Жаңалықтар

«Крещение» кезіндегі шомылу: елордалық құтқарушылар сақтық шараларын еске салды

«Крещение» кезіндегі шомылу: елордалық құтқарушылар сақтық шараларын еске салды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 17.01.2024 02:33 447

18-19 қаңтар күндері «Крещение» православие мерекесі елорда шіркеулерінде аталып өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы жаппай шомылу кезінде қала тұрғындарының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Астана ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Азамат Жұмекешов айтты.

Қалалық әкімдіктің ресми сайтының мәліметінше, биылғы мерекеге орай елордада Есіл өзенінің сол жағалауында, «Астаналық» саябағының жағалауында (Орталық жағажайдың жанында) жаппай шомылуға арналған ойықтар орнатылды.

Суға шомылатын орындар 18 қаңтар күні сағат 20.00-ден бастап суды тазартқаннан кейін 19 қаңтар сағат 02:00-ге дейін қол жетімді болады.
Жаппай шомылу 19 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-ден түнгі 23:00-ге дейін жалғасады.

Жаппай шомылуға қатысатын елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Крещение» мерекесі кезінде шомылу рәсімі өтетін орындарда Астана ТЖД, Жедел-құтқару жасағы және Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. Іс-шараға жеке құрамның 38 адамы және 4 бірлік техника жұмылдырылады. Қатысушы орындарда шомылуды ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін қосымша нұсқама өткізіледі, - деді спикер.

Ол сондай-ақ қала тұрғындарына шомылу кезіндегі сақтық шараларын еске салды.

Мәселен, қажет болған жағдайда уақтылы білікті көмек көрсете алатын арнайы жабдықталған және күзетілетін орындарда ғана шомылу қажет. Осы мақсатта Есіл өзенінде Тұран даңғылы 8/2 мекенжайындағы қалалық жағажайда бір учаскеге адамның мұз астына кетуіне жол бермеу үшін ағаш және металл торларды қолданатын қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған 4 орын жасалды.

Ойыққа кіргенде терең дем алып барып, суға түсу керек.
Суға түскен кісі шыққан кезде сүлгімен және халатпен бір адам оны күтіп тұрғаны жөн.
Суға түскен кезде резіңке тәпішке кию керек.

Шомылудан бұрын денені қыздырып, аздаған жаттығу жасап, жеңіл жүгіру қажет.

Суға тек тайғақ емес, арнайы жабдықталған орынға шомылу керек.

Шомылатын орынға жеткенше қысқы аяқ киімді киген дұрыс, арнайы резеңке тәпішкелерді де қолдануға болады. Ойыққа жеткенше жол тайғақ болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.
Асықпай, әр қадамды нық басып жүру маңызды.

Құтқарушылар суға түсетін баспалдақтың тайғақ болмауын қамтамасыз етуге кеңес береді.

Ешбір жағдайда секіруге және алға қарай тесікке сүңгуге болмайды, өйткені бұл дене температурасының жоғалуын арттырады және суық тиюіне әкелуі мүмкін.

Суда бір минуттан артық болмаған абзал. Мас күйінде мұзды суға шомылуға жол берілмейді.

Егер сізбен бірге бала немесе қарт адам болса, оны шомылу кезінде мұқият қадағалаңыз.
Қорыққан кезде бала жүзе алатынын әп-сәтте ұмытып қалуы мүмкін.

Шомылғаннан кейін сүлгімен сүртініп, құрғақ жылы киім киіп, ыстық шай ішу керек.

Құтқарушылар төмендегі адамдар тобына шомылуға қатыспауға кеңес береді:

- балалар мен қарт адамдарға;
- шынықпаған, суық суға шомылудан тәжірибесі жоқ адамдарға;
- жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға