Конференция лигасындағы жорық: «Қайраттың» алғашқы қарсыласы кім?

Конференция лигасындағы жорық: «Қайраттың» алғашқы қарсыласы кім?
Фото: AI көмегімен өңделді

15 қазанда Алматының «Қайрат» клубы УЕФА Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізеді. Қазақстандық ұжымның қарсыласы – Латвияның «Рига» командасы. 

Еурокубоктың негізгі кезеңіне тұңғыш рет шыққанымен, латвиялық ұжымды осал қарсылас деуге келмейді. Құрамында нәтижелі легионерлері бар, тәжірибелі бапкер жаттықтыратын «Рига» қазір өз елінің чемпиондығына да таласып жатыр.

Он жылда чемпиондыққа төрт рет қол жеткізген клуб

«Рига» – Латвия астанасының намысын қорғайтын, елдегі қаржылық мүмкіндігі жоғары клубтардың бірі. Команда 2015 жылы құрылған. Салыстырмалы түрде қысқа тарихына қарамастан, төрт рет Латвия чемпионы атанып, екі мәрте ел кубогын жеңіп алған. Алайда ішкі біріншіліктегі жетістіктерін еурокубокта қайталау «Ригаға» осы уақытқа дейін бұйырмаған еді. Биыл латвиялық клуб алғаш рет халықаралық турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.

Бір қызығы, «Рига» еурокубок маусымын Чемпиондар лигасында бастаған. Бірақ алғашқы іріктеу кезеңінде Ереванның «Арарат-Армения» командасынан жеңіліп қалды. Осыдан кейін Конференция лигасында өнерін жалғастырған латвиялықтар Солтүстік Македонияның «Вардар», Венгрияның «Дьёр» және Фарер аралдарының «КИ Клаксвик» клубтарын жарыс жолынан шығарды. Сөйтіп, өз тарихында алғаш рет еурокубоктың негізгі кезеңіне өтті.

Ал «Қайрат» пен «Рига» бұған дейін ресми халықаралық кездесуде жолықпаған. Тіпті алматылық клубтың Латвия командаларымен еурокубокта ойнаған тәжірибесі жоқ. Сондықтан 15 қазандағы матч екі ұжым үшін де алғашқы кездесу болмақ. Дегенмен Қазақстан мен Латвия клубтарының еурокубоктағы тарихы бар. Мәселен, 2017 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының іріктеуінде Юрмаланың «Спартак» командасын жеңсе, 2006 жылы «Ақтөбе» Лиепаяның «Металлургінен» ұтылған.

«Рига» ел чемпиондығына таласып жатыр

Латвия чемпионаты Қазақстандағыдай көктемде басталып, күзде аяқталады. Сондықтан қазір біріншіліктің шешуші кезеңі өтіп жатыр.

Оқи отырыңыз:

Маусымның аяқталуына төрт тур қалғанда «Рига» 76 ұпаймен екінші орында келеді. Көш басындағы РФШ клубында 77 ұпай бар. Яғни екі команданың арасын небәрі бір ұпай бөліп тұр.

8 қарашада чемпиондыққа басты үміткер екі клуб өзара кездеседі. Бұл ойын алтын медальдің тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін. Оның үстіне «Рига» Латвия кубогының финалына да шыққан. 20 қарашада команда «Аудамен» бас жүлдені сарапқа салады. Демек «Қайраттың» қарсыласы қазір бір емес, бірнеше жарыста жоғары нәтиже үшін күресіп жүр. Мұндай тығыз күнтізбе командаға салмақ түсіргенімен, ойыншылардың жарыс ырғағынан шықпайтынын да ескерген жөн.

Команданы тәжірибелі словак бапкер жаттықтырады

«Риганың» бас бапкері – 51 жастағы словак маманы Адриан Гуля. Ол латвиялық клубты былтырғы қаңтардан бері жаттықтырып келеді.

Гуля бұған дейін Словакияның «Жилина», Чехияның «Виктория Пльзень», Польшаның «Висла» клубтарында және Словакия жастар құрамасында жұмыс істеген. 2016/17 жылғы маусымда «Жилинаны» Словакия чемпиондығына жеткізсе, былтыр «Ригамен» де ел біріншілігінде топ жарған.

Сондықтан латвиялық команданың тізгінінде еуропалық футболды жақсы білетін, чемпиондық үшін күрестің жауапкершілігін сезінген маман отыр.

Құрамының құны «Қайраттан» қымбат

«Риганың» қаржылық мүмкіндігін ойыншылардың нарықтық бағасынан да байқауға болады.

Transfermarkt дерегіне сүйенсек, латвиялық клуб футболшыларының жалпы құны 15,48 миллион еуроға бағаланады. Ал «Қайрат» құрамының нарықтық бағасы – 9,2 миллион еуро.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от «Қайрат» ФК | FC Kairat Almaty (@f.c.kairat)

Әрине, трансферлік құн алаңдағы нәтижеге кепіл емес. Сөйте тұра бұл көрсеткіш қарсылас сапында тәжірибелі әрі сұранысқа ие футболшылардың бар екенін аңғартады. «Рига» құрамының шамамен 70 пайызын шетелдік ойыншылар құрайды. Олардың арасында бразилиялықтар көп – бес футболшы. Бұдан бөлек, Коста-Рика, Колумбия, Гана, Нигерия, Гамбия, Тунис және өзге елдердің өкілдері өнер көрсетеді.

«Қайрат» кімдерден сақтануы керек?

Латвиялық клубтың шабуыл шебінде бірден бірнеше нәтижелі футболшы бар. Солардың бірі – 25 жастағы бразилиялық Режиналдо Рамирес. Transfermarkt оны 900 мың еуроға бағалайды. Биыл Латвия чемпионатындағы 28 кездесуде тоғыз гол соғып, алты нәтижелі пас берген.

Алайда «Риганың» ең қауіпті шабуылшыларының бірі – гамбияалық Мохамед Бадамоси. Ол 29 матчта 21 рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, бес нәтижелі пас шығарған. Нарықтағы бағасы – 800 мың еуро.

Оң қапталда ойнайтын бразилиялық Кайо Феррейра да назар аударуға тұрарлық. Ол 28 кездесуде жеті гол соғып, екі нәтижелі пас берген. Оның трансферлік құны да 800 мың еуро шамасында. Ал шабуылды ұйымдастыруда Салах Уладтың орны бөлек. Марокколық тегі бар нидерландтық жартылай қорғаушы жас кезінде «Фейеноорд» пен Лондонның «Арсенал» академияларында тәлім алған. Англиядағы жастар біріншілігінде 35 матч өткізіп, 11 гол мен он нәтижелі пас тіркеген. Кейін «Арсеналдан» еркін агент ретінде кеткен футболшы «Рига» сапына қосылды.

Биылғы Латвия чемпионатында Улад 32 кездесуде тоғыз гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. Ол алаңда 2193 минут өткізіп, команданың негізгі ойыншыларының біріне айналған.

Осы көрсеткіштерге қарап-ақ «Риганың» шабуылы бір ғана сұрмергенге тәуелді еместігін аңғаруға болады. Бадамоси гол соғуда ерекшеленсе, Улад шабуылдарды ұйымдастырып, серіктестеріне мүмкіндік жасайды. Рамирес пен Феррейра да қарсылас қорғанысына қауіп төндіре алады.

«Қайратты» қандай ойын күтіп тұр?

«Рига» еурокубоктың негізгі кезеңінде алғаш рет өнер көрсеткелі отыр. Бұл – латвиялық клуб үшін тарихи жетістік болғанымен, осындай деңгейдегі матчтардың тәжірибесі жетіспеуі мүмкін.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от «Қайрат» ФК | FC Kairat Almaty (@f.c.kairat)

Екінші жағынан, қарсыласын тек еурокубоктағы тәжірибесіне қарап бағалау қателік болар еді. «Рига» өз чемпионатында көшбасшылыққа таласып жүр, құрамында нәтижелі легионерлер жеткілікті, ал бас бапкері бұған дейін бірнеше елде жұмыс істеген.

«Қайрат» үшін әсіресе қарсыластың шабуыл шебіндегі ойыншыларын бақылауда ұстау маңызды болмақ. Латвиялықтар гол соғуды бір футболшыға ғана жүктемейді, сондықтан алматылықтардың қорғанысы бірнеше бағыттан келетін шабуылға дайын болуы тиіс. Дегенмен футболда бәрін ойыншылардың бағасы немесе маусымдағы статистика шешпейді. Алаңдағы тәртіп, сәтті пайдалану және шешуші кезеңде қателеспеу әлдеқайда маңыздырақ.

15 қазандағы кездесу «Қайраттың» Конференция лигасындағы жолын бастап қана қоймай, алматылық клубтың осындай қарсыластармен қаншалықты бәсекелесе алатынын да көрсетеді.

Бұған дейін Алматы клубының Қазақстан премьер-лигасында топ жару мүмкіндігі жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз