Көлікпен саяхаттау: алыс сапарға қалай дайындалу қажет

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Көлікпен саяхаттау соңғы жылдары көпшілік арасында кеңінен танымал бола бастады. Әсіресе жаз мезгілінде адамдар жақын өңірлерге немесе табиғат аясына автокөлікпен жиі аттанады.

Ал сапарыңыз сәтті әрі қауіпсіз өтсін десеңіз, алдын ала дайындыққа мән беріңіз. Мамандар сапар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолға қажетті заттарды дайындап қоюға кеңес береді.

Көлікті алдын ала тексеру қажет

Жолға шығар алдында мотор майының деңгейін, әйнек жуғыш сұйықтықты және салқындатқыш жүйені тексерген дұрыс. Сонымен қатар тежегіш жүйесінің, фарлардың, әйнек сүрткіштердің дұрыс жұмыс істейтініне және дөңгелектердегі ауа қысымына назар аудару қажет.

Мамандар көлікте қосалқы дөңгелектің болуы керектігін айтады. Оны қалай ауыстыруды білмейтін жүргізушілер алдын ала нұсқаулық қарап немесе бейнесабақ жүктеп алғаны жөн. Бұл төтенше жағдайда уақыт жоғалтпауға көмектеседі.

Көліктің жүксалғышында апаттық тоқтау белгісі, жарық қайтаратын кеудеше, өрт сөндіргіш, сорғы, аккумуляторға арналған сымдар, сүйреу арқаны, домкрат және ұсақ жөндеуге арналған құралдар болғаны дұрыс. Бұдан бөлек, ауызсу мен телефон қуаттағыштарын да ұмытпаған жөн.

Дәрі қобдишасына ерекше мән берген дұрыс

Жолға шыққанда дәрі қобдишасының толық болуы аса маңызды. Стандартты көлік қобдишасында алғашқы көмекке қажет кейбір дәрілер болмайды. Сондықтан мамандар ауырсынуды басатын, дене қызуын түсіретін дәрілерді, улануға, аллергия мен күйікке қарсы препараттарды қосымша алып жүруге кеңес береді.

Ал ұзақ сапарға шығатындар жылы киім, көрпе, жеңіл тамақ, көлік нұсқаулығы, құжаттардың электронды көшірмесі, сақтандыру компаниясының байланыс нөмірлері мен қолма-қол ақша дайындап қойғаны жөн. Себебі жол бойында барлық жерде карта арқылы төлем жасау мүмкін бола бермейді.

Жолға алғаш рет шықсаңыз, күрделі бағыт таңдамаңыз

Мамандар алғаш рет ұзақ жолға шығатын жүргізушілерге 2-4 күндік қарапайым бағыттарды таңдауға кеңес береді. Жол бойында жанармай бекеттері, демалыс орындары мен дәмханалары бар бағыттар қауіпсіз әрі ыңғайлы саналады.

Алғашқы сапарда тым ұзақ немесе түнгі жол жүруден бас тартқан дұрыс. Күніне 4-6 сағаттан артық рөлде отырмауға кеңес беріледі. Сондай-ақ бір күнде бірнеше музей аралап, ұзақ серуендеп, тағы басқа көп жоспар құру жүргізушіні де, жолаушыларды да тез шаршатады.

Сарапшылар жол сапарында күтпеген аялдамаларға да уақыт қалдыру керектігін айтады. Кейде жол бойындағы шағын дәмханада түскі ас ішу, көлге шомылу немесе табиғатты тамашалау сапардың ең әсерлі сәтіне айналуы мүмкін.

Навигатор көрсеткен уақытқа қосымша уақыт қосыңыз

Егер навигатор жолға төрт сағат кететінін көрсетсе, оған кемінде тағы бір сағат қосқан дұрыс. Себебі кептеліс, жанармай құю немесе демалу үшін аялдауға уақыт кетеді. Әсіресе жалғыз жүргізуші болса, бұл өте маңызды.

Жолға шығар алдында бағыт бойындағы жанармай бекеттерін, дәмханаларды, ақылы жол учаскелерін және қажет жағдайда қонуға болатын орындарды алдын ала қарап шыққан жөн. Бұл артық әбігерден сақтайды.

Интернет жоғалуы мүмкін

Ұзақ трассаларда, тіпті үлкен қалалардың маңында да байланыс нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан мамандар офлайн карталарды алдын ала жүктеп алуға кеңес береді. Сонымен қатар қонақүйлердің, жанармай бекеттерінің және көрікті орындардың мекенжайларын сақтап қойған дұрыс.

Егер сапар бағыты адам аз қоныстанған аймақтар арқылы өтсе, қағаз картаны да бірге алған жөн. Ал жақын адамдарға сапар жоспарын айтып кеткен қауіпсіздік тұрғысынан маңызды.

Жолаушылардың жайлылығын ұмытпау керек

Егер көлікте балалар, егде жастағы адамдар немесе үй жануарлары болса, бағытты солардың жағдайына қарай жоспарлаған дұрыс. Алдын ала аялдайтын орындарды белгілеп, көлік салонына су, жеңіл тамақ, майлықтар, қуаттағыштар, жастық, көрпе және қажетті дәрілерді дайындап қойған жөн.

Балалармен сапарға шыққанда ойыншықтар, боямақтар, жол ойындары немесе алдын ала жүктелген мультфильмдері бар планшет көмектеседі. Ал жолда жеуге ыңғайлы тағам ретінде жеміс-жидек, көкөніс, печенье немесе жұмсақ қаптамадағы пюре алған ыңғайлы.

Мамандардың айтуынша, жолға дұрыс дайындық жасау – қауіпсіз әрі жайлы сапардың басты кепілі.

Оқи отырыңыз