Кофені ең көп тұтынатын елдер анықталды

Кофені ең көп тұтынатын елдер анықталды
Фото: © pixabay.com

Кофе бүгінде әлемнің көптеген елінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Алайда бұл сусынды ең көп тұтынатын мемлекеттер міндетті түрде кофе өндіруші ел болмауы мүмкін. Мәселен, әлемдік нарықта АҚШ пен Германия сияқты елдердің үлесі жоғары болса, кофенің отаны саналатын мемлекеттер де тізімнің алдыңғы қатарынан көрінеді.

2025/2026 маркетингтік жылындағы деректерге сүйенген рейтингке әлемнің 96 елі енген. Мәліметтер АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметінің (USDA Foreign Agricultural Service) және Еуропалық кофе федерациясының есебінен алынған.

Есепте тұтынылған кофе көлемі 60 келілік қаппен өлшеніп, жасыл кофе дәніне шаққандағы мөлшермен берілген. Бұл рейтингте жан басына шаққандағы тұтыну емес, әр елдегі жалпы сұраныс есепке алынған.

Әлемдік кофе нарығында АҚШ көш бастап тұр

Кофені ең көп тұтынатын сегіз елдің үлесіне әлемдік сұраныстың 51,1 пайызы тиесілі. Олардың қатарында АҚШ, Бразилия, Германия, Жапония, Филиппин және Қытай бар.

Рейтингтің көшін АҚШ бастап тұр. Мұнда жылына 25,6 миллион қап кофе тұтынылады. Мұның басты себебі – ел халқының басым бөлігінің кофені тұрақты ішуі. АҚШ Ұлттық кофе қауымдастығының мәліметінше, ересек америкалықтардың 66 пайызы күн сайын кофе ішеді.

Тұтынушылар санының көптігі АҚШ-ты әлемдегі ең ірі кофе импорттаушыға айналдырған. Ал елдің өзінде кофе дәні аса көп өндірілмейді.

Бразилия 22,3 миллион қап көрсеткішімен екінші орында тұр. Ал Африкадағы кофенің ең ірі нарығы саналатын Эфиопияда жылдық тұтыну көлемі 4,5 миллион қапқа жеткен.

Бұл екі елдің ерекшелігі – әрі кофе өндіреді, әрі оны өздері көп тұтынады. Жиналған өнімнің үштен бірінен астамы ішкі нарыққа қалады. Сондықтан олар кофе импортына тәуелді, экономикасы әлдеқайда қуатты бірқатар мемлекеттің алдында тұр.

Азияда кофе тұтыну қарқыны артып келеді

Әлемдегі кофе тұтынудың 23,3 пайызы Азия-Тынық мұхиты аймағына тиесілі. Бұл өңірдің бес елі алғашқы ондыққа енген.

Жапония мен Филиппиннің әрқайсысы әлемдік тұтынудың 3,8 пайызын құрайды. Қытай 3,7 пайыздық көрсеткішпен оларға сәл ғана жол беріп отыр.

Кофе өндіретін ірі мемлекеттер қатарындағы Вьетнам мен Индонезияда да ішкі сұраныстың едәуір бөлігі өз өнімдері есебінен өтеледі. Екі елдің де әлемдік тұтынудағы үлесі 2,8 пайызды құрайды. Ал Филиппин кофе өнімдерінің басым бөлігін шетелден импорттайды.

Бұл елдегі кофе тұтынудың тағы бір ерекшелігі бар: жалпы сұраныстың 94 пайызы еритін кофеге тиесілі. Соның нәтижесінде Филиппин әлемдегі еритін кофені ең көп импорттайтын мемлекетке айналған.

Қытайда да кофе ішу мәдениеті қарқынды дамып келеді. Соңғы он жылда елдегі кофе тұтыну көлемі үш есеге жуық өскен. Жалпы көрсеткіш бойынша Қытай әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Жапонияға жақындап қалды.

Еуропа – кофені ең көп тұтынатын аймақ

Аймақтар арасындағы бәсекеде Еуропа алда келеді. Әлемде тұтынылатын кофенің 31,6 пайызы осы құрлыққа тиесілі. Бұл көрсеткіш 36 елдің жиынтық сұранысы негізінде есептелген. Дегенмен әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына Еуропаның екі-ақ елі енген. Олар – Германия мен Франция. Германияның үлесі 6,4 пайыз болса, Франция 2,9 пайызды құрайды.

Еуропалықтар үшін кофе тек сусын емес, күнделікті тұрмыс пен қарым-қатынас мәдениетінің бір бөлігі. Мәселен, Италияда эспрессо ішу дәстүрі кең тараған. Әдетте көлемі шағын, қою кофені жергілікті дәмханаларда ішеді.

Ал Швецияда кофе ішуге арнайы үзіліс жасау дәстүрі қалыптасқан. «Фика» деп аталатын бұл әдет жұмыс күні кезінде де әріптестермен әңгімелесіп, тынығуға мүмкіндік береді.

Швецияның мысалы кофе тұтыну көрсеткішіне халық саны ғана емес, қалыптасқан тұрмыс салты да әсер ететінін аңғартады. Мәселен, халқы Үндістаннан әлдеқайда аз болғанына қарамастан, Швецияның әлемдік кофе тұтынудағы үлесі 1,1 пайызға жетеді. Ал Үндістанның көрсеткіші – 0,9 пайыз.

Бұл айырмашылық рейтингтің қалай жасалғанына тікелей байланысты. Жалпы тұтыну көлемі бойынша есептегенде халқы көп елдердің басымдығы байқалады. Ал жан басына шаққандағы көрсеткішті негізге алса, кофе ішу дәстүрі қалыптасқан халқы аз мемлекеттер алдыңғы орындарға шығуы мүмкін.

Оқи отырыңыз