Көкшетауда аяғы ауыр әйелді бұралқы иттер қапқан: құрсақтағы сәбиге қалай әсер етеді?

 Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Көкшетау қаласының Бурабай ықшам ауданында акушердің қабылдауынан шығып, үйіне бара жатқан жүкті әйелді бір үйір бұралқы иттер қауып алған. 

Оқиға кезінде көшеде топ болып жүрген оншақты ит бірнеше әйелге шап берген. Өкінішке қарай, бірнеше аптадан кейін босанатын әйел қаша алмай, иттер оның аяғын қауып алған.

Жәбірленушінің айтуынша, алдымен иттер оның жанында келе жатқан әйелге тап берген, кейін оған қарай ауысқан.

Бізге шамамен оншақты ит жүгірді. Алдымен олар менің жанымда келе жатқан әйелге тап берді, кейін маған қарай ауысты, – дейді әйел.

Абырой болғанда, сол жерден өтіп бара жатқан ер адам иттерді қуып, жараланған әйелге жедел жәрдем шақырып берген.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүкті әйел Көкшетаудағы көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жүгінген. Дәрігерлер оның оң жақ балтырының артқы бетінде ұзындығы 5 см-ге дейін жететін жараны анықтаған.

Мамандар жараны тазалап, таңып берген. Сонымен қатар, құтырудың алдын алу үшін антирабиялық «Рабивакс» вакцинасы, сіреспеге қарсы сарысу және сіреспе мен дифтерияға қарсы АДС-М вакцинасы салынған.

Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйел 8 айлық болғандықтан, оның жағдайы ерекше бақылауға алынған. Енді ол тіркелген емханада тұрақты тексерістен өтіп, вакцинация курсын толық аяқтауы тиіс.

Медицина қызметкерлері мұндай күйзеліс пен жарақат ана мен құрсақтағы балаға қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл маңда бұралқы иттер бұрыннан бар және мұндай жағдайлар алғаш рет болып отырған жоқ.

Оқи отырыңыз