі сактар (қыпшақтардың арғы атасын осылай атаған) туа біткен жауынгер атқа мықты, жебедей ұшқыр жандар екен. Яксартының жағасында Александр қолы қонған бірінші күні-ақ әлгілер тұс-тұстан андыздап ат қойды. Кәнігі сарбаздар орындарынан атқып тұрып аттарына жетем дегенше зырқырап тиген жебелер талайын алып түсіп жатты. Көшпелі сақтардың оларды қатты шошытқаны: қашан да тұтқиылдан тиіседі, шеп құрып тіріесіп ұрыспайды, қолдың етек-жеңін жұлмалап жұлып соғысады екен. Бүйте берсе, найзасы мұқалмай, жебесі жұтамай келе жатқан Александрдың қаһарлы қолы тозып кететін түрі бар. Бүйте берсе, осы даланың төсінде қаптай өрген сактардың жемі болып құритын сыңайы бар. Александр Македонский әрі қарай барғысы келмеді. Ат басын кейін бұрды. Тұтасқан шаң, жер-көкті сілкіліген дүбір көпке дейін басылмай, кең даланы, оның төсіндегі Фараб (Отырар) қаласын да дірілдетіп тұрды» деп жазады.

Келесі бір тарихи деректерде Отырар қаласының орнында ең алғашқы қоныс біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда пайда болғаны жазылады. Алғашында Отырар қаласы Фараб деп аталған.

Фараб қаласы тарихта тұңғыш рет IX ғасырдың басында атала бастады. Араб тарихшылары, саяхатшылары өздерінің жазған жылнамаларында «Фараб қаласы қазір араб халифінің ең күшті жауларының бірі. Ол күн санап өсіп, нығайып келеді» деп қауіптене жазған еді. Қаланың күн санап өркендеп, мәдениетті сауда орталығына айналып келе жатөқанын олар қызғана, қызыға жазды. Уақыт зымырап өте берді. Фараб қаласы араб халифаларының қорқытатын дәрежеге жетті. Сәнді, сәулет, үлкен байлық қосыла берді.

Фараб қаласы бертін келе Отырар аталды. Отырардың тез өсіп, гүлденуіне ең алдымен жағдай туғызған батыстан шығысқа созылып жатқан «Жібек жолы»  атты ұлы керуен жолы еді. Бұл керуен жолы Шығыс Еуропа, Орта Азия, Монғолия, Қытай саудагерлерінің сан ғасырлар бойы өтіп жататын қатынас жолына айналды. Мың сан керуен осы жол арқылы шеру тартып, Шығыс пен Батыстың арасын жалғастырып жататын қала орналасқан жер де аса құнарлы болатын.

Отырарда үлкен медіресе, базар, ұстахана, гүртхана (шығыс қалаларында шарап ішетін орын), монша, мешіт мавзолей, сауда дүкендері, тағы басқа мекен-жайлар болды. Отырар халқының саны да күн санап өсе берді. Ол – қыпшақтардың сауда-саттық жасайтын, оқып-білім алатын қара шаңырағына айналды. Шығыстың екінші Аристотелі атанған әйгілі философ, математик, музыкант Мұхаммед бен Тархан Әбу-насыр әл-Фараби осы қалада 870 жылы дүниеге келді.     

Ал, белгілі зерттеуші Дүкенбай Досжановтың «Құм жұтқан қалалар» атты кітабындағы «Ежелгі Отырар» атты еңбегінде келесідей дерек айтылады.

«Біз Отырар мемлекеті жайында сонау араб тарихшыларының деректерінен ғана тереңірек білеміз. Арабтардың келуіне дейін бұл мемлекет жазылған мәліметтер мүлде жоқтың қасы еді. Араб халифалары бұл елге көптеген жорықтар жасайды. Талай тарихшы, талай жансыздарын жіберіп, зерттетеді. Әйтсе олар қыпшақтарды қылыш күшімен ғасырлар бойы бағындыра алмады. Бұл қазақ фольклорында не қилы шежіре, қиссалар айтылған. Жоғарыдағыларға қосымша айта кететін бір жай, Отырар мемлекеті ертедегі тарихи мәліметтерде көп уақыт бойы «Осрушна» деп аталып келді. Мемлекеттің осылайша аталуы кезінде біраз зерттеушілерді де әуре-сарсаңға салып, шатастырды. Әйгілі шығыс зерттеушісі, академик В.Бартольд, зерттеуші И. Кастанье сынды ғалымдар бұл туралы әр түрлі жорамалдар жасады. Олар «Осрушнаны» қазіргі Самарқан маңындағы Шахристан, не Ұратөбедегі қалалардың қалдықтары дегенге саяды. Сонымен қатар олар «Осрушнаны» мемлекет деп қарамай, жалғыз-жарым қаланың аты деп түсіндіріп келді».

Отырарда ғылыми негіздегі алғашқы қазба жұмыстары 1904 жылы А. Краленің басшылығымен жүргізілді. Археологиялық қоғам 300 сом қаржы бөліп,төбенің бес жерінен траншея қаздырады. Әрине, бұл алып қаланың көне тарихын археологиялық тәсілдермен танудың тұңғыш қадамы еді.

Көп жылдық үзілістен кейін Отырарды зерттеу А.Н. Берштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедиция мүшелерінің үлесіне тиді. Отырарды кең түрде зерттеу жұмыстары 1969 жылы басталды. Кемел Ақышев басшылық еткен комплексті экспедицияның ширек ғасырдан астам уақыт жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген кейінгі ортағасырлық қала болып табылады. Көне қаланың археологиясына қатысты үш монография, жүздеген ғылыми мақалалар жарияланды.

Отырарда табылған жәдігерлердің басым бөлігі Шәуілдірдегі мемлекеттәк археологиялық қорық – музейінде сақтаулы тұр. Отырар ауданының тұрңындары астаналық археологтар зерттеу жұмыстарын бастамай тұрғанда-ақ кездейсоқ табылған заттарды жинап өлкетану музейін құрған. Осылай жинап келген бұйымдарының кейбірінің сыры енді ашылып отыр.

Музей қорында КП 1305 белгіленген ауданы 73х39 см. қалыңдығы 8см. ақ сары түсті қыштың бөлігі бар. Оның бетіне төрт қатар араб жазуы түскен. Жеке өренктің ішінде тігінен «санат 799» деп заттың жасалу уақыты көрсетілген. Оны қазіргі жыл санауымызға көшірсек. бұл 1397 жыл болып шығады. Қазақ жеріндегі көне жазуларды зерттеген шығыстанушы В.Настич бізге бұл қыштың адам басына қойылған құлпытастың бір бөлігі екенін,оның бетінде қазының (сот, төреші) қызы Сұлтан Тұрхан хатынның есімі жазылғанын хабар етті.

Ал музей қорында сақтаулы тұрған бір экспонаттың сыры әлі де толық ашылмай тұр. Бұл биіктігі 106 см. жоғарғы аузының диаметрі 24см. қыш құбыры. Оның жоғарғы бөлігі құмыраша жасалған да, негізгі бөлігі қолмен пошымдалып келтірілген. Құбырдың төменгі жағында жиегінен 8см.биіктікте өнім күйдірілмей тұрғанда сызалап, араб әріптерімен жазу түсірілген. Жазуды әуелі көрген В. Настич қатты таңырқады. Өзіне-өзі сенбегендей,ол ең бірінші сөздің «перғауын» болып оқылатынын айтты. Көне мысыр билеушілерінің лауазымы Отырардан шыққан құбырда қайдан жүр? Жазу көшірмесін Эртимаждың шығыс бөлігі меңгерушісі, әйгілі шығыстанушы ғалымА.А.Ивановқа жібердік. Ғалым бұрын соңды құбыр бетіндежазу атаулының кездеспегенін және бұл жазуды ажырату үшін Париждегі ғалым Юсуф Рабшуға өтініш айтқанын хат арқылы хабар берді. Жазу сырын Франция астанасындағы шығыстанушы шешіп берді. Құбыр бетіндегі жазу Құранның 85-сүресінің 18 аятының бір үзіндісі болып шықты. Бірақ қасиетті кітаптағы сөйлемдер құбыр бетіне неліктен жазылған екен, деген сауалға әлі де жауап жоқ.

Отырар жәдігерлері мен археологиясының беймәлім қырлары, сырлары әлі де көп. Оларды танып білу үшін біздің пікірімізше ең алдымен Отырар тарихының негізгі бағыттарын анықтап алумыз керек. Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған «Отырар тарихы» осындай мақсатта жазылды.

                                  Отырар қаласының іргесі қашан қаланды?

Бұл сұраққа қысқа жауап беру қиын. Қазірше Отырар төбенің солтүстік-батыс шетінде археологтар салған стратиграфиялық қазба осы жерде қаланың ең төменгі мәдени қабаты IV - VI ғасырларға жататынын анықтады. Отырар қаласының негізі бірінші ғасырда немесе одан да ертерек уақытта қалануы ғажап емес. Отырарға таяу орналасқан Арыс өзенінің арғы беткейіндегі Қостөбе деп аталатын археологиялық ескерткіште I-IV ғасырға тән керамика үлгілері табылған-ды.

Қала атауының этимологиясы жоғарыдағы сұраққа жауап бергенде көмек берері сөзсіз. Отырар сөзінің шығуын алғаш түсіндіруге әрекет еткен Н.Лыкошин болды. Ол оның есімін қаланың көп рет талқандалып өртенгеннен от сөзінен туындаған деді. Алайда бұл жорамалға В.В Бартольд үзілді кесілді қарсы болды.

Біздің пікірімізше, қала есімін зерттеп түсіндіруде оның ертедегі атауы үлгісі негізге алынуы тиіс. Сондықтан біз XIII ғасырдың араб ғалымы Якуттың географиялық сөздігіне жүгінсек:

«Тұрарбанд...  Сейхұнның ар жағындағы қала, Шаштың Мауараннахрға іргелес ең алыс қалалардың бірі. Бұл елдің халқы осы атты әр қилы атайды және олар Тұрар, әрі Отрар деп сөйлейді». Тұрар сөзі бізге Сырдың орта ағысын мекен еткен арғы бабаларымыз – тұр тайпаларының есімін еске түсіреді. Осы тұр елі мекен еткен өлкені Тұран деп атаған. Фердаусидің «Шахнама» сындағы Тұран деген ұғымды зейін салып тексерген В.Шуховцов бұл атаумен  Сырдың орта бойындағы Испиджаб, Фараб, Шавғар, Сауран, Канг-дих деп аталатын уалаяттардан тұратын өлкені атағанын анықтады.

Авестаға, Шахнамаға сүйенсек Тұранның астанасы Канг қаласы болған. Ол қытай деректеріндегі Кангюй деген мемлекет зерттеушілердің пікірінше Сырдың орта ағысында орналасқан. Көне түркі жазбаларында бұл өңір Кангу Тарбан деп аталыпты.

С.Г.Кляшторный деректерде аталатын Тарбан қаласы Отырар болуы тиіс деп санайды. Визянти патшасы Константин жазбаларында шығыстан көшіп келген тайпаның атыкангар деп көрсетеді. Зерттеушілер кангар тайпасының Сыр бойына, Канг жерінен көшіп келгенін дәлелдеді. Канг елін мекендеген тайпалардың аты «кангар» болса, сол өңірдің ежелгі аты – Тұран, Тұранды мекендеген тұр тайпалары «тұрар» болуы заңды. Сондықтан біз Отырар- Тұрар сонау сақ яғни тұр тайпалары заманынан қалған көне атау деп санаймыз.

Әрине Отырар өңірін адамдар ертеден тас, қола дәуірлерінен мекен еткен. Отырардан Қаратауға қарай 50 шақырым жерде, төрткүл маңында табылған ыдыс назар аударарлықтай. Ыдыстың бітімі, өренгі оның археологиясында «андронов» деп аталатын қола заман мәдениетінің көзі екенін көрсетіп тұр. Ол шамамен біздің заманымыздан бұрын IX-X ғасырларда жасалған.

                             VIII-XII  ғасырлардағы Отырар

Зерттеушілердің басым бөлігі Отырардың басқа бір атауы Фараб болғанына күмәнданбайды. Алайда әуелі Отырар мен Фараб екі бөлек көрші орналасқан уалаяттар болғаны жазба деректерден байқалады. Сырдарияның сол жағалауындағы аудан Фараб, ал оң жағалауындағы уалаят Отырар деп аталған. Мұны IX ғасырдың араб тарихшысы ат-Табари еңбегінен де байқауға болады. Мұнда 739 жылы Омеядтарға қарсы шыққан және түркілерден қолдау тапқан мұсылмандардың басшысы ал-Харис ибн Сұрайджтың Фарабқа кетуіне Хорасан әкімі мәжбүр еткені хабарланады.

Осындай жағдайлармен Фарабқа келген мұсылмандар ислам ішіндегі демократиялық идеяларды насихаттаған топ болды. Араб халифатының бас үкіміне қарсы шыққандарды түркі билеушілері қолдап отырғаны белгілі. 809-818 жылдары Хорасан әкімі болған ал-Мамун өз уәзіріне халифпен соғыс басталар алдында саяси жағдайдың күрделеніп кеткенін айта отырып Отрарбенд патшасының әдетте төлеп келе жатқан алым-салықтан бас тартқанын алға тартады. Араб тарихшысы Абу-л-Валид Мұхаммедал- азрақи шығармасында ал-Мамунның 812-817 жылдар аралығында Отырарға қарсы жорыққа арабтың белгілі қолбасшысы Фалд ибн Сахлды жібергені айтылады. Мұның нәтижесінде шекарадағы қарлық басшысы өлтіріп, қарлық жабғуының әулеті тұтқынға алынады. Осы мағлұматтарға қарап қарлық билеушілерінің ордасы Отырарда болуы мүмкін деген жорамал туады. Фарабтың IX ғасырда қарлықтарға бағынышты болғанын Ибн Хордадбех қоштайды.

870 жылы Фарабта дүниеге келген Әбу Насыр Мухаммед ибн Узлуг ибн Тархан ат-Турхи ана тілімен қатар жасайтынын арабша білген. Мұсылман дінін оның әкесі қабылдаған деп саналады.

X ғасырдың басында бұл өңірді саманиліктер басып алады. Барабта 922-923 жылдары әмір Насыр ІІ ибн Ахмад атынан соғылған мыс теңгелер табылды. Осы теңгелерде саманилік әулиетінің өкімімен қатар Барабта сол кезде әкім болған кісі есімі Әлі көрсетілген. Отырыр-Барабта теңге соғу ісін қаланың экономикалық тұрғыдан өсіп-көркеюінің бір айғағы деп түсінуіміз керек.

Х ғасырдың аяғында қарлықтар арасынан шыққан қарахан әулеті саманиліктерді талқандап Орта Азияны өзіне бағындырады Отырар қарахандар билік жүргізген жеке иелікке айналады.

Қалада зәулім құрылыстар салынды. Қазба барысында сәулетті ғимараттарды нақыштау мақсатында жасалған терракоталар көптеп табылуда. Отырар рабадына ХІ-ХІІ ғасырларға жататын екі монша табылды.

Отырардың жоғарғы қабаттарынан тас астау табылған болатын. Біз оны қарахандық дәуірге жатқызамыз. Бетінде ою- өрнек ішіндегі араб жазуы әлі де оқылмаған. Ұқсас тас астаулар Таразда, Меккеде бар. Мұндай тас астауларды әдетте билеушілердің қыздары жасатқан екен. Тас астаулар жасату көпір салу тәрізді ислам дінінде сауапты істер қатарына жатқан.

Қарахандықтар дәурінде түркілер арасында ислам діні, иасауи ілімі кең тарады. Түркі сопыларының басында Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы Арыстанбаб тұрды. Кейінде Отырар түркі сопыларының орталығы болды.

ХІІ ғасырдың 30-40 жылдары қарақытайлар барлық дерлік қарахандық иеліктерді өздеріне қаратты. Жатжұрттықтардан қысым көрген Отырардың ең соңғы билеушісі ал-Хақан ал-Әділ Шамс ад-Дуниа ва-д- Дин Кутлуг Білге хақан діні бір ғой деп Хорезмшах Мухаммадті қоштады. Мұнымен қатар бұрынғы өз әскерімен Хорезмшахқа қол үшін берген көмегі ескеріледі деп санады. Алайда кез-келген жатжұрттықтың аты да, заты да бір болып шықты. Хорезмшах билігіне төзе алмаған Отырар билеушісі 1210 жылы бой көтерді. Қарсылықтың нақты баяны бізге беймәлім болғанымен ол күшпен басылғаны белгілі. Отырар билеушісі Білге хан Ниса қаласына айдауға жіберілді, 1212 жылы оның басы алынды. Отырардағы билігін паш ету мақсатында хорезмшах 1210 жылы өз атынан теңге соқтырады.

         ХІІ-XVIII ғасырлардағы Отырар қаласының тарихы

Отырар қаласының орны Арыс өзенінің Сырдарияға қосылар жеріне таяу жатыр. Бұл қазіргі Отырар ауданының орталығы Шәуілдірден солтүстік-батыста, Темір атты темір жол станциясынан батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта тұрған Талапты ауылының іргесінде. Отырар төбе деп аталатын үлкен төбе теміржол бойынан да және төрт-бес километр қалғанда автомобиль жолынанда көрінеді.

Рабадтың оңтүстік бөлігіне таяу жерде жобада сегіз санының пошымына келетін үлкен ойпат бар. Бұл – Отырардың жалпы ауданы 200х500 м. су қоймасының орны. Онда 408.000 м3 су жиналатын болған. Жиналған су қыш құбырлар арқылы рабад аймағына тараған. Осындай құбырлардың бір бөлігінің жер асты галерея ішімен су қоймасының солтүстік бұрышынан солтүстік - батысқа қарай жүргізілгені анықталды.

Монғол әскерінің Отырарды басып алуы

Кейінгі ортағасырлық Отырар тарихы археологиялық әдебиетте біршама қарастырылған. Алайда қазба жұмыстарының барысында табылған археологиялық материалдар, шығыстану саласындағы жаңалықтар, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерді тарихи дерек ретінде пайдалану Отырар тарихына қатысты кейбір дәстүрлі көзқарастарды қайта қарап, қала өңірінде болған күрделі оқиғаларды жаңаша баяндауға мүмкіншілік беріп отыр.

Отырарда 1219 жылғы болған оқиғалар жөніндегі археологиялық деректердің мағлұматтарына назар аударайық. 1969 жылғы Отырардың стратегиялық қазба орнвнда ХІІ-ХІІІ ғасырлардың басына жататын қабаттарды  өрт, не болмаса бұзып, жермен -жексен ету іздері байқалмайды.

Осымен қатар археологиялық зерттеулер Отырар халқының жоғарыда айтылған өрттен кейін азғана уақыт өтісімен қала ішіне, өз үйлеріне қайта ораоғанын көрсетеді. Отырар жермен-жексен етілген жағдайда және оның тұрғындары түгелімен өлтірілгенде мұндай іздер болмас еді.

Отырардағы 1219 жылғы оқиғаларды қалпына келтіруде жазба деректердің Сырдарияның ортаңғы мен төменгі ағысындағы қалаларды жаулап алушыларға көрсеткен қарсылығы жөніндегі хабарларға назар аударайық. Сығанақ пен Ашнас қалалары тұрғындарының өз шаһарларын монғолдардан қорғауға тікелей қатысқаны айтылады.

Отырардың бұл кезеңде өркендеуін алдымен оның Темір империясының құрамында болуымен байланыстыруға болады. Әмір Темір өз саясатында осы елдің көшпелі және отырықшы  халқына арқа сүйеуді көздеп, ХІІ ғасырда салынған Қожа Ахмет Иасауи мазарының орнына кесене тұрғыза бастайды. Сырдария бойындағы көшпелілерді өз жағына тартуды, олардың қолдауына ие болуды мақсат еткен. Міне, осы кезде Отырар маңындағы Арыстанбаб кесенесі қайта көтерілді. Осыған орай халық арасында кең тараған мына аңызға назар аударған жөн: «Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні жасыл алып өгіз көтерілген дуалдарды мүйзімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға қайталанады да, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жәй Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір шал келіп аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстанбаб моласының үстіне мазар көтеруге әмір еткенін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысы ойдағыдай аяқталады».

Әмір Темір кезінде жүргізілген жұмыстардың көзі ретінде ғимараттың мешіт бөлігіндегі екі ағаш ұстандарды айтуға болады. Қарағаштан шабылған тіреулердің табаны сегіз қырлы, орта белінен бастап кеңейе түседі. Олардың бас жағы, мойны жұлдызша,төркөз тәрізді өрнектермен безендірілген. Ұстандарды зерттеген В.Л.Воронинаның пікірінше, дәл мұндай пішіндітіреулер Қазақстанның, не Орта Азияның басқа бірде-бір ескерткішінде жоқ. Аты белгісіз Отырарлық шебердің қолынан сомдалған ұстандар XIV ғасырдың аяғында, не XV   ғасырдың басында жасалыпты. Олардың бетіндегі оюлар К.Ақышев, Е.И.Агееваның пікірінше, қазақтың дәстүрлі нақыштарына сай келеді.

Сыр бойындағы көшпелілер Темір империясына қауіп төндіріп отырды. Мысалы, 1376 жылдың көктемінде Темірлан Сары Бұғы қыпшақты, Әді Шах жалайырды 30 мың атта әскермен Моғолстан билеушісі Қамар ад-динге қарсы аттандырады. Алайда олар Темірдің Хорезмге кеткенін пайдаланып, өздеріне қарсы қыпшақ пен жалайырды қосып самарқанды басып алуға әрекет жасайды.

Осы жағдайларға қарамастан Темір Сары Бұғы қыпшақтың ұлдарын өзіне тарта білді. Сары Бұғы қыпшақтың ұлы Шейх Нур ад-дин Темірдің бас қолбасшыларының бірі болды. Сары Бұғаның екінші баласы Бердібек Отырарда әкім еді. Бұл әулеттің Сырдарияның орта ағасы өңірінің төл перзенті екенін Бабырнамадан аңғарамыз. Оны «Темірдің рақымы түскен түркістандық қыпшақ бегі Шейх Нур ад-дин делінеді».

Деректердегі жазбаларға сүйене отырып, Отырар әкімі Бердібектің сарайын елестетуге болады. Бұл сарайдың бөлмелері көп болған. Себебі Шараф ад-дин Иездидің көрсетуінше, 1405 жылғы Темір жорығына бірге аттанған бір топ шахзадалар мен әмірлер, басқа да жоғары атақ иелері осы бөлмелерге бір-бірден жайғасқан екен. Бұл сарайдың қабылдау бөлмесі болған, оны Л.А.Зимин премный зал деп аударыпты. Осы бөлмеде Темір Тоқтамыстан келген елшілерді қабылдайды.

