Алматы осы аптада корей мәдениетінің орталығына айналды. Республика сарайында басталған «2026 Korea Kazakhstan Culture and Trade Week» фестиваліне мыңдаған адам жиналды. Үш күндік бағдарламада концерттерден бастап K-pop, бизнес, туризм және корей тағамдарына дейін қамтылған.
Фестивальді Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі, Корей мәдени орталығы, Қазақстандағы корейлер қауымдастығы және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Ашылу салтанаты республика сарайында өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль биыл қыркүйек айында Корея Республикасында өтетін алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған.
Жоба екі ел арасындағы мәдени диалогты күшейтіп қана қоймай, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, туризмді дамытуға және халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Фестивальдің алғашқы күні екі мыңнан астам көрермен жиналған республика сарайында «Ариран: өткеннің жаңғырығы, бүгіннің үні» атты мерекелік концерт өтті.
Кеште Қазақстандағы жетекші шығармашылық ұжымның бірі – республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры өнер көрсетті. Театр ондаған жылдар бойы еліміздегі корей диаспорасының мәдени мұрасын сақтап, ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып келеді. 2016 жылы ұжымға «академиялық» мәртебе берілуі де оның шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Концерт бағдарламасын «Алматы Әуендері» шығармашылық бірлестігіне қарасты Асанәлі Әшімов атындағы театр әртістері жалғастырды. Қазақ және корей өнерпаздарының ортақ сахнадағы өнері екі халықтың мәдени үндестігін айшықтап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
K-pop пен Q-pop бір сахнада
Фестивальдің бағдарламасы заманауи музыкалық жобалармен жалғасады.
26 маусымда «K-POP Cover Dance Champion» байқауының финалы өтсе, 27 маусымда оңтүстіккореялық TIOT тобы мен қазақстандық ALPHA тобы қатысатын бірлескен концерт ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерт жастар арасындағы мәдени алмасуды жаңа деңгейге шығарып, K-pop пен Q-pop бағыттарының өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Фестиваль тек мәдени бағдарламамен шектелген жоқ. Республика сарайының алдындағы алаңда Кореяның мемлекеттік ұйымдары мен жетекші компаниялары арнайы көрме ұйымдастырды.
Келушілер корей ұлттық тағамдарының дәмін татып, косметикалық өнімдермен, туристік бағыттармен, шағын және орта бизнес өнімдерімен танысты. Сонымен қатар республика сарайының фойесінде Қазақстандағы корейлер қауымдастығы жүзеге асырып жатқан жаңа Алатау қаласындағы K-PARK мәдени-іскерлік кешенінің арнайы экспозициясы ұсынылды.
Елші: «Бұл бастама екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді»
Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжон Кихон мұндай бастамалардың екі мемлекет арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтатынын айтты.
Корея мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастық саласындағы маңызды серіктестер болып табылады. Бұл іс-шара екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара сенімді одан әрі нығайтуға, сондай-ақ мәдени және экономикалық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететін маңызды алаңға айналады, – деді елші.
Ол сондай-ақ 2027 жылы Қазақстанға корейлердің қоныс аударғанына 90 жыл толатынын еске салып, екі халықты байланыстыратын ортақ тарих пен мәдени жақындық алдағы уақытта экономика, өнеркәсіп, туризм және мәдениет салаларындағы серіктестіктің одан әрі кеңеюіне негіз болатынына сенім білдірді.
Осындай ауқымды мәдени және іскерлік алаңдар Қазақстан мен Корея арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, халықтар арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашып отыр.