Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеу басталған алғашқы бес күннің ішінде 100 мыңнан астам адам қатысты.
Марафонның ресми платформасында тіркеу 2 қыркүйекте басталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы күндердегі жоғары көрсеткіш азаматтардың кітап оқуға және оқу мәдениетін дамытуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Қатысушылар саны бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Өңірден шамамен 44 мың адам тіркелген. Одан кейін Жетісу облысы – 16 мыңға жуық, Батыс Қазақстан облысы – шамамен 10 мың қатысушымен тұр.
Осылайша, марафонның алғашқы бес күнінде белгіленген нысаналы көрсеткіштің 10 пайыздан астамы орындалды.
Марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Қазіргі таңда қатысушылар саны мынадай:
- «Кітап оқитын мектеп» – 51 148;
- «Кітап оқитын педагог» – 23 435;
- «Кітап оқитын әулет» – 1 716;
- «Кітап оқитын колледж» – 11 061;
- «Кітап оқитын университет» – 4 692;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – 3 181;
- «Кітап оқитын зияткер» – 8 332.
Ең көп қатысушы «Кітап оқитын мектеп» бағытына тіркелген. Бұл санатта 51 мыңнан астам адам бар. Ал педагогтер арасында марафонға 23 мыңнан астам азамат қосылған.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, алғашқы нәтижелер бастамаға деген жоғары қоғамдық қызығушылықты көрсетіп отыр.
«Марафонның алғашқы күндерінен бастап осыншама көп қатысушының басын қосуы біз үшін аса маңызды. Бұл көрсеткіштің артында мектеп оқушылары мен педагогтер, отбасылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер, белсенді оқырмандар және түрлі кәсіби салалардың өкілдері тұр. Бұл кітап оқуға деген қызығушылықтың әртүрлі буын мен өңір тұрғындарын біріктіретінін көрсетеді», – деді ол.
Қатысушыларды тіркеу 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуды білім алудың, зияткерлік дамудың және заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі ретінде насихаттау.
Ұйымдастырушылар мектеп оқушыларын, педагогтерді, студенттерді, отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және кітап оқуды қолдайтын барлық азаматтарды марафонға қатысуға шақырады.