Жаңалықтар

Көмір Машкевичтің жеті атасынан қалған байлық емес – Аманжол Әлтай

Көмір Машкевичтің жеті атасынан қалған байлық емес – Аманжол Әлтай
Фото: t.me/mazhilis_kz 19.06.2023 12:03 1646

Депутат Аманжол Әлтай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне көмірдің бағасына және жетіспеушілігіне қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Менделеевтің кестесіндегі басқа элементтерді есептемегенде, еліміз – мұнай мен көмірдің отаны. Бірақ солай бола тұра, егін орып, шөп шабатын кезде жанармай жетіспейді. Қылышын сүйретіп қыс келгенде көмір жетіспейтінін айтты.

Осы жердің көміріне құнығып, елдің өміріне көңіл бөлмейтін байларға «әй» деп әділдікке шақыратын, «қой» деп қанағатқа шақыратын» уақыт болды деп ойлаймын. Былтыр жылыжайын жылытатын фермерлерге көмір жетіспей, қаншама шығынға ұшырады. Шұбаркөл көмір бассейні бір жыл ішінде 11 миллион тонна көмір өндіреді. Соның 5 пайызы ғана ауыл халқына жеткілікті болар еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Көмір Машкевичтің жеті атасынан қалған байлық емес қой. Көмір халықтың қазынасы. Оны «қасқалдақтың қанындай» тапшы қылып отырудың себебі не? – деп сұрақ қойды.

Тіпті көмір бағасының тоннасы 16 мыңнан 20 мыңға дейін жететін көрінеді. Аталған сауалға министрлік өкілі елімізде өндірілетін көмір толық қамтамасыз етуге жететінін, бес ай ішінде 45 миллион тонна көмір өндірілгенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға