4-11 қазан күндері Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байқасаңыз, балуандардың дзюдогиінде клуб эмблемасы жапсырылған. Әсіресе, шетелдік «Пари Сен-Жермен», қазақстандық Jenys дзюдо клубтарын бірден танисың.
Дзюдода мұндай құбылыс әлдеқашан қалыптаса бастады. Әлемнің бірқатар елінде дзюдошылар тек ұлттық құрама үшін емес, кәсіби клубтардың намысын қорғайды. Кейбір футбол алпауыттарының құрамында дзюдо бөлімі бар. Ал Қазақстанда кейінгі жылдары кәсіби клуб жүйесін қалыптастыруға талпыныс байқалады. Бұл дзюдоны футбол сияқты көрермені көп, коммерциялық тұрғыдан тартымды спортқа айналдыра ала ма? Клубтар не үшін керек? Қазақстанда клубтар арасында тұрақты чемпионат өткізуге бола ма?
Қандай әлемдік клубтар бар?
Дзюдо мен футбол клубтарының байланысын сөз еткенде бірінші кезекте «Пари Сен-Жермен» еске түседі. Париждік клубтағы дзюдо тарихы жаңадан басталған жоқ. «ПСЖ-да» бұған дейін 1992-2002 жылдары дзюдо секциясы болды. Кейіннен, 2017 жылдан бастап, осы спорт түріне көбірек көңіл бөле бастады. Бүгінде PSG Judo клубтың бесінші спорт бөлімі ретінде жұмыс істейді. Оның құрамында жоғары деңгейдегі 21 спортшы бар, оның 10-ы әйелдер. Клубтың жеке доджосы да бар.
Маңыздысы, «ПСЖ» дзюдоны тек медаль үшін ұстап отырған жоқ. Клубтың стратегиясында екі бағыт қатар жүреді. Дзюдоны жоғары жетістік спорты ретінде көтеріп, ел ішінде бұқаралық дзюдоны дамытуды ойлайды. Клуб балаларды дайындауға, жастарды жоғары спортқа тартуға, дзюдоның құндылықтарын насихаттауға басымдық береді. Ал жоғары деңгейге келсек, «ПСЖ» клубы әлемнің үздік спортшыларын жинап, халықаралық жарыстарда бақ сынайды.
Мысалы, 2024 жылғы дзюдодан Еуропа клубтары арасындағы Чемпиондар лигасында «ПСЖ» аралас командамен жеңімпаз атанды. Финалда Белградтың Red Star клубын 4:0 есебімен ұтты. Команда сапында Тедди Ринер, Романе Дикко сияқты әлемге танымал спортшылар өнер көрсетті. Ал 2026 жылғы Еуропа чемпионатында Франция құрамасына «ПСЖ-дан» бес дзюдошы шақырылды. Осы көрсеткіштің өзі клубтың ұлттық құрамамен қатар жоғары деңгейлі спортшыларды дайындайтын маңызды орталыққа айналғанын көрсетеді.
Португалияның «Спортинг» клубында дзюдо бөлімі 1993 жылы құрылған. Бұл клуб бүгінде Еуропадағы танымал дзюдо мектептерінің біріне айналған. Клубтың құрамынан әлем чемпионы Хорхе Фонсека секілді спортшылар шықты. «Спортинг» дзюдодан Еуропа клубтары арасындағы чемпиондар лигасында ерлер арасындағы жекелей сында 2018 және 2019 жылдары жеңіске жеткен. Мұнда клубтың көпсалалы спорт кешенінде дзюдо, бокс, кикбоксинг және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.
Бразилияда да осыған ұқсас модель бар. «Фламенго» клубының дзюдо бөлімі 1954 жылдан бері жұмыс істейді. Клубтың ресми мәліметінше, 2025 жылғы Рио-де-Жанейро дзюдо кубогында «Фламенго» жалпы есепте жеңіске жетіп, 72 медаль алған. Турнирге 131 клубтан 1200-ден астам дзюдошы қатысқан.
Клубтар арасындағы чемпионат
Еуропада дзюдодан Чемпиондар лигасы өтеді. Оған «ПСЖ», «Црвена Звезда», «Галатасарай», «Голден Гори» және тағы басқа клубтар қатысады. 2024 жылғы турнирде 11 француз және басқа да еуропалық клуб бақ сынаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл жарыстың ерекшелігі – командалар арасындағы айқас. Мәселен, бір клубтың бес-алты спортшысы татамиге шығады. Бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Соңында клубтың жалпы есебі анықталады. Бұл жанкүйерге футболдағыдай эмоция сыйлайды.
Түрлі клуб ел ішіндегі чемпионатта бақ сынайтыны тағы бар. Мысалы, Сербияда «Црвена Звезда» дзюдо клубы ұлттық Суперлигада 2025 жылы қатарынан сегізінші рет чемпион атанды. Португалияда да клубтар арасында ұлттық чемпионат бар. 2025 жылғы ерлер арасындағы командалық чемпионатта «Спортинг» финалда 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды.
Қазақстанда мұндай жүйе бар ма?
Елімізде клубтық дзюдоның жарқын мысалы – «Жеңіс» кәсіби дзюдо клубы. Клубтың басты мақсаты – мықты спортшыларды біріктіру ғана емес, балалардан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі тұтас жүйе құру. Клубтың жұмысы халықаралық жарыстарға қатысумен шектелмейді. Жас спортшыларды дайындау, жаттығу жиындарын өткізу, шетелдік құрамаларды Қазақстанға шақыру, халықаралық байланыстарды күшейту сияқты бағыттар қатар жүріп жатыр.
Кәсіби клубтың тағы бір мүмкіндігі – әлемдік деңгейдегі спортшылармен келісімшарт жасау. 2026 жылдың қазан айында Израильдің Олимпиада жүлдегері Раз Хершко JENYS клубымен келісімшартқа отырып, 2028 жылдың соңына дейін клуб атынан өнер көрсететіні хабарланды. Ол JENYS сапында дзюдодан Чемпиондар лигасына қатысады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Десе де дзюдо сарапшысы Жандос Қоныспаевтың айтуынша, посткеңістік елдер көбіне дзюдоны мемлекеттік бағыт арқылы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі арқылы дамуды қолға алған. Ал капиталистік елдерде, Батыста, Еуропада, Америкада, Жапония мен Кореяда жалпы осы клубтық бағытты жақсы дамытқан, жолға қойған. Сарапшының айтуынша, оларда түрлі лига бар, тіпті лигалардың барлығы сол клубтарға негізделген.
Клуб арқылы дамыту – бұл жаңа бір тетік, қосымша бір күш. Тек балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне салып қойған күштен бөлек, жеке компаниялардың, жеке меншік алып өңірлердің де, мыкты компаниялар иелігіндегі осындай клубтарды қаржыландырады. ол қаржы да дамуға өте жақсы ықпал етеді, – дейді Жандос Қоныспаев.
Cарапшының айтуынша, елімізде дзюдо клубтарын дамыту қарқын алып келеді. Астананың өзінде ресми түрде 85 дзюдо клубы жұмыс істейді.
Елімізде дзюдо клубтары ашылып жатыр. Бірнешеуін айттым ғой, Алматыда «Хамза» клубы, «Самали» клубы, Жұмаханов Елдостың клубы бар. Ақтөбедегі Саламат Отарбаевтың, Руслан Ибраевтың, Атыраудағы «Жеңіс» клубтарын атап өтуге болады. Қарағандыда да «Жеңіс» клубы бар. Максим Раковтың «Judo Kids» деген орталығы Теміртауда да жұмыс істейді. Астанада 85 клуб бар. Соның көшбасшылары болып тұрғаны – «Қыран», «Эверест», «Алтай Pro Team», «Қазақ Орда», «Ортус», – деп атап өтті Жандос Қоныспаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Иә, уақыт өткен сайын клубтар күшейіп, аудиториясы кеңейе береді. Сарапшының айтуынша, кішігірім клубтар ата-ананың қолдауымен ғана емес, компанияларды тартуға тырысады.
Клуб мемлекеттің қаржысы емес, жеке қаржыны, тіпті түрлі компанияларды тартудың жолын табады.Біздің елде де қазір капитализм дәуірі келді ғой, қаржы бар. Әр саланың арасында дұрыс жұмыс жүйесін қойса, маркетингтің стратегиясын жасаса, спорттық клубтарды ұстауға болады. Әрине, спортшылар үшін бұл жақсы бір серпін болары сөзсіз, – дейді Жандос Қоныспаев.
«Талантты бала тасада қалмайды»
Қазақстанда дзюдо клубтарының дамуы тек ірі құрылымдарға байланысты емес. Бұл спорттан шыққан белгілі спортшылардың өздері де кейінгі буынға жол ашып келеді. Мысалы, Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Қарағандыда әкесімен бірге дзюдо мектебін ашқан.
Сарапшының айтуынша, дзюдо клубы есебінен спортшының тұрақты базасы пайда болады. Ұлттық құрамаға іріктеу аяқталған соң спортшының күнделікті дайындығын кім қаржыландырады, қайда жаттығады деген мәселе туындамауы керек. Кәсіби клуб осы жұмысты өз мойнына ала алады.
Екіншіден, бәсеке көбейеді. Бір клубтың ішінде мықты спортшылар жиналған кезде олардың арасында ішкі бәсеке қалыптасады. Бір салмақтағы екі спортшының бірі халықаралық турнирге барады, екіншісі оны үнемі қуып жетуге тырысады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Үшіншіден, жас спортшының жолы айқындалады. Кезең-кезеңімен қайда жаттығарын, қай жолмен жүретінін біледі. Осындай жүйе қалыптасса, талантты спортшының жолда жоғалып кету қаупі азаяды.
Төртіншіден, дзюдо коммерциялық спортқа айнала бастайды. Клубқа демеуші келеді. Клубтың формасы, логотипі, әлеуметтік желідегі парақшасы, жанкүйері пайда болады. Спортшы клубтың брендіне айналады. Бұл жерде футболдың тәжірибесі өте маңызды.
Жыл сайын елімізде клубтар арасында чемпионат өтеді. Сол жарыстың арқасында талантты балалар танылып жатыр.
Биыл 5 жыл қатарынан клубтар арасында Қазақстан дзюдо лигасы өтті. Жасөспірімдерден бастап келе жатырмыз. Жоба авторы ретінде айтарым, соның арқасында Астана клубтары қарқынды дамып жатқанын байқадым, – дейді Жандос Қоныспаев.