Археологиялық қазба жұмыстарының барысында Отырар шахристанынан жалпы ауданы 60х22 м мешіт аршылған. Ол күйдірілген қыштан салынып, төбесі күмбезделген сәулетті құрылыс болған. Терезе ойықтары панджарамен өренктеліпті. Мешіт сырты сырлы қыштармен, төртбұрышты майоликамен көмкерілген, мешіттің бас есігі мұнаралы пештак үлгісінде жасалынған. Қазба жүргізген археологтар бұл мешітті XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында салынған деген тұжырымға келді. Бұл мешітті осы кезде Отырарда әкім болған Сары Бұғы қыпшактың ұлдары салдырған депойлаймыз. Нур ад-дин бай болғаны жөнінде деректер бар. нур ад-дин Мұхаммедтің соғыс барысында олжалаған дүниелері Ақсақ Темірге сыйға тартуы жөнінде Ғийас ад-дин жазбаларында әңгімеленеді. Темір диванының хатшыларына осы дүниелердің бәрін тізіп жазуына үш күн қажет болғаны айтылады. Нұр ад-диннің Қытай билеушісіне сыйға үйір-үйір жылқы мен түйе сыйлағаны қытай деректеріндеаталады. 1995 жылғы қазбалар Отырардың осы бөлігінде мешіттің жалғыз болмағанын көрсетеді. Мешітке қарама-қарсы 40м. жерде қыштан өрілген сәулетті құрылыс орын табылады. Ол 28х28х5см. қыштан көтерілген. Оның әзірге үш бөлмесі толық аршылды. Құрылыс бөлмелерінің қабырғалары әр түрлі. Ең үлкен бөлменің ауданы 6,32м х 8.30м. Тазалау барысында осы бөлмеден ганч табылуына қарағанда оның төбесі күмбезделіп жабылған.

Темір дүние салған соң, империя ішінде таққа талас туады. Осы соғыстарға Шейх Нұр ад-дин белсене қатысады. Самарқанд тағына Халиль Сұлтан орныққан кезде, ол Отырарды иеленіп орталыққа бағынудан бас тартады. Нұр ад-диннің талабы бойынша оған әйелдікке Темірдің жесірі Тұман-ақаны беруге мәжбүр болады.

Археологиялық зерттеулер XV ғасырдың басында Отырарда үлкен өзгерістердің болғандығын көрсетеді. Дәл осы кезеңге дейін қаланың айналасында бірнеше ғасырлар бойы қызмет еткен шеберханалар өз жұмысын тоқтатады. Дәл осы уақытта қала ортасындағы қорған ішіндегі бос жатқан жерлерде үйлер салынып, жаңа орамдар пайда болады. Қазба ауданында пайда болған тұрғын үйлердің ішінде керамикелық шеберханалар болған. Қала орталығында қара түтін мен ыстық леп ұрып тұратын құмдандары бар керамикелық шеберханалардың пайда болуы гигиеналық тұрғыдан алып қарағанда қолайсыз жағдай. Сонымен бұл шеберханалар үшін қажетті шикізат: су, саз және отынды жеткізуоңай шаруа болмаса керек. монғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде шахристанда керамикалық өндірістің орныныңтабылмағандығын ескергеніміз жөн. Сонымен археологиялық деректер қала айналасындағы қолөнершілер өздерінің кәсібіне тиімді жерлерден жұмыстарына қолайсыз, қосымша қиындық туғызатын қорған ішіне көшкендігін көрсетіп тұр. Мұндай жағдай бекерден- бекер болмайтыны хақ. Бұған ұсталарды үлкен қауіп-қатер мәжбүрлесе керек. Яғни, отырарлықтар соғыс пен жаугершіліктен алдын-ала қауіптеніп, қамал ішіне көшкен деген тұжырымға келуге болады.

XV ғасырдың басында Отырарда бүткіл қала көлемін қамтыған өрт болады. Оны Л.Б. Ерзакович «Отырардың жалпы қалалақ өрті» деп атады. Мәдени қабаттардың стратиграфиясын бақылау, талдау және сол қабаттардағы табылған теңгелер өрт уақыты Халиль Сұлтанның билік жүргізген кезінде (1405-1409ж.ж.) не болмаса сол мезгілден сәл беріректе болғанын көрсетеді. Жазба деректерде Отырардың XVғасырдың басында өртеніп талқандалғаны жөнінде  мағлұмат жоқ. Алайда темірліктердің кезіндегі оқиғаларды сараптау бізге бұл өртті белгілі-бір оқиғамен шендестіруге  болатындығын көрсетіп отыр. Нақтарақ айтсақ, Нұр ад-дин 1410 жылдың көктемінде Ұлықбек пен оған қамқаршы болып тағайындалған Шахмәлікке қарсы шығады. Қызыл Рабадта 20 сәуірде болған шайқаста Нұр ад-дин Ұлықбек пен Шахмәлік әскерлерін тас-талқан етеді. Бұқара мен Шахрисябзге өз әкімдерін жібереді. Осылайша Нұр ад-дин бүткіл Орта Азияға өз өкімін орнатқандай болды. Тек Гераттан Шахрух әскерінің Ұлықбек пен Шахмәлікке келіп жәрдем беруі бұл жағдайды күрт өзгертеді. Жазба деректерде 1411 жылы қаңтарда Шахмәлік Нұр ад-динге қарсы Сырдария бойына жорыққа шығады.Біздің пікірімізше, бұл соғыс Нұр ад-диннің астанасы Отырарды айналып өтуі мүмкін емес еді. Сонымен, Отырардағы алғашқы бүкіл қалалық өрт 1411 жылы болды деген тұжырымға келеміз. Өрттің алдында қала халқының Отырар айналасынан қамал ішіне кіруін біз осындай жағдайлардың салдарынан, яғни мәжбүрліктен туындаған әрекет деп ойлаймыз. Алайда отырарлықтарға қамал қалқан бола алмады. Өрттің нақ әскери оқиғалармен байланысты болғанын өртенген үйлердің қасында адам қаңқаларының табылуы, ал қазба орнындағы қабат деңгейдегі бірінші үйден  қылыштан жарақат алған адамның бас сүйегінің табылуы осы пікірді қоштап тұрғандай.

Алайда сол кездегі Түркістан уалаятының орталығы болып есептелген Отырарда тіршілік қайта жанданып, өмір қайта қалпына келді. Өртенген жайлардың орнына жаңа үйлер көтерілді. Нумизматтардың анықтауынша, Отырарда 818 жылы (1415-1416ж.ж.) мыс теңге соғылады. Бұл Отырарда соғылған ақырғы теңге еді. Біздің пікірімізше, бұл теңгенің соғылуы қала экономикасының өркендеуінің куәсі бола алмаса керек. Темірліктердің Отырарда теңге соғуының басты мақсаты – асау Отырарды өздеріне қаратқанын паш ету болады. Бұдан кейін теңге соғудың тоқтауы қаланың саяси, экономикалық дәрежесінің төмендеуінің көрсеткіші болса керек.

Жазба деректерде Отырар 1425 жылғы оқиғаларға байланысты аталады. Бұл жолы осы қалада Ұлықбектің Моғолстанға аттанған әскерінің сол қанаты қыстап шығыпты. Сырдария бойындағы қалаларды Жошының тұқымы, қазақ хандығының әкесі Барақ өз иелігіне қайтаруды талап етеді, ол осы мақсатта елшілікті жібереді. Бұл өңірді оның ата-бабалары иеленгенін және қалалардағы құрылыстарды да солар салғанын тілге тиек ете отырып, шариғат пен ата-баба дәстүріне сәйкес бұл қалалар ата мұрасы ретінде өзіне қайтарылуы тиіс екендігін мәлімдейді. Мәселе бейбіт жолмен шешілмеген соң Барақ 1427 жылы Ұлықбек әскерін талқандап Отырарды өзіне каратты. Алайда 1428 жылы алғашқы қазақ хандарының әкесі Барақ өлтірілді. Отырар қайтадан темірліктер қолына өтсе керек.

Археологиялық зерттеулер Отырарда   XV екінші жартысында бүткіл калалық өрт болғанын көрсетті. Біз бұл өртті Отырар әкімінің  темірліктерге қарсы көтерілісімен байланыстырамыз. Көтеріліс себептерінің, оның барысы бізге беймәлім болғаны мен жазба деректер темірлік билеуші Әбу Саидтың 1455 жылы Отырардағы бүлікті басқаны жөнінде хабарлайды. Сонымен қатар Отырардың көтерілісі Дешті Қыпшақ билеушісі Әбілқайыр тарапынан қолдау тапқаны аталады.

XIX ғ. аяғында И.Т. Пославскийдің (1898,с.237) Отырар қай кезде құлаған деген сұрағына Арыстанбаб шырақшылары бұл – Темірлан ісі деп жауап беруінде негізі бар сияқты. Отырар қаласы Темірлан ұрпағы кезінде үлкен екі апатты бастан кешіріп, қатты құлдыраған.

                  Отырар қазақ хандығының қаласы

Сырдарияның орта бойындағы қалаларды және олардың ішінде ертеден астаналық дәрежеде болған Отырарды иелену үшін XV ғасырдың аяғында көшпелі өзбек, қазақ, монғол феодалдары мен темірліктер арасында үзіліссіз соғыс жүріп жатты. Осы аталған күштерда бір-бірімен одақтасып қалған жағдайда үшіншісін осы өңірден ығыстырып тастауға әрекет жасап отырған. Алайда бізге жеткен жылнамалардың негізгі бөлігі Мұхаммед Шайбанидің тапсырмасымен жазылғандықтан аталған ханды мадақтамау, тіпті оның жеңілістеріе жеңіс етіп көрсетумен ерекшеленеді. Сондықтан да шайбанилік бағыттағы шығармаларды пайдалануда осы жәйтті ескеруіміз қажет.

Әбілқайырдың тұқымынан болған аса жігерлі, бірақ жолы ауыр Мұхаммед Шайбанидің табан тіреуге жер таппай, аз ғана сарбаздарымен Мазид-тарханның дегенінен шығып, Отырарды қыстап шыққандығы жайлы «Таварих и Гузида ий Нурсатнамеде» (1969,с 28) және тағыда басқа шайбанилік шығармаларда хабарланады. екі жақта өз мүдделерін көздеген. Алайда Шайбанидің арам пиғылын көп ұзамай аңғарған Мазид-тархан онымен ара-қатынасты үзеді. Шайбани осы өңірдегі ірі қалалардың бірі – Сығанақты  басып алады. Оның бұл әрекеті Мазид-тарханның Бұрындық ханмен бірігіп қарсы жорыққа шығуына әкеліп соқтырады. Осы соғыстың алдында «Шайбани наменің» хабарлауынша, Бұрындық әскерімен Отырар төңірегіндегі тоғайды қыстап шыққан болатын. Сығанақтан Шайбанидің осы жолғы кетуі жайында «Шайбани намеде» (1969,с.112) қызық деректер келтіріледі. Бұрындықтың Мұхаммадты Сығанақтан ығыстыру барысындағы соғыста көп халық қырылған соң, қала басшылары Қази Сард ал-Ислам, Шықмақ жүзбегі және Сиддикшайхы қала халқын шақырып алып, «Бұл уалаят бұрын Бұрындық ханға қараған. Дұрысы Бұрындыққа қайтару болады»,- шешеді де оны іске асырады. Аркукка тығылған Мұхаммед Шайбаниді Бұрындық хан мен Жәнібектің ұлдары Мұхаммад Мазид-тархан әскерімен бірге қоршап, оны күтуге мәжбүрлейді. Алайда тоқсаныншы жылдардың басында қазақ хандарының күшейуінен қауіптенген моғол ханы Сұлтан Махмуд Ташкент жатқан әскерімен шығып, Отырарды басып алады. Ол Шайбаниге арнайы хат жолдап, оны Отырарға шақырады. Осы жерде өзара бітім жасасып оған Отырарды береді. «Шайбани наме» шығармасында бұл одақ деп аталады, ал негізінде бұл Мұхаммад Шайбанидің Сұлтан Махмуд ханға тәуелді болуы, яғни оның қарамағына қызметке тұруы деп бағалануы тиіс. «Таварих-и Гузида ий Нусрат наменің» (1969,с.29) жазбагерінің айтуынша, Сұлтан Мұхаммад хан ұлы той жасап, Мұхаммад Шайбаниге хандық шапан жауып құрмет көрсетеді, бір-бірімізге қиын-қыспақ жағдайда қол ұшын береміз деп уәделесіп, шартқа отырады. Сөйтіп моғол ханы Отырарды Шайбаниге беріп өзі Ташкентке кетеді.

Бұл жағдай әрине Бұрындық хан мен Жәнібек ұлдарының наразылығын туғызады. Шайбани қазақ билеушілерінің әскеріне қарсы тұра алмайтындығын сезіп Отырар қамалының ішіне тығылады. Шайбанидің қоршауда қалғандығын естіген Сұлтан Махмұд хан көмекке әскер жіберіп Бұрындық хан мен Шайбанидің бітімге келуіне себепкер болады. Осы жағдайлардан кейін қазақ хандарымен одақтасып жүрген Мұхаммад Мазид-тарханды Шайбани хан өзіне тартпақшы болады. Бірақ бұл әрекетінен еш нәтиже болмағандықтан Йасыда тұрған Мазид-тарханға қарсы жорыққа аттанады. Отырар мен Йасының ортасында болған шайқаста Мазид-тархан жеңіліп тұтқындалады. Оның қолына кісен салып Отырарға аттандырады. Бұл хабар Сұлтан Махмұд моғолға жетіп, ол да Отырарға аттанады. Екі билеуші той-думан өткізіпті. Алайда Мұхаммад Шайбанидің күшейуінен қорқып қауіптенген Сұлтан Махмуд хан енді қазақ ханы Бұрындықпен одақтасып, Отырардан Шайбаниді ығыстыру мақсатында жорық ұйымдастырады. Бұл кезде Отырарда Мұхаммад Шайбанидің ұлы Мұхаммад.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға