Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген бастамалар, жастар саясатының басым бағыттары мен шығармашылық саланы дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар креативті жобаларды қаржыландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және жастарға арналған жаңа кеңістіктер ашу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
«Жастар ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек»
Qazaq Creative Hub алаңында өткен кездесуге жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер мен студенттер жиналды.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында белгіленген міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, елдің алдағы дамуы білімді, жаңа технологияларды меңгерген және қоғамдық өзгерістерге белсенді араласатын жас буынмен тығыз байланысты.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді белгілейтін маңызды стратегиялық құжат. Президент келер ұрпаққа қуатты экономика мен дамыған технологиялары бар мемлекет қалдыру міндетін атап өтті. Бұл жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктермен қатар, олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін де айқындайды, – деді Арман Қырықбаев.
Министр білім беру жүйесін дамыту, жастардың кәсіби білігін жетілдіру, цифрландыру және жасанды интеллектіні түрлі салада қолдану мәселелеріне назар аударды.
Ол заманауи технологиялар мәдениет пен ақпарат саласының да ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан жас мамандардың жаңа құралдарды меңгеріп, оларды шығармашылық және кәсіби қызметінде тиімді пайдалануы маңызды.
Жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Кездесуде мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар да таныстырылды.
Министрдің айтуынша, жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына, кәсіби дамуына және жеке жобаларын бастауына мүмкіндік беретін қолдау тетіктері бар.
Соның бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Бағдарлама аясында жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл қаражат жастардың түрлі бағыттағы бастамаларын жүзеге асыруына арналған.
Сонымен қатар еліміздің барлық 20 өңірінде креативті хабтар жұмыс істейді. Мұндай кеңістіктер жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өз жобаларын таныстыруға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Жиында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасына тоқталып, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтіп жатқанын айтты.
Министрдің сөзінше, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруда кітап оқу, білімге ұмтылу және ұлттық мәдениетке қызығушылық таныту маңызды орын алады.
«Өнер жасауды үйрендік, енді өнер жобаларын сатуды үйренуіміз керек»
Кездесудің ашық диалог бөлімінде қатысушылар шығармашылық индустрияны дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.
Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай креативті индустрияны тек мәдениет саласымен шектемей, экономиканың өзге бағыттарымен байланыстыра дамыту қажеттігін айтты.
Оның пікірінше, шығармашылық жобалар туризм, технология, кәсіпкерлік, білім беру және урбанистика салаларымен бірлесе дамыса, ел экономикасына да айтарлықтай үлес қоса алады.
Мысал ретінде ол Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияның тәжірибесін келтірді. Оңтүстік Кореяда музыка мен кино индустриясының дамуы туризмге ықпал етсе, Ұлыбританияда шығармашылық кластерлер экономикалық белсенділіктің маңызды бағыттарының біріне айналған.
Осыған байланысты Мақпал Жұмабай креативті индустрия өкілдерін өзге салаларға арналған мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу мен талқылауға қатыстыруды ұсынды. Ол шығармашылық саланы қаржыландыру мәселесіне де ерекше тоқталды.
Осы саладағы қаржыландыру мәселесін IT саласы өзіне әжептәуір жақсылап жүйелеп алды. Astana Hub сияқты, Alem AI сияқты үлкен функционалды орталықтар ашылды. Сол секілді біздің саланы да IT саласының тәжірибесімен кіріктіруді, соның тәжірибесін біздің салаға алып келуді ұсынамыз, – деді ол.
Мақпал Жұмабайдың айтуынша, шығармашылық жобаларды дамыту үшін тек мемлекеттік гранттарға сүйену жеткіліксіз. Салаға венчурлық инвестициялар тарту, қайырымдылық және эндаумент қорларының мүмкіндіктерін пайдалану маңызды.
Ол мемлекеттің міндеті жобаларды тікелей қаржыландырумен ғана шектелмей, инвестиция тартуға жағдай жасайтын тетіктерді қалыптастыру болуы керек деп есептейді.
Біздің пайымдауымызша, мемлекеттің рөлі негізі қаржыландыру емес, осы қаржы тетіктерін үйлестіру. Яғни платформа құру. Дәл қазіргі кезде біз өнер жасауды үйрендік. Өнер жобаларын сатуды үйренуіміз керек деп санаймыз, – деді Мақпал Жұмабай.
Оның сөзінше, шығармашылық ортада сапалы өнім мен тың жоба ұсынатын мамандар жеткілікті. Ендігі мәселе – сол өнімдерді нарыққа шығару, инвестиция тарту және тұрақты табыс әкелетін жобаларға айналдыру.
Креативті хабтардың мүмкіндігін қалай кеңейтуге болады?
Мақпал Жұмабай шығармашылық кеңістіктердің мемлекеттік және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы қажет екенін де атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстандағы креативті хабтар мен арт-кеңістіктер өз жұмысын дербес жүргізіп келеді. Алайда олардың әлеуетін ауқымды жобаларға кеңінен пайдалану мүмкіндігі бар.
Мәселен, «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында қоғамдық кітапхана кеңістіктерін ашуға, ал «Таза Қазақстан» жобасын өнер арқылы насихаттауға болады.
Негізі осы екі идея біздің жастарды ұйыстыратын үлкен бастама деп санаймыз. Біз өзіміздің кеңістігіміздің өзінде қоғамдық кітапхана кеңістіктерін құрып жатырмыз. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» идеясын өнер саласы арқылы түрлендіруді де ұсынамыз, – деді ол.
Спикер жасанды интеллект мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, жаңа технологиялар өнер мен мәдениет саласына белсенді еніп жатыр. Сондықтан IT мамандары мен шығармашылық индустрия өкілдерін біріктіретін жаңа бағдарламалар қажет.
Ұсыныстарды тыңдаған министр Арман Қырықбаев бұл мәселелерді бірлесіп талқылауға дайын екенін жеткізді.
Жақсы идеялар, рақмет үлкен. Міндетті түрде. Біз бір-бірімізбен хабарласамыз ғой. Оны ойластырып, ақылдасып, механизмдерін, тетіктерін нақтылаймыз, – деді министр.
«Жастар Жолдаудағы бастамалардың негізгі іске асырушысы болуы керек»
Кездесуге қатысқан «Жастар Online» ақпарат порталының негізін қалаушы Жасұлан Бостандықұлы Президент Жолдауындағы бастамалардың жас буын үшін маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға жастардың тікелей қатысуы маңызды.
Бұл Жолдау жарияланғаннан бері әртүрлі жерде талқыланып жатыр. Бірақ Жолдаудағы жастардың орны ерекше. Біз, жастар, бұл Жолдаудың негізгі жүзеге асырушысы болып табыламыз. Сондықтан оны өз кезегімізде қолдаймыз және әрі қарай жүзеге асыруға өз ықпалымызды тигіземіз деген ниеттеміз, – деді Жасұлан Бостандықұлы.
Ол әсіресе инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларға назар аударды.
Жасұлан Бостандықұлының пікірінше, жаңа әлеуметтік нысандар мен жастарға арналған коворкинг орталықтарының ашылуы олардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Бұл жаңа инфрақұрылымдардың пайда болуы, жастарға арналған жаңа коворкинг орталықтарының, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Жастардың жиналатын орындарының көптеп ашылуы олардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді, – деді ол.
Сондай-ақ ол «Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқталды. Оның түсіндіруінше, бұл жоба қоршаған ортаны таза ұстаумен ғана шектелмейді.
Бұл тек қана экологиялық жауапкершілік емес, бүгінгі таңдағы сананың тазалығы, ортаның тазалығы, жаңа әдептің қалыптасуының негізі болатын күш. Бұл әрбір жастың жүрегінен орын алатын, таза ниетке бастайтын жол болуы керек деп ойлаймыз, – деді Жасұлан Бостандықұлы.
Жастар қандай бастамалар көтерді?
Кездесуде шығармашылық индустрия мен цифрлық технологиялардан бөлек, ұлттық мәдениетті дамыту, отандық авторларды қолдау және қоғамдық құндылықтарды нығайту мәселелері де талқыланды.
Қатысушылар «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Арман Қырықбаев жастардың заманауи білім мен технологияны меңгеруі ұлттық құндылықтарға құрметпен, адалдықпен және белсенді азаматтық ұстаныммен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар министрге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шығармашылық жобаларды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Осылайша, ашық диалогта креативті индустрияға инвестиция тарту, шығармашылық кеңістіктерді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру, жасанды интеллектіні мәдениет саласына енгізу және жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді. Министр ұсынылған идеяларды бірлесіп пысықтап, оларды жүзеге асыру тетіктерін қарастыруға дайын екенін білдірді.