Жаңалықтар

Көктемде ауа райы қандай болады?

Көктемде ауа райы қандай болады?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.02.2024 17:14 2799

Қазгидромет ел аумағы бойынша наурыз-мамыр айларына арналған маусымдық ауа райы болжамын жариялады,деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Синоптиктердің мәліметінше,  көктемнің бірінші айы наурызда Қазақстанның солтүстік облыстарында кей күндері қыс мезгіліндей суық ауа райы күтіледі. Қар жиі жауып, бұрқасын, көктайғақ пен тұман болады. Бұл күндері температура фоны төмен, түнде 15-25 градус аяз болады деп болжануда.

Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз +2...+7°С-қа дейін көтеріледі. Ал көктемдегідей жылы ауа райы айдың үшінші онкүндігінде білінеді, күндіз термометр бағандары +5...+15°С-қа дейін жетуі мүмкін. Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс оңірлерінде наурыз айы – нағыз көктем айы, бірақ жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі жауады.

Ауа температурасы түнде 0...-10°С-тан +3...+8°С-қа дейін, күндіз 0...+10°С-тан +10...+18°С-қа дейін көтеріледі. Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде қалыпты болады, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.

Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде - нормадан көп, Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде норма шамасында болжанады.

Сәуір және мамыр айларында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады. Ал мамыр айында елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға жуық болады деп болжануда.

Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға жуық болады.  Республиканың солтүстік-батысында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік – шығыс, шығысының таулы аймақтарда нормадан көп болады. Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға