Консерватория бітірмей-ақ қазақтың «мақпал дауысына» айналған Жамал Омарова кім еді?

Консерватория бітірмей-ақ қазақтың «мақпал дауысына» айналған Жамал Омарова кім еді?
Фото: Коллаж El.kz

Қазақтың «мақпал дауысты» әншісі Жамал Омарованың өнер жолы көпшілікке жақсы таныс. Алайда оның балалық шағы, отбасының тәркілеуге ұшырауы, жастайынан бес бауырына қамқор болуы және майдан даласындағы өнері туралы деректер көп айтыла бермейді.  El.kz тілшісі әйгілі әншінің сахна сыртындағы тағдырын тарқатады.

Байдың қызы бір күнде барынан айырылды

Жамал Омарованың өмір жолы өнер адамының қалыпты өмірбаянына ұқсамайды. Ол 1912 жылы қазіргі Түркістан өңіріне жақын Қауыншы жерінде ауқатты отбасында дүниеге келген. Деректерде оның әкесі жергілікті фабрикант болғаны, қант, кірпіш және күнбағыс майын өндіретін үш кәсіпорын ұстағаны айтылады. Атасы Қожамқұл ел ішінде беделді би болған.

Демек, болашақ әншінің балалық шағы жоқшылықта емес, дәулетті ортада басталды. Отбасы балалардың білім алуына көңіл бөліп, қыздарын да оқытуға тырысқан. Бірақ 1920-жылдардың соңындағы тәркілеу науқаны бұл әулеттің тағдырын күрт өзгертті.

1928 жылы отбасының дүние-мүлкі тәркіленіп, кәсіптері мен мал-мүлкінен айырылды. Әкесі, атасы, ағалары мен басқа да туыстары қуғынға ұшырады. Осылайша бұрын ештеңеден таршылық көрмеген отбасы аз уақыт ішінде күнкөрістің қамын ойлауға мәжбүр болды.

<em>instagram.com/zhamal_omarova_ парақшасынан</em>
instagram.com/zhamal_omarova_ парақшасынан

Бұл кезде Жамал небәрі 16 жаста еді. 16 жасында бес бауыры мен анасына жауапты болды. Жамал Омарованың сахнадағы салтанатты бейнесінің ар жағында өте ауыр жастық шақ жатты.

Отбасындағы үлкен бала болғандықтан, әкесі мен өзге ер азаматтар қуғындалғаннан кейін анасы мен бес бауырына қарау Жамалдың мойнына түседі. Кейінгі естеліктерде оның отбасын аштық пен қуғыннан қорғау үшін қарапайым отбасынан шыққан, сол кездегі кеңестік түсінік бойынша «әлеуметтік тегі дұрыс» саналатын жігітке тұрмысқа шыққаны айтылады.

Жас отбасының жағдайы оңай болмады. Жамал күндіз сауда жасап, түнде тігін тіккен. Тапсырыспен киім мен тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындап, отбасын асырауға көмектескен.

Консерватория бітірмеген әнші Мәскеуді таңғалдырды

Жамалдың әншілік қабілеті бала кезінде-ақ байқалған. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, халық әндерін орындайтын жас қызды қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбеков байқайды.

1925 жылы Ташкентте Орта Азия балалар олимпиадасы өтеді. Жамал сол өнер додасына қатысып, әншілік өнерімен бірінші жүлдеге ие болады.

Кейінгі естеліктерде жас Жамалдың алғашында үлкен сахнаға шығуға жүрексінгені де айтылады. Құрманбек Жандарбеков оны қолынан жетектеп сахнаға алып шыққан. Ал сахнаға шыққаннан кейін қобалжуын ұмытқан қыз халық әндерін орындап, қазылар мен көрермендердің ықыласына бөленеді.

Жамал Омарованың шығармашылық өміріндегі ең қызық жайттың бірі – оның арнайы жоғары музыкалық білім алмауы.

Ол консерватория бітірген жоқ. Кәсіби әншілік мектептен өткен жоқ. Соған қарамастан табиғи дауысы мен орындаушылық қабілетінің арқасында қазақ музыкасының ең танымал тұлғаларының қатарына көтерілді.

1934 жылы Алматыға келген Жамал Қазақ музыкалық-драма театрына қабылданады. Мұнда Бейімбет Майлиннің «Шұға» шығармасы бойынша қойылған спектакльде Мақпал, «Қыз Жібекте» Қамқа, Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпанында» Айман рөлдерін сомдады.

<em><a href="http://www.instagram.com/zhamal_omarova_" rel="nofollow">instagram.com/zhamal_omarova_</a> парақшасынан&nbsp;</em>
instagram.com/zhamal_omarova_ парақшасынан 

Ал оның есімін бүкіл Кеңес Одағына танытқан оқиғалардың бірі 1936 жылы болды. Сол жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өтті. Жамал Омарова «Ертіс», «Қараторғай» және «Ләтипа» әндерін орындады.

Мәскеу жұртшылығы жас қазақ әншісін ерекше ықыласпен қабылдайды. Деректерде көрермендер оның әр әнін екі реттен орындатқаны айтылады.

Мәскеудегі концерт кезінде залға сол кездегі КСРО Орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Калинин келеді.

Ол Жамал Омарованың өнерін бұған дейін де көрген еді. Бір жыл бұрын Алматыда өткен Қазақстанның 15 жылдығына арналған мерекелік концертте әншіні тыңдаған Калинин Жамалды танып:

«Ән салған Қараторғай ма? Олай болса, қайта тыңдайық», – дегені жөнінде дерек сақталған. Осылайша Жамал Омарова «Қараторғайды» Мәскеу сахнасында үшінші рет орындайды.

Ол кезде әнші небәрі 24 жаста еді. Жамалдың орындаушылық ерекшелігі де өзгеше болған. Замандастары оның халық әндерін шамадан тыс құбылтып, жасанды бояуға салмайтынын атап өткен. Әнді ел ішінде қалыптасқан табиғи қалпынан алыстатпай, өзінің қоңыр, жұмсақ дауысымен жеткізген. Сондықтан халық оның үнін «мақпал дауыс» деп сипаттаған.

Бірнеше халықтың әнін өз тілінде шырқаған

Жамал Омарованы тек қазақ халық әндерінің орындаушысы ғана емес, оның репертуарында орыс, украин, белорус, тәжік, өзбек, татар, қырғыз, грузин, армян және өзге халықтардың әндері болған.

Өмірбаянына қатысты кейбір деректерде әншінің репертуарында 200-ден астам шығарма болғаны және оларды 15 тілде орындағаны көрсетіледі. Бұл бүгінгі өлшеммен қарағанда да таңғаларлық көрсеткіш.

Әсіресе сол кезеңдегі халықаралық мәдени байланыстың мүмкіндігі шектеулі болғанын ескерсек, Жамал Омарованың әр халықтың әнін сол тілдің табиғи әуезін сақтап орындауға талпынуы оның сахналық диапазонының кеңдігін көрсетеді.

Кейін әнші Қазақстанмен шектелмей, Кеңес Одағының көптеген қаласында гастрольдік сапармен болды. Қытай мен Моңғолияда да концерт берген.

<em>instagram.com/zhamal_omarova_парақшасынан&nbsp;</em>
instagram.com/zhamal_omarova_парақшасынан 

Жамал Омарова өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі – екінші дүниежүзілік соғыс жылдары. Соғыс басталғаннан кейін қазақстандық өнерпаздардан концерттік бригадалар құрылып, майдан шебіне жіберілді. Жамал да солардың қатарында болды.

Ол Солтүстік-Батыс майданындағы жауынгерлер алдында өнер көрсеткен. Концерт залы мен жайлы сахнаның орнына окоптар, блиндаждар мен далалық госпитальдарда ән салуға тура келді.

Кей деректерде әншінің снаряд жарылып, пулемет даусы естіліп тұрған сәттердің өзінде өнер көрсеткені айтылады.

Мұндай концерттердің мақсаты көңіл көтеру ғана емес еді. Майдандағы сарбаздар үшін туған жерден келген өнерпаздың даусы – үйдің, елдің, бейбіт өмірдің белгісі болатын.

Жамал Омарованың сол жылдардағы репертуарында патриоттық әндер көбейді. Соғыс пен соғыстан кейінгі кезеңде оның орындауындағы бірқатар ән Кеңес Одағына кең тарады.

Жамал Омарова есімін Қазақстанның бүгінгі мемлекеттік гимнінің тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. 1956 жылы жас композитор Шәмші Қалдаяқов пен жас ақын Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным» әнін жазды. Ән сол кездегі тың игеру саясаты жүріп жатқан кезеңде дүниеге келді.

Туынды дайын болған кезде оны алғаш қолдап, Қазақ радиосына жаздырғандардың бірі – Жамал Омарова. Ән радиодан жиі беріліп, аз уақыт ішінде бүкіл елге тарады. Ол кезде радио жаңа әнді халыққа жеткізудің ең қуатты құралы еді. Сондықтан атақты Жамал Омарованың жаңа туындыны орындауы жас Шәмшінің әнінің кеңінен танылуына үлкен серпін берді.

Оның орындау мәнері неге ерекше болды?

Жамал Омарованың даусын мамандар контральтоға жатқызады. Бұл – әйел дауыстарының ішіндегі ең төмен әрі сирек кездесетін диапазондардың бірі.

Бірақ оның танымалдығын тек дауыс диапазонымен түсіндіру жеткіліксіз. Жамал халық әнін орындағанда өзін әннен жоғары қоймаған. Артық вокалдық тәсілдермен таңғалдыруға ұмтылмай, шығарманың табиғи әуезін сақтаған.

<em>суретте: Роза Бағланова, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова zhamal_omarova_парақшасынан&nbsp;</em>
суретте: Роза Бағланова, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова zhamal_omarova_парақшасынан 

«Қараторғай», «Екі жирен», «Ақ дариға», «Бипыл», «Қорлан», «Кәмила», «Гауһартас», «Айнамкөз» секілді әндердің оның орындауында ерекше қабылдануының бір себебі де осында.

1937 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ филармониясында солист болып еңбек еткен әнші бірнеше буын тыңдарманның музыкалық талғамын қалыптастыруға ықпал етті.

Жамал Омарованың құпия дәптері

Әншінің өміріне қатысты ең қызықты мұралардың бірі – өзінің қолымен жазылған естелік дәптері. Отбасылық деректерде бұл қолжазбаны 45 жыл бойы сандықта сақталғаны айтылады. Дәптер төте жазумен жазылған. Кеңестік кезеңдегі қазақ қоғамының саяси жағдайын ескерген отбасы оны кез келген адамға оқыта бермеген.

Бұл түсінікті де еді. Жамалдың әкесі мен туыстары тәркілеуге және қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның жастық шағының естеліктерінде сол дәуірдегі адамдар мен оқиғалар туралы кеңестік ресми өмірбаяндарға сыймайтын деректер болуы ықтимал еді.

Сондықтан әншінің сахналық өмірі жұртқа белгілі болғанымен, жеке тарихының бір бөлігі ұзақ уақыт отбасы ішінде сақталып келген.

Бұл дәптер Жамал Омарованың біз білетін ресми бейнесінен бөлек, ХХ ғасырдың ең күрделі кезеңдерін көзімен көрген әйелдің жеке куәлігі ретінде құнды.

Жамал Омарова 1976 жылы Алматыда өмірден өтті. Бүгінде Алматыда оның аты берілген көше бар. Шымкенттегі музыка мектептерінің бірі де әншінің есімімен аталады.

Бірақ Жамал Омарованың ең үлкен ескерткіші – бұл атақтар мен көше атаулары емес. Ол – сақталған дауыс.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Бір ғасыр бұрын мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінде ән бастаған қыздың дауысы кейін Мәскеудің үлкен сахнасында, майдан даласында, қазақ радиосының эфирінде естілді. Ол арнайы кәсіби музыкалық білім алмай-ақ қазақтың дәстүрлі әні мен жаңа композиторлық музыканың арасын жалғаған орындаушылардың біріне айналды.

Оқи отырыңыз