Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға салынған тыйым жойылуы мүмкін: ІІМ шешімін айтты

 Жи көмегімен жасалды
Фото: Жи көмегімен жасалды

Қазақстанда қыс мезгілінде көлікті қанша уақыт қажет болса, сонша қыздыруға рұқсат берілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі аязды аймақтарда қозғалтқышты ұзақ уақыт жылытуға айыппұл салу мәселесі қоғамда үлкен дау туғызғанын мойындап, шектеуді алып тастау туралы ұсынысты қолдады.

Бұған дейін қолданыстағы ереже бойынша елді мекендерде көлік қозғалтқышын бес минуттан артық қосып қоюға тыйым салынған еді. Енді Мәжілісте бұл норманы алып тастау ұсынылды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ведомство бұл өзгерістерге қарсы емес екенін мәлімдеді.

Шынында да, бұл мәселе талқыланды. Арнайы жұмыс топтары болды. Қысқаша айтсам, ІІМ бұл ұсыныстарды қолдайды, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Дегенмен, шектеу толықтай жойылмайды. «Тұрғын аймақ» белгісі қойылған аулаларда ереже сақталуы мүмкін. Себебі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына шығатын көлік түтінінің алдын алу қажет.

Неліктен бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсті?

Көлікті жылытуға қатысты бес минуттық шектеу биылғы ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Даудың күшеюіне Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдемесі себеп болды. Министр солтүстік өңірлердің өзінде бес минут көлікті қыздыруға жеткілікті екенін айтып, өз көлігімен арнайы видео түсірген еді.

Алайда аязды аймақтардағы жүргізушілер бұл пікірмен келіспеді. Әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген видеоларда тұрғындар -30°C суықта бес минут ішінде көліктің іші әлі мұздай болып тұратынын, ал әйнектердің мүлде ерімейтінін көрсетті.

Кейін бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да араласты. Депутат Снежанна Имашева көлікті жылыту уақыты таймермен емес, қауіпсіздік талаптарымен анықталуы керек екенін айтты. Ал депутат Серік Ерубаев айыппұл мәселесін қайта қарауды талап етті.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер көлігін ұзақ қыздырған жүргізушіге айыппұл салған болатын. Алайда кейін прокуратура бұл шешімді заңсыз деп танып, айыппұлдың күшін жойды.

Қазір билік өкілдері әр өңірдің климаттық ерекшелігін ескере отырып, соңғы ережелерді әзірлеп жатыр. Соңғы шешім жақын уақытта қабылданады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз