Кофе, қайырымдылық, той: қандай аударымдарға салық салынады

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Мәжіліс кулуарында журналистер қаржы вице-министрі Ержан Біржановтан «кофе ақысын төлеу, отбасылық жиындарға ақша жинау немесе қиын жағдайда бір-біріне көмек беру сияқты күнделікті тұрмыстық аударымдар бақылауға алына ма?» деген сауал қойды.

Вице-министрдің айтуынша, бұл тақырып жиі көтеріледі және қоғамда сұрақ көп.

Бұл сұрақ жиі қойылады. Негізі заң аясында барлық ереже бекітілген, оны Ұлттық банк қабылдады. 15 сәуірге дейін банктерден бірінші тоқсан бойынша деректерді аламыз. Белгіленген критерийлерге сәйкес, «қызыл жалаушалар» бойынша банктер мәліметтерді іріктеп, бізге жолдайды, – деді ол.

Оның сөзінше, бұл ақпарат кейін камералдық бақылау аясында қаралады.

Деректер түскеннен кейін біз олармен камералдық бақылау шеңберінде жұмыс істейміз. Қажет болған жағдайда хабарламалар жолдаймыз. Егер салық есептілігі тапсырылса немесе тиісті түсініктеме берілсе, мәселе жабылады, – деп түсіндірді Біржанов.

Сонымен қатар ол тұрмыстық мақсаттағы аударымдардың кәсіпкерлік қызметке жатпайтынын ерекше атап өтті.

Егер сіз кофе немесе түскі ас үшін ақша аударсаңыз, бұл кәсіпкерлік қызметке жатпайды. Мұнда бірнеше критерий бар және олардың барлығы бірдей сәйкес келуі керек. Туған күнге немесе басқа да іс-шараларға ақша жинау да бұл санатқа кірмейді, – деді вице-министр.

Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарға аударымдарға қатысты сұраққа жауап берген Біржанов есепшоттарды нақты ажыратуға кеңес берді.

Жеке кәсіпкердің қызметі мен жеке тұлғаның операцияларын бөлу керек. Егер карта жеке тұлға атына рәсімделсе, тіпті оған туған күн немесе тойға байланысты ақша түссе де, біз оны көреміз, бірақ кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырмаймыз, – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін блогерлерден түскен салық жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар қазақстандықтар неліктен несие көп алатыны туралы да ой қозғадық. 

Оқи отырыңыз