Қосшы қаласының тұрғыны Алтынай Бекем әлеуметтік желіде балабақшада алған жарақаттан соң қызының миы шайқалғанын жазып, дабыл қақты. Анасы полицияға екі рет шағым түсірген.
Оқиға қалай болды?
Алтынай Бекемнің қызы Айзере – 3 жаста. 2025 бері «Болашақ» балабақшасына барады. Анасының айтуынша, оқиға болған күні бақшада балалар 20-27 минутқа қараусыз қалады. Сол уақытта бір бала Айзереге орындық лақтырады. Салдарынан бүлдіршін жарақат алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
06.03.2026 күні қызым «Болашақ» балабақшасынан көзі көгеріп, мұрны қанап келді. Сол күннен бастап мазасы болмай, «басым ауырып тұр», «құсам», «тамақ жемеймін» деп шағымдана бастады.Біз бастапқыда тұмауратып жатқан шығар деп ойлап, тек Ибуфен сироп бердік. Бірақ 10-нан 11-не қараған түні қызым аяқ астынан судорог берді. Жедел жәрдем шақырып, баланы шұғыл түрде қалалық ауруханаға алып кетті. Сол сәтте қызым ешқандай жағдайды сезбей, ес-түссіз жатты , – деп жазды ол мәлімдемесінде.
Бала ертесі жиып, басының қатты ауыратынын айтып, қайта-қайта шағымданады.
Кейін тексерулер нәтижесінде қызымның бас миы шайқалып, құлағы мен жұмсақ тіндері зақымданғаны анықталды. Соның салдарынан қазіргі таңда G402 – локализацияланған (фокальды) симптоматикалық эпилепсия және күрделі парциальды құрысу диагнозы қойылып, екінші топ мүгедектігі берілді, – деп жазды анасы.
Екінші тарап не дейді?
Желідегі резонанстан кейін қалалық Білім бөлімі жазбаға пікір қалдырған.
Балабақша тәрбиеленушісін 2026 жылғы 6 наурыз күні сағат 18:40-та анасы подвоздан күтіп алды. Подвоздағы тәрбиеші баланы анасына тапсырды. Сол сәтте баланың бетінде ешқандай жарақат белгілері (қанаған мұрын, соққы іздері және т.б.) байқалмаған, анасы да оны өз көзімен көрген.
10 наурыз WhatsApp желісі арқылы тәрбиеші мен анасы байланыста болған, анасы баласының жаңа көйлекпен түскен фотосуреттерін жіберген. Дәлел ретінде хат алмасудың скриншоттары бар. Баланың денсаулығына қатысты ешқандай шағымдар айтылмаған. Аталған жағдайға байланысты РОВД қызметкерлері және ата-анасы балабақшаға келіп, бейнебақылау жазбаларын тексерді. Алайда бейнежазбаларда балабақша аумағында баланың жарақат алғаны тіркелмеген., – деп жазды Қосшы қаласының білім бөлімі.
Білім бөлімінің мәлімдемесінен кейін «Болашақ» балабақшасына хабарластық. Балабақша базасында нөмір Әлия Жұмабайға тиесілі екені көрсетілген. Одан Білім бөлімінің мәлімдемесімен келісіп-келіспейтінін сұрадық. Әлия ханым мәлімдемені оқып беруімізді өтінді. Артынша сұраққа толық жауап берместен, «бұл ақпаратты жариялауға кім рұқсат бергенін» сұрады. Сөйті де қоңырауды өшіріп тастады.
«Жағдай бақылауға алынды»
Көп өтпей Ақмола облысы полиция департаменті жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.
Осы дерек бойынша тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады, – деп жазды полиция департаменті.
Өз кезегінде Алтынай Бекем де екі рет полицияға арыз жазғанын, іс 11 мамыр күні қайта жанданғанын айтады.
Бірінші рет 11 наурызда полицияға арызғандым. Іс жүрмей қойды. 26-27 наурызда тағы да ауызша ескерту жасадым. Сөйтіп, 11 мамыр күні қайта іс қозғалды. Әлеуметтік желіге жазғаным дұрыс болды. Бірден резонанс тудырды. E-Otinish арқылы прокуратураға да арыз жаздым. Журналист Руслан Өтепбаймен де байланыстамын. Қызымның аяқтан тұрғаны керек. 25 мамырда қайта тексеруден өтеміз, – дейді ол.
Естеріңізде болса, «Ердостық -2017» ЖШС-ға тиесілі «Болашақ» балабақшасына қатысты 2022 жылы да шу көтеріледі. Аталған мекемеде баланы үйге жеткізу қызметі бар. Тәрбиешілер балаларды үйді-үйге тасып жүріп, баланы бақшада қалдырып кетеді. Артынша жағдайды полицияға хабарлап, тиісті тексеру жұмысын бастайды.