Астанада корей халқының ұлттық тағамы – кимчиді дайындауға арналған шеберлік сабақ өтті. Қатысушылар корей асханасының ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, танымал тағамды өз қолдарымен әзірлеп көрді. Іс-шара 14 қарашада Корей мәдени орталығында ұйымдастырылды.
Кимджан дәстүрінің ерекшелігі неде?
Кореяда күн суытар алдында отбасымен жиналып, қысқа жететін кимчи дайындау дәстүрі ежелден қалыптасқан. Бұл дәстүр «кимджан» деп аталады. Оның мәні тек тағам әзірлеуде емес, жақындардың басын қосып, бір-біріне көмектесу және дайын асты бөлісуде жатыр.
Осы дәстүрді қазақстандықтарға таныстыру мақсатында өткен шеберлік сабаққа корей тілі оқытушылары, журналистер мен K-қауымдастық мүшелері қатысты.
Сабақты кимчи дайындаумен және сатумен кәсіби түрде айналысатын кореялық маман жүргізді. Ол алдымен тағамның тарихы мен түрлері туралы айтып, кейін оны әзірлеудің қыр-сырын көрсетті.
Қатысушылар қытай қырыққабатын дұрыс таңдау және тұздау жолдарын, арнайы дәмдеуіш қоспасын әзірлеу тәсілдерін үйренді. Кейін маманның нұсқауымен қырыққабат жапырақтарына дайын қоспаны жағып, өз кимчилерін дайындады.
Шеберлік сабақ соңында жиналғандар дайын тағамнан дәм татып, өздері әзірлеген кимчиді бір-бірімен бөлісті. Осылайша корей халқының өзара қамқорлық пен сыйластыққа негізделген дәстүрімен жақынырақ танысты.
«Кимчи – пайдалы бактерияларға бай тағам»
Корей мәдени орталығының директоры Ли Джомхо кимчидің корей асханасында ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер Қазақстанда корей мәдениетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Кимчи — пайдалы сүтқышқылды бактерияларға бай, бүкіл әлемде суперфуд ретінде танылып келе жатқан ашытылған тағам. Бүгінгі іс-шараға корей мәдениетін кеңінен танытуға үлес қосып жүрген азаматтар қатысқандықтан, бұл шеберлік сабақ кимчидің пайдалы қасиеттері мен корей тағам мәдениетінің байлығын Қазақстанның түкпір-түкпіріне кеңінен насихаттауға ықпал етеді деп сенемін, – деді Ли Джомхо.
Кимчиді үй жағдайында қалай дайындауға болады?
Кимчи – корей асханасындағы ең танымал тағамдардың бірі. Оны көбіне қытай қырыққабатынан дайындайды. Ащы дәмдеуіштер қосылған көкөніс ашытылып, өзіне тән қышқылтым дәмге ие болады.
Кимчиді үй жағдайында да әзірлеуге болады. Төменде оның кең таралған түрі – қырыққабат кимчиінің қарапайым рецепті берілген.
Қажетті өнімдер:
* 1 дана қытай қырыққабаты;
* 100-150 г тұз (қырыққабатты тұздауға);
* 1 дана сәбіз;
* 1 шағын ақ шалғам;
* 4-5 түйір сарымсақ;
* 1 ас қасық үгітілген зімбір;
* 3-4 ас қасық корейдің қызыл бұрышы (гочугару);
* 2 ас қасық балық тұздығы;
* 1 шай қасық қант;
* 3-4 тал көк пияз.
Дайындау тәсілі
Алдымен қырыққабатты ұзыннан төрт бөлікке бөліп, жапырақтарының арасына тұз себеді. Оны шамамен екі сағатқа қалдырып, ара-арасында аударып тұрады. Қырыққабат жұмсарған соң бірнеше рет сумен шайып, артық суын сорғытады.
Осы уақытта сәбіз бен шалғамды жіңішкелеп турап, көк пиязды ұсақтайды. Сарымсақ, зімбір, қызыл бұрыш, қант және балық тұздығын араластырып, қою дәмдеуіш қоспасын дайындайды. Оған туралған көкөністерді қосады.
Дайын қоспаны қырыққабаттың әр жапырағына біркелкі жағып, таза ыдысқа тығыздап орналастырады.
Кимчиді бірден жеуге болады. Ал қышқылтым дәмі айқын болуы үшін бөлме температурасында шамамен бір-екі күн ашытып, кейін тоңазытқышқа қояды. Ашыту уақыты бөлменің температурасына байланысты өзгеруі мүмкін.
Дайын кимчиді күрішпен, ет тағамдарымен немесе басқа да корей тағамдарының жанында ұсынуға болады.