Жаңалықтар

Көп сынға ұшыраған мемлекеттік сатып алу туралы заң күзге дейін қабылданады

Көп сынға ұшыраған мемлекеттік сатып алу туралы заң  күзге дейін қабылданады
Фото: parlam.kz 23.02.2024 16:00 1060

Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар алдында сөз сөйлеп, мемлекеттік сатып алулар жүйесіне ерекше көңіл бөлу қажет екені жайлы мәселені көтерді.  

Бұл инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Мемлекет басшысы Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беру қажеттігін айтты.

Әуелі аудиторлардың қызметін реттеу керек. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Бірақ бізде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын тәсілге айналып кетті. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жүйесін қайта құруға қатысты жұмыс баяу жүріп жатыр. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Үкімет осы мәселені ретке келтіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте президенттің жоғарыда атап кеткен тапсырмасы қалай орындалып жатқанын Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтан сұрап білдік. Ол мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы Мәжіліске келіп түскенін, оны қазіргі таңда қарастырып жатқандарын айтты.

Президентіміздің берген тапсырманың пайда болу кезеңін қарастыратын болсақ, шын мәнінде бюджеттік шығындардың ысырап кетіп жатқан тұсы бар. Ол – бір. Екінші, мемлекеттік органдардың өз функциясын орындауға, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуге, сонымен қатар құрылыс саласында, әсіресе осы әкімдіктердің жасап жатқан жұмыстарында кішкене шапшаңдық керек. Сол үшін мына механизмдердің барлығын оңтайландыру керек. Осы тұрғыда біз заң жобасын қайта қарастырып жатырмыз. Үкіметке заң жобасы шеңберінде артық шығындардың бәрін үнемдеп, тиімді жолдарын жасау бойынша тапсырма берілгендіктен, оны мұқият қарастырып, заңды жетілдіру аясында жұмыстар атқарылып жатыр, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Анас Баққожаев ережелердің барлығын егжей-тегжейлі қарастырып, оны заңның деңгейіне дейін көтеру артық деп есептейді.

Осы уақытқа дейін Үкімет құқықтық-нормативтік актілері арқылы ереже бекіткен болатын. Бүгінде «ереже – тым шикі. Ол жыл сайын ауысып тұрады. Бұл бизнеске де, барлығына да өте тиімсіз» деген пікір қалыптасқан. Меніңше, біз қателесеміз-ау деймін. Себебі жақын арада бір топ депутаттар болып «Электрондық қаржы орталығына» бардық. Ол жерде электронды түрде ұйымдастырылған жұмыстың барлығын көрдік. Шын мәнінде шапшаң қимылдауға негіз бар. Себебі жыл сайын мемлекеттік сатып алуға қатысып жатқан азаматтардан өтініштер, шағымдар, арыздар келіп түсуде. Соны ескере отырып, сол ережелерді жетілдіру жұмысы Үкіметтің тарапынан өткізіліп жатыр. Сондықтанда менің ойымша, ережелердің барлығын егжей-тегжейлі қарастырып, оны заңның деңгейіне дейін көтеру кішкене артықтау сияқты, – дейді ол. 

Депутат заңда ең негізгі принципиалды мәселелерді қазықтай қағу қажет екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекетке үкіметтік органдардың шығындарын мейілінше азайту керек. Баға – сатып алу барысында ең негізгі фактор болып есептеледі. Демек, мемлекетке, халыққа қызмет ететін мемлекеттік органдардың ақшасын өте үнемді пайдаланған дұрыс.  

Екіншіден, әлеуметтік маңызы бар объектілерді, мәселен, мектептер, жолдарды сатып алуда біз ең алдымен сапаға көңіл бөлуіміз керек. Себебі осы күнге дейін жасалған жобалардың өкінішке қарай, сапасы нашар. Жақсы абыройы бар, шын мәнінде айтқанын орындайтын, сапалы жұмыс істейтін компанияларды таңдау үшін біз сатып алудың сапасын жақсартуымыз керек, – деді Анас Баққожаев.

Мәжіліс депутатының айтуынша, үшіншіден, жергілікті әкімдіктерге еркіндік беру қажет. Олардың сатып алу жиілігін, көлемін, шектерін жоғарылатып, көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек.

Сонымен қатар мына жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін ең алдымен сол жергілікті сатып алуларға компаниялардың қатысуына жол ашуымыз қажет. Осы тұрғыда ең маңызды деген өзгерістерді заңның ішінде қарастырып, содан кейін қалғанын ережелермен реттеуге болады деп ойлаймын, – деді ол.

Анас Баққожаев мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қашан қабылданатынын атап өтті.

Қазақстанның жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов өзінің ережелерін жетілдіріп, тиісті шешім қабылдайды деген сенімдемін. Сондықтан біз қазір заңды ең бастысы сапалы түрде дайындап, асықпай, жан-жақты қарастырып шығаруымыз керек. Заң осы жылдың күзіне дейін қабылданады деген менің ниетім бар, – деп сөзін қорытындылады ол.

Былтыр тағы бір депутат Ринат Зайытов мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын қатаң сынға алған болатын. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу жариялайтын басшылар жазаланбай, дұрыс жүргізілмеген жұмыстардың салдарынан халық зардап шегіп жатыр.

Мына заңды мемлекеттік сатып алуда ақша қалай ұрланатынын мүлде білмейтін адам жазған сияқты. Ендеше, ақша қалай ұрланатынын мен айтып берейін: бірінші басшы госзакупщикке «мынау конкурстан өтсін» деп тапсырма береді. Содан кейін соған сай қылып, техникалық талаптар жазады. Басқалар өтіп кетсе де, оларды әйтіп-бүйтіп қағып тастайды. Екі жақ келіскеннен кейін жұмыстың ақшасын көбейтеді, ойларына келгенін істейді. Ақыры ақша жымқырылады. Содан кейін бір кінәлі адамды табады да, өтірік соны соттай салады, - дейді Ринат Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға