Қазақстанның Конституциялық Соты жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік лауазымдарға қойылатын өкілеттік мерзіміне қатысты шектеулердің қалай қолданылатыны жөнінде ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәселе Президенттің Конституциялық Сотқа жолдаған өтінішінен кейін қаралды. Мемлекет басшысы 1995 жылғы Конституция кезеңінде мемлекеттік қызмет атқарған азаматтардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін дәл сондай немесе соған ұқсас лауазымдарға қайта сайлануына не тағайындалуына қатысты нормаларды түсіндіруді сұраған.
Конституциялық Соттың қорытындысына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін атқарылған қызмет мерзімдері жаңа Конституцияда көзделген шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі, – делінген Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесінде.
Соттың мәліметінше, жаңа Конституцияда белгіленген шектеулер тек оның күшіне енгеннен кейін жүзеге асатын сайлаулар мен тағайындауларға ғана қатысты қолданылады.
Сонымен қатар Конституциялық Сот қолданыстағы Негізгі заңда 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімдерін немесе сол уақыттағы сайлану мен тағайындалу фактілерін есепке алу қарастырылмағанын атап өтті.
Адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқару фактісі Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды, – делінген сот шешімінде.