Бірі «Хәрри Поттердің» үшінші бөлімін аяқтаған, енді бірі Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» оқып жүр. Ал тағы бірінің кітапқа қызығушылығы анасының оқу әдетінен басталған. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының алтыншы сынып оқушылары «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында балалар кітапханасына барып, кітап қорымен және оқырман болу тәртібімен танысты.
Республика күніне орай ұйымдастырылған «Кітапханаға жол» қалалық акциясы елордада 23, 27 және 28 қазанда өтеді. Мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу, кітапханамен таныстырып, демалыста оқитын шығармасын өз бетінше таңдауға көмектесу.
Оқушылар алдымен мектептен шығып, қатарға тізіліп, кітапханаға жаяу барды.
Осы бастама аясында кітапханаға келген гимназия оқушылары қандай шығармалар барын, іздеген кітабын қалай тауып, үйге алып оқуға болатынын білді.
Кітапханашылар балаларға викториналық сұрақтар да дайындаған. Оқушылар сұрақтарға жауап беріп, кітап оқудың маңызы туралы ойларын, өздері оқыған шығармалардан алған әсерлерін бөлісті.
Оқушыларды кітапханаға алып келген ағылшын тілі мұғалімі, 6 «а» сыныбының жетекшісі Альфинұр Абрарова балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін мұндай кездесулердің қажет екенін айтады. Оның сыныбында 24 оқушы бар.
Қазір балалар телефонға көп уақыт бөледі. Сондықтан оларды кітап оқуға ынталандыруға көңіл бөліп жүрміз. Кітапханаға әкелудегі мақсатымыз – осындағы кітаптармен таныстыру. Оқулықтан үзіндісін оқыған шығарманың толық нұсқасын кітапханадан тауып, әрі қарай оқуға болатынын көрсеткіміз келеді, – дейді мұғалім.
Оның айтуынша, мектепте де оқуға баулитын іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Оқушылар «Кітап оқитын ұлт» жобасының платформасына тіркелген. Онда қазақ және шетел жазушыларының қазақ тіліндегі шығармаларын оқуға мүмкіндік бар.
Платформа балаларға бірден ұнады. Түрлі авторлардың туындылары жинақталған. Мектеп кітапханашылары да оқушыларға арнап жиі іс-шара ұйымдастырады. Балалар мектеп кітапханасына барып, өздеріне қажет кітаптарды алып оқиды, – дейді Альфинұр Абрарова.
Оқушылардың кітап таңдау талғамы да, оқу әдеті де әртүрлі. Біріне қиял-ғажайып оқиғалар ұнаса, енді бірі қазақ әдебиетіне қызығады.
6 «а» сынып оқушысы Назым Темірланқызы бастаған кітабын соңына дейін оқуға тырысады. Оның жеке кітап қорында он беске жуық кітап бар.
Жылына үш-төрт кітап оқимын. Әрқайсысын соңына дейін бітіремін. Қиял-ғажайып шығармаларды және қазақ әдебиетін оқығанды жақсы көремін. Соңғы оқыған кітабым – «Хәрри Поттердің» үшінші бөлімі, – дейді Назым.
Ал оның сыныптасы Ару Болат оқыған шығармасынан түйгенін дәптерге түсіруді әдетке айналдырған. Ол көбіне демалыс кезінде кітап оқиды. Жылына шамамен алты кітапты аяқтайды.
Кітапты оқыған соң, түсінгенімді дәптерге жазамын. Қазір Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» оқып жүрмін. Маған күрделілеу шығарма болды. Әзірге жартысына жеттім, – дейді оқушы.
Арудың бұл әдеті кітапты оқып қана қоймай, оның мазмұнына қайта оралып, өз ойын жинақтауға мүмкіндік береді.
Аяру Андас үшін бұл кітапхана бұрыннан таныс. Ол мұнда бірнеше рет келген, ал үйінде кітап оқуға қолайлы орта қалыптасқан.
Бұл кітапханаға бүгін төртінші не бесінші рет келіп отырмын. Жылына төрт-бес кітапты аяқтаймын. Соңғы оқығаным – «Соңғы пайғамбар». Анам кітап оқығанды жақсы көреді, сондықтан үйімізде кітап көп. Мен де жиі оқимын, – дейді Аяру.
Оның сөзінен баланың кітапқа қызығушылығына отбасындағы оқу әдеті де ықпал ететінін байқауға болады. Анасының қолынан кітап көру, үйдегі сөрелерден өзіне ұнаған шығарманы таңдау Аяру үшін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған.
«Кітапханаға жол» акциясында оқушының шығарманы өзі таңдауына мән берілген. Балалар кітаптарды парақтап, алғашқы беттерін оқып, кітапханашыдан кеңес сұрай алады. Шытырман оқиға, фантастика, тарих, ғылыми-танымдық әдебиет арасынан әр оқушы өз қызығушылығына сай туынды таба алады.
Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұсынған мәліметке сәйкес, «Кітап оқитын ұлт» марафоны жарияланғаннан бері кітапханаларға 12 576-дан астам оқырман тіркеліп, қатысушыларға шамамен 31 440 дана кітап берілген.
Акцияның алғашқы кезеңіне алтыншы сынып оқушылары қатысады. Алдағы уақытта оны әр мектеп демалысының алдында немесе демалыс кезінде 1-10-сыныптар арасында өткізу ұсынылып отыр. Оқушылар каникулдан кейін оқыған шығармаларын талқылап, сыныптастарына кітап ұсына алады.