Жаңалықтар

Қызылордалық студенттер сабын жасауды қолға алды

Студенттер өнімді отандық бренд ретінде танытқысы келеді
Қызылордалық студенттер сабын жасауды қолға алды
24.02.2017 18:22 12413

Жергілікті өсімдіктерді пайдалана отырып, хош иісті сабын жасауды бүгінде қызылордалық студенттер меңгеріп алған. Жастардың қолынан шыққан өнімнің сапасы француз дүкендерінің сөрелеріндегі бағалы хош иісті заттардан кем түспейді. Көздің жауын алатын түрлі-түсті сабындар тұрмыстық қолданыста тұтынуға өте ыңғайлы, иісі жағымды, сыйлық ретінде ұсынуға да ерекше дүние екен.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «органикалық химия» бөлімінде білім алатын жастар сабын қайнату әдісімен бөліскен болатын.

–  Сабынның жасалу әдісі өте қызық. Алдымен өңірімізде өсетін жусан, жиде, жалбыз сияқты өсімдіктерден эфир майларын қажетінше бөліп аламыз. Майларда сабындану реакциясы жүреді. Одан әрі алынған майлар су моншасында немесе микротолқынды пеште балқытылады. Айдау процесі бойынша карболитті бөлу немесе мұнайдың құрамындағы парафиндерді тотықтыру арқылы жоғары май қышқылдары алынады. Одан натрий тұздарын алып, сабынның негізін жасауға болады. Сондай-ақ, эфир майларын этил спиртімен экстракциялап алу тәсілі де бар. Қоспаларды араластыра отырып, спирт сүзіп алынады. Сүзілген спирт қайнаған кезде ауаға ұшып кетеді. Сол кезде қоспалардың ішінде тек эфир майы ғана қалады. Бұл әдістердің ішінде бізге айдау процесі тиімдірек. Алынған сабынның негізіне тағамдық бояғыш заттар тамшылатып қосылады. Сабынға түс беретін де – осы заттар. Яғни, глицеринмен бояғыш қоспаларды араластырған сәтте өзімізге қажетті түсті аламыз. Жасалып жатқан сабынға натрийдің лаурилсульфатын қоссақ, жақсы көпіршитін болады. Содан соң, қоспаны арнайы қалыптарға құйып, дайын сабындар шығарылады, - дейді  1-курс студенті Динара Серікбекқызы.

Жастардың сабын өндіруге деген қызығушылығын арттыруға химия мамандығы бойынша дәріс беретін ұстаздары ықпал еткен.  Қазір әртүрлі пішінде зиянды қоспасы жоқ, табиғи сабын дайындауды қолға алған студенттер өз өнімдерін отандық бренд ретінде танытуды көздеп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға