Жаңалықтар

Креативті индустрия: Президентке таныстырылған Ibars-kids мобильдік ойыны туралы не білеміз?

Креативті  индустрия: Президентке таныстырылған Ibars-kids мобильдік ойыны туралы не білеміз?
Фото: Коллаж El.kz 18.08.2023 16:22 3355

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жариялаған жолдауында бүлдіршіндердің үйлесімді дамуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан еді. Осы орайда мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық әрі интеллектуалды дамуына ерекше көңіл бөлуді мақсат еткен iBars-Kids білім платформасы іске қосылғанын бірі білсе, бірі білмес. «Айбарыс» қосымшасы креативті индустрияның негізі деуге болады. Біріншіден бұл білім саласындағы IT жоба болса, екіншіден тапсырмалардың барлығы ойдан құрастырылған және бұған көп жылдық тәжірибесі бар білікті әдіскерлер тартылған. Жоба негізін қалаушылар - Қазбек Сағидолда мен Алтынбек Сұлтанқұлов. Соның бірі  – Қазбек Сағидолдамен  El.kz  ақпараттық агенттігінің тілшісі әңгімелесіп көрді.

Креативті жаңа дүниені ойлап тапқан авторлар жоба аяққа тұрып, белгілі бір дәрежеде алға басып жатса, сала мамандарын да жұмыспен қамтымақ ниетте. Ал қазір командада 6 маман жұмыс істейді.

Жобаны пайдаланған оқушылар ойнай отырып білім алып, балалық шағын пайдаға жаратып, «көзі ашық, көкірегі ояу» азаматтар болған жағдайда болашақта ел экономикасына орасан зор үлес қосатынына сенімдері мол.  

Ibars (Айбарыс) – 2-5 жас аралығындағы балаларға арналған мобильді қосымша. Олардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытып, функционалдық сауаттылығын арттырады.

Бұл ойынның қолданысқа берілгеніне екі айдан астам уақыт өтсе де, ізденіс, зерттеу бойынша жобаның басталғанына бір жылға жуық уақыт болған. Жоба авторы Қазбек Сағидолданың айтуынша, мобильді қосымшаны зерттеу көп уақыт алған көрінеді.

Алғашында зерттеу жасадық. Ата-аналардан, тәрбиешілерден сауалнама алдық. Зерттеуге көп уақыт керек болды, алты-жеті айымыз зерттеуге кетті. Одан кейін IT компаниялармен жұмыс істедік. Бұл қосымша IT өнім болғандықтан оған тапсырыс беріп, жасату арқылы сынақтан өткізу керек болды, – ол.

Жобаның негізін қалаушылар – мектеп педагогтері және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған білікті тәжірибелі мамандар. Қызметті атқара жүріп олар балалармен тікелей жұмыс істеп, қарым-қабілетін байқады.

Балалар мектепке келген кезде белгілі бір дәрежеде бекіп, қалыптасады. Жоғары сыныпқа барғанда оларды өзгерту қиынға соғады. Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, тал шыбықтай бекімеген кездерінен ерте тәрбиелеу. Сол үшін біз мектепке дейінгі балаларды қамтуды жөн санадық. Осы ой бізге түрткі болып, оларды ерте тәрбиелеп, жақсы білім беріп, дұрыс бағытқа бұру жеңіл болады деген ой келді, – дейді жоба авторы.

Жобаны жасамас бұрын уақыттың көп бөлігі зерттеуге кеткендіктен, 10 мыңнан астам ата-анадан және 2 мыңға жуық тәрбиешіден сауалнама алған.

Сауалнаманың басты сұрағы балаңыз ұялы телефонды қаншалықты көп пайдаланады, қандай контент тұтынады деген сияқты сұрақтар болды. Олардың 80 пайызға жуығы youtube, 100 пайызға жуығы мобильді гаджетті пайдаланатынын растады. Осыған ұқсас нақты көрсеткіштер шығаратын сауалдар қойылды. Сондай-ақ, тәрбиешілерден 2-3 жас аралығындағы балалар түр-түсті, пішіндерді ажырата ала ма деп сұрадық. Өйткені, Оқу-ағарту министрлігінің үлгілік оқу бағдарламасы бойынша 2 жастағы бала түр-түсті білу керек, – дейді ол.

Сауалнама нәтижесінде 30 пайызға жуығы ажырата алуда қиналатынын білдірген. Бұл тек 2 мыңнан астам тәрбиешіден алған сауалнама. Ал қаншама тәрбиешілер бар. Демек, бұл көрсетккіш аз емес екендігін көрсетеді деп отыр. Зерттеу аясында осындай нақты тапсырмалар жинақталған.

Айта кетейік, Президент жуырда Павлодарға іс-сапармен барған кезде жоба авторлары аталған қосымшаны таныстырды. Сонда авторлар ТМД бойынша теңдесі жоқ интеллектуалды ойын екенін тілге тиек еткен еді. Қандай ерекшелігі барын сұрадық.

Мемлекет басшысы іс-сапармен Павлодар өңіріне барды. Біз қосымшаны таныстырдық. ТМД көлемінде теңдесі жоқ ойын деуіміздің өз мәні бар. ТМД көлеміндегі осындай балаларды дамытушы мобильді ойындардың барлығы 4 жастан жоғары балаларды қамтиды. Яғни, 4 жастан төменгі бүлдіршіндер назардан тыс қалған. Біздің жобаның теңдесіз екендігі осында жатыр, 2 мен 5 жас аралығындағы балаларды қамтиды. Бұл – біздің басты ерекшелігіміз. Бұдан бөлек, дыбысты сүйемелдеудің болуы. Тапсырмалар тек қана фондық музыканың негізінде жай ғана беріле салмайды. Бізде дыбыстық сүйемелдеуді жасағандар – «Аватар су жолын» дубляждаған танымал актерлар, – екендігін айтты.

Мобильді қосымша бүгінде үш тілде қазақ және орыс, ағылшын тілінде қолжетімді болып отыр. Бұл жерде баса назар аударатыны ойын қазақ тілінде жасалған. Яғни, ойын тапсырмаларының түпнұқсқасы қазақ тілінде және одан кейін ағылшын кейін орыс тіліне аударылған.

Демек, бұл ешқандай аударма емес екендігін атап өткізім келеді. Осы уақыт арылығында ойынды тұрақты түрде қолданатын 3 мыңнан астам қолданушы бар. Қосымшада ата-аналарға «кеңес» деген бөлім бар. Сол жерде 2 жастан 5 жасқа дейнгі балалардың қанша минут қолдану керегі айтылған. Әр жас ерекшелігіне сәйкес қолдану ұзақтығы көрсетілген. Бізде осыған қатысты көптеген ойлар болды. Мәселен, 2 жастағы бала 15 минут қолдану керек болса, 15 минуттан кейін телефонды блоктап тастау, өшіру деген сияқты ой болды. Бірақ бала ең қызықты тұсында ойнап жатқан кезде блокталса, онда балаға керісінше агрессия тудыруы мүмкін. Сол үшін біз дыбыстық сүйемелдеудің мүмкіндігін пайдаландық. Әр 15 минут өткесін «балақай, үзіліс уақыты келді» деген сияқты дыбыстық хабарламалар айтылады, – деді ол.

Яғни, баланың еркінен тыс бала ойнаған сәттен таймермен дыбыстық хабарлама шығып отырады. Дыбыстық хабарлама біріншіден, балаға тікелей әсер етсе, екіншіден, бала балалығын жасап, ойнауды жалғастыратын болған жағдайда, ата-ана құлағдар болсын деген мақсатпен дыбыстық хабарландыру жасап қойған. Ата-ана хабарландыруды естіп, баласынан телефонды алатындай мүмкіндіктер қарастырылған.

Біз смартфонның белгілі бір дәрежеде балаға зиян екенін ескеріп, осындай дүниелерді қарастырып, шешуге тырыстық. Бүгінде мобильді қосымшалар 4-5 жастан жоғары балаға арналғанын көріп жүрміз. Оның үстіне қазақша бағытында тек аударма ретінде жүреді. Ал бізде тек тұпнұсқа ретінде беріліп отыр. Көп жағдайда мобильді ойындардың компьютерлік нұсқасы жоқ. Бұл қосымшаның ерекшелігі, компьютерлік және мобильді нұсқасы бар, – дейді Қазбек Сағидолда.  

Жоба негізін қалаушылар қосымшаны барынша мемлекеттік стандартқа сай етіп жасауға тырысқан. Бүгінде қосымшаны қолданушылар саны артқан. Әзірге мемлекет тарапынан қолдау болмағанымен БАҚ өкілдері жарыса жазып, көптеген балабақшалар қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Осыдан кейін мемлекеттің назарына ілініп, қандай да бір қолдау жасалса жөн болар еді.

Алдағы уақытта жоспарымыз көп. Тапсырмалар санын ұлғайтып, жаңа бөлімдер қосамыз. Қазіргі сәтте бізде 5 бөлім интеллект, логика, қызықты боямық, есте сақтау және жақында математика негіздері бөлімін қостық. Балаларға әріп таныту мақсатында осыған тағы әліппе бөлімін қосқымыз келіп отыр. Одан кейін «барысқа қамқорлық» деген бөлімін ашамыз. Мұның ерекшелігі, бала қосымшаның басты кейіпкеріне қамқорлық жасай отырып, өзінің күн тәртібін реттейді. Барыс белгілі бір уақытта тұру, тісін жуу, таңғы асын ішу, тынығу керек деген сияқты осының барлығын барысқа жасату арқылы бала бойына сіңіріп, күн тәртібін сақтау арқылы өзіне қамқорлық жасайды. Бұл алдағы уақыттағы жоспарымыз, – дейді жоба негізін қалаушы Қазбек Сағидолда.  

Болашақта қосымша әлі де талай функциялармен толықпақ. Жоба авторлары мобильді ойынның ішкі мазмұнында жаңартулар мен толықтырулар үнемі болып тұратынын жеткізді. Бүгінде еліміздің жарқын болашағы үшін тәжірибелі ұстаздар мен балабақша әдіскерлері құрастырған iBars-Kids білім платформасы барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалармен серіктестік орнатуға дайын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға