Жаңалықтар

Креативті индустрияға жататын қызмет түрлерінің тізімі жасалады

Креативті индустрияға жататын қызмет түрлерінің тізімі жасалады
Фото: El.kz 03.03.2023 16:05 843

Елордада Қазақстанның креативті индустриясын дамыту мәселелеріне арналған кездесу өтті. Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Президент телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрлікке сілтеме жасап.
 
Спикерлер, оның ішінде шығармашылық сала өкілдері кино, музыка және басқа да креативті индустрия саласын дамыту шараларын талқылап, өз идеяларымен, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
 
Кездесу барысында Мәдениет және спорт министрлігі де өз жоспарын таныстырды. Мысалы, 2023 жылдың бірінші тоқсанында креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін, сондай-ақ осы санаттағы кәсіпкерлерге арналған критерийлерді әзірлеу, мақұлдау және бекіту жоспарланып отыр. Тағы бір міндет – шығармашылық индустрияны қолдау қорын құру. Үшінші қадам - саланы дамыту үшін қажетті заңнамалық шаралардың тізімін жасау.

«Елімізде талантты адамдар көп, әлеуетіміз өте жоғары және біз қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл тек қолдау қорын құрумен ғана шектелмейді. Бізде бизнес-жоспар дайындауға, заңгерлік немесе қаржылық кеңес беруге көмектесетін мамандар бар. Қызықты идея болса біз мамандардың көмегін ұсынуға дайынбыз. Бұл кооперация. Әрине, ол үшін жүйелі түрде әрекет ету керек. Сондықтан ең маңызды 5 немесе 10 жобаны бірлесіп анықтап, жұмыс жүргізуді ұсынамын», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға