29 қыркүйекте Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланды.
Қазақша дубляждың тарихы туралы білеміз бе?
Аударма және қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды көбейту – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Қоғам әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етуге және ұлттық әдеби мұраны шетел аудиториясына танытуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.
Аударма сапасы мәселесі аудиовизуалды контент аясында да талқыланды. Disney және Amazon компанияларының сертификатталған аудармашысы, аударма сапасын бақылау маманы Нұрдәулет Затилла қазақша дубляж бен субтитрдің қазіргі жағдайы туралы айтты. Ол «Аватар», «Өрмекші Адам», «Ойыншықтар хикаясы 5» сынды туындыларды қоса алғанда, оннан астам фильмді аудару жобасына қатысқан.
Спикер қазақ дубляжының тарихына тоқталып, қызық мағлұмат берді. 1960-1970 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» классикалық фильмдерді – «Менің атым – Қожа» (1963), «Тақиялы періште» (1968), «Қыз Жібек» (1970) – орыс тілінде түсіріліп, кейін қазақшаға дубляждалды.
2000 жылдары телеарналардағы сериалдарды дубляждау басталды. Негізінен, түрік, үнді, корей сериалдары көпшілікке арналған өнімдердің дыбыстамасы жасалды. Актер саны аз, бір мезгілде бірнеше жобада жұмыс істеді, жалақысы төмен болды.
2011 жылы Disney компаниясының келуімен байланысты. Disney мультфильмдері қазақ тіліне ресми түрде дубляждала бастады. Салаға ірі халықаралық компаниялардың стандарттары мен талаптары келді. Алғашқы өнім – «Көліктер 2».
2020 жылдары әуесқой студиялар ашыла бастады. Әуесқой студиялар дыбыстама, яғни войсовер жасай бастады. Әсіресе, аниме саласы қарқынды дамыды.
2023 жылы стриминг дәуірі басталып, Kinopoisk, Freedom Kino&TV, UnicoPlay және тағы басқа палформалар голливудтық өнімді өз қаражатына дубляждай бастады. Кинотеатрға шықпаған дубляжды осы платформалардан көруге болады.
Әлемдік компаниялар қазақша дубляж жасауға тапсырыс бере ме?
Нұрдәулет Затилланың айтуынша, 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заң бойынша, көрермен кез келген фильмді қазақша дубляжбен және қазақша субтитрмен көруге құқылы. Сондықтан әлемдік кинокомпаниялар – Walt Disney, Pixar, Marvel Studios, Sony Columbia Pictures қазақша дубляжға тапсырыс береді. Еліміздегі Movie Dalen, Aray Media Group, Cinema Tone Production дыбыс студиялары аталған компаниялардың тапсырысын орындайды. Халықаралық компаниялар Deluxe, Pixelogix-тің субтитр студиялары қазақша субтитр жасайды.
Аудармашы міндетті түрде студия дайындаған біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Фильм материалдары тек қауіпсіз арнайы арналар арқылы беріледі. Қауіпсіздік үшін аудармашы толық картинаны көрмей, тек кейіпкердің бет-жүзін көреді. Бір фильмді аударуға 14 күн уақыт кетеді. Әр картина 5 таспадан тұрады. Мысалы, «Аватар: От пен күл» 15 таспадан тұрды. Бұл шамамен 3 фильммен пара-пар, – деп жауап берді аудармашы Нұрдәулет Затилла.
Қандай туындылар қазақша сөйледі?
Аударма саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мен Disney & Sony студиялары арасындағы әріптестік аясында 2024 жылы 4 туынды қазақ тілінде аударылған:
- «Ойжұмбақ 2»
- «Муфаса. Арыстан патша»
- «Моана 2»
- «Веном. Соңғы би»
Ал 2025 жылы ұйымның жетекшілігімен 5 туынды қазақша сөйледі:
- «Ақшақар»
- «Лило мен Стич»
- «Элио»
- «Аңдар шаһары 2»
- «Аватар: От пен күл»
2026 жылы мынадай фильмдер қазақ тілінде үлкен экранға шықты:
- «Секіргіштер»,
- «Ойыншықтар хикаясы 5»
- «Моана»,
- «Өрмекші адам. Жаңа күн»