Алматыда болған қайғылы жағдай әлеуметтік желіде кең талқыланып, қоғамда алғашқы медициналық көмек көрсету мәселесін қайта көтерді. 17 мамыр күні Forum Almaty сауда-ойын сауық орталығындағы кинотеатрда 29 жастағы ер адам попкорнға қақалып көз жұмған.
Марқұмның есімі Ғани екені белгілі болды. Ол Түркістан облысының тумасы болған. Туыстары мен жақындарының айтуынша, оқиға кезінде жанында алғашқы көмек көрсете алатын адам болса, оны аман алып қалуға мүмкіндік болар еді.
Оқиға қалай болды?
Куәгерлердің сөзінше, марқұм Ғани есімді азамат киносеанс басталар алдында попкорн сатып алып, фильм көріп отырған. Біраз уақыттан кейін кенеттен қақалып қалған. Алғашында ол жағдайын өзі реттеймін деп ойлаған болуы мүмкін. Кейін дәретханаға барып құсып келген соң, өзін біршама жақсы сезінетінін айтып, қайтадан кинозалға кірген.
Алайда оның жағдайы толық тұрақталмаған. Қасында отырған адамдардың айтуынша, Ғани бірнеше рет «тамағым жыбырлап тұр», «бірнәрсе тұрып қалған сияқты» деп мазасызданған. Біраз уақыттан кейін жағдайы күрт нашарлап, «жүрегім қысылып барады» деген.
Сол сәтте ол сырт киімін жанындағы досына ұстатып, аяқ астынан есінен танып құлаған. Куәгерлер бастапқыда оның жүрегі ұстап қалды деп ойлаған. Залда отырған адамдар жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Өкінішке қарай, дәрігерлер жеткенше ер адам көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем шамамен 15-20 минуттан кейін келген.
Қақалу неге қауіпті?
Дәрігерлердің айтуынша, тамаққа қақалу – өте қауіпті жағдай. Тамақ немесе басқа зат тыныс жолын бітеп қалса, адам ағзасына ауа жетпей, бірнеше минут ішінде ауыр асқынулар туындауы мүмкін. Кей жағдайда адам сөйлей алмай қалады, демі үзіліп, беті көгеруі мүмкін.
Мамандар әсіресе қоғамдық орындарда адамдардың алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білуі өте маңызды екенін айтады. Өйткені мұндай жағдайда санаулы минуттар адам өмірін сақтап қалуы ықтимал.
Дәрігерлер қандай кеңес береді?
Егер адам тамаққа қақалып қалса, мамандар бірден жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.
Қазақстанда жедел жәрдем нөмірі – 103
Сонымен қатар мамандар Геймлих әдісін қолдануды ұсынады. Бұл – қақалып қалған адамның артына тұрып, іш тұсынан қатты қысу арқылы тыныс жолында тұрып қалған затты шығаруға көмектесетін тәсіл.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Көпшілік кинотеатрлар, сауда орталықтары және басқа да қоғамдық орындарда алғашқы көмек көрсетуге дайын қызметкерлер болуы керек деген пікір айтуда. Кей қолданушылар мектептер мен университеттерде алғашқы медициналық көмек сабақтарын көбейту қажет екенін жазып жатыр.
Алматыдағы қайғылы жағдай қарапайым көрінетін қақалудың өзі адам өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін тағы бір рет көрсетті.