Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау және төлеу шарттары бекітілді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы қаулысы балалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік көмек алатын өзге де санаттарға қатысты.
Қандай жағдайда жәрдемақы тоқтатылуы мүмкін? Төлем тағайындағанда отбасының табысы, банк шотындағы операциялар мен несие берешегі қалай ескеріледі? Көпбалалы отбасыларға қандай талаптар қойылады және жерлеуге қанша қаражат беріледі? El.kz материалында осы мәселелерге тоқталамыз.
Қандай жәрдемақылар қамтылған?
Жәрдемақы алушылардың қаржылық жағдайы бағаланады
Құжатқа сәйкес, жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ескеріледі.
Әлеуметтік әл-ауқаты жоғары және ауқатты санатқа, яғни «А» және «В» деңгейіне жатқызылған адамдарға тиісті төлемдерді тағайындауға шектеу қарастырылған.
Алайда бұл талап барлық жәрдемақыға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, жасына байланысты зейнетақы алатын, мемлекеттік наградамен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындағанда әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бағаланбайды.
Мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін мүгедектік бойынша жәрдемақыға да мұндай бағалау жүргізілмейді. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың кейбір санаттары үшін де ерекшеліктер көзделген.
Банк шоттары мен несие туралы ақпарат ескеріледі
Жәрдемақы тағайындау шарттарының бірі – өтініш беруші мен оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің дербес деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге және жаңартуға келісім беруі.
Оның ішінде банк құпиясына жататын мәліметтер, несие берешегі, ай сайынғы төлемдер және мерзімі өткен қарыздар туралы ақпарат бар. Бұл деректер азаматтың немесе отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау үшін пайдаланылады.
Қандай жағдайда жәрдемақы уақытша тоқтатылады?
Құжатта әлеуметтік төлемдерді уақытша тоқтатуға негіз болатын жағдайлар көрсетілген. Солардың бірі – жәрдемақы алушының әлеуметтік әл-ауқат деңгейі «А» немесе «В» санатына жатқызылуы.
Сонымен қатар жәрдемақының бірқатар түрі бойынша банк шотында үш ай немесе одан ұзақ уақыт шығыс операцияларының болмауы төлемді уақытша тоқтатуға негіз болады.
Мұндай талап бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға, мүгедектікке және басқа да санаттарға байланысты төленетін жәрдемақыларға қатысты.
Төлемді уақытша тоқтатудың өзге де негіздері бар. Олардың қатарында:
- Қазақстаннан тұрақты тұруға көшіп кету;
- Бас бостандығынан айыру жазасын өтеу;
- Толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болу;
- Шетел азаматының немесе қандастың жеке басын куәландыратын құжатының мерзімі аяқталуы;
- Жәрдемақы алушының іздеуде жүргені туралы мәліметтің болуы;
- Заңда көрсетілген жағдайларда жалған құжаттар мен мәліметтердің анықталуы.
Аталған негіздер жәрдемақының түріне қарай қолданылады.
Көпбалалы отбасыларға қатысты қандай талаптар бар?
Төрт және одан көп баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақыны төлеу кезінде балалардың жасы мен оқу мәртебесі ескеріледі.
Бала 18 жасқа толғанда жәрдемақы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Егер ол күндізгі бөлімде білім алып жатса, төлем қайта жалғастырылады. Бұл жағдайда бала оқуын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғаннан асырмай есепке алынады.
Ал 18 жастан асқан бала оқу орнынан шығарылса немесе сырттай оқу бөліміне ауысса, бұл жәрдемақыны тоқтатуға негіз болады.
Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы банк шотында үш ай немесе одан ұзақ уақыт шығыс операциялары болмаған жағдайда да уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы Әлеуметтік кодексте белгіленген талаптарға сәйкес тағайындалады.
Төлемді уақытша тоқтатуға банк шотында үш ай немесе одан ұзақ уақыт шығыс операцияларының болмауы, қажетті құжаттардың мерзімі аяқталуы, адамның хабар-ошарсыз кеткен деп танылуы негіз болуы мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде мүгедектігі бойынша зейнетақы алу немесе медициналық-әлеуметтік сараптамаға қатысты жалған құжаттардың анықталуы да төлемге әсер етеді.
Төлемді тоқтатуға себеп болған жағдайлар жойылғаннан кейін жәрдемақы қайта жалғастырылуы мүмкін. Ол үшін өтініш пен растайтын құжаттар немесе мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға қатысты талаптар
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асырап алушыларға, қорғаншылар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақыны уақытша тоқтату шарттары да белгіленген.
Олардың қатарында банк шотында үш ай немесе одан ұзақ уақыт шығыс операцияларының болмауы, алушының Қазақстаннан тұрақты тұруға көшіп кетуі, бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі және толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болуы бар.
Ал бала қайтыс болғанда, толық мемлекеттік қамтамасыз етуге орналастырылғанда, ата-анасы ата-ана құқығынан айырылғанда немесе оның құқығы шектелгенде, сондай-ақ қорғаншының өкілеттігі заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылғанда жәрдемақы төлеу тоқтатылады.
Асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы
Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар үшін де төлемді уақытша тоқтату негіздері қарастырылған.
Банк шотында үш ай немесе одан ұзақ уақыт шығыс операциялары болмаса, құжаттардың мерзімі аяқталса немесе жәрдемақы алушы не асырауындағы адам хабар-ошарсыз кеткен деп танылса, төлем уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сонымен қатар 18 жастан асқан жәрдемақы алушы оқу орнынан шығарылса немесе сырттай оқу бөліміне ауысса, төлемді жалғастыруға қатысты шектеулер қолданылады.
Қайтыс болған асыраушының балаларына, бауырларына немесе немерелеріне күтім жасауына байланысты жәрдемақы алып отырған адамның жұмысқа орналасуы да төлемді уақытша тоқтатуға негіз болады.
Жерлеуге қанша ақша беріледі?
Қаулыда жерлеуге арналған біржолғы төлемнің мөлшері көрсетілген. Жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып жүрген адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға 35 айлық есептік көрсеткіш (151 375 теңге) мөлшерінде төлем беріледі.
Ал қайтыс болған адам жасына байланысты зейнетақы алып жүрген Ұлы Отан соғысының ардагері болса, төлем мөлшері 36,6 АЕК (158 295 теңге) болады.
Нақты сома тиісті қаржы жылына белгіленген АЕК мөлшеріне сәйкес есептеледі.
Тоқтатылған жәрдемақы қалай қайта төленеді?
Әлеуметтік әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты санатқа жатқызылғандықтан жәрдемақысы уақытша тоқтатылған азаматтың жағдайы ай сайын бағаланады.
Егер бағалау нәтижесінде оның әлеуметтік әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық, экономикалық тұрғыдан осал немесе экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа өзгерсе, төлемді қайта жалғастыру қарастырылған.
Ал өзге себептермен уақытша тоқтатылған жәрдемақыларды қайта төлеу тәртібі олардың түріне және төлемнің тоқтатылуына негіз болған жағдайларға байланысты белгіленеді